27.09.2024, 9:15
Оқылды: 123

«Болашақты ойласақ, бүгіннен бастап қам жасауымыз керек»

Облысқа атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штабтың өкілдері  келді. Штаб мүшелері Оралдағы Достық үйінде этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесті.

ABD677DF-E3DA-4E1B-B5D0-920BE3F891A7

Сурет: freepik.com

Алдымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Ардагерлер кеңесінің төрағасы, республикалық Халықтық штабтың мүшесі, БҚО-ға келген штабтың жетекшісі Бақтықожа Ізмұхамбетов сөз алды. Ол Мемлекет басшысының биылғы халыққа Жолдауынан кейін ел Үкіметінде және әр аймақта жүйелі жұмыс басталғанын атап өтті. Халықтық штаб өкілдері өңірлерде атом энергетикасын дамыту және АЭС салу жайында кездесулер ұйымдастырып жатқанын жеткізді. Ондағы мақсат

– АЭС жөнінде жан-жақты ақпарат беру, тұрғындардың пікірін тыңдау және көкейкесті сауалдарға жауап қайтару. Бақтықожа Салахатдинұлы ел арасында жүрген «Неге газ электр стансасын салмаймыз?» деген сауалға жауап беріп өтті.  

– Қазіргі есеп бойынша елімізде 3 трлн 800 млрд текше метрдей газ бар. Бірақ бұл мұнаймен бірге шығатын газ, былайша айтқанда, ілеспе газ деп аталады. Сондықтан газ шығару үшін әуелі мұнай шығару қажет. Мұнай өндіріп отырған кен орындарының бәрінде қазылатын ұңғымалардың саны, олардың арақашықтығы, тәулігіне әр ұңғымадан (скважинадан) қанша мұнай алу керек екені жоспарланған. Одан артық кен алынбайды. Биыл біз жер астынан 60 млрд текше метрдей газ ала аламыз. Соның бір бөлігі жердің қысымын сақтау үшін жердің астына айдалады. Газдың бір бөлігі шаруашылық жүргізу үшін, яғни кен орнында пайдаланылады. Биыл ішкі пайдалануға 22 млрд текше метр газ бар. Егер осылай есептей берсек, 2025 жылдан бастап газ тапшы болады. Референдумнан кейін АЭС салуға шешім қабылданса, 2034 жылы 89 млрд текше метр газ өндіре алады екенбіз. Оның 24 млрд текше метрі ішкі қажеттіліктерге пайдаланылады. Ал біздің қажеттілігіміз 49 млрд текше метр болады. Яғни 25 млрд текше метр газды сатып аламыз деген сөз. Осы жайтты ескеру керек, – деді штаб жетекшісі.              

Кездесу барысында ҚР Энергетика министрлігі «Ядролық физика институты» ШЖҚ РМК  бас директоры Саябек Сахиев атом электр стансасы жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

– Ақсай қаласында Ядролық физика институтының филиалы бар. Онда 25 адам қызмет етеді. Филиалдағы «Лира» нысандарының құрылғанына 27 жыл толды. Күні бүгінге дейін бұл жерлер қатаң бақылауда тұр. Жерасты сулары, өсімдіктер, ауадағы радиация мөлшері тексеріліп келеді. Жалпы ядролық физика институтының пайда болғанына 67 жыл толды. Қазақтың біртуар азаматтарының бірі, Қазақ КСР Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев кезінде атом энергиясын бейбітшілік мақсатта, яғни өндірісте, ауыл шаруашылығында және медицинада қолдану үшін ядролық физика институтын ашу керек деп жазған болатын. Содан бері институтта 750 шақты адам еңбек етіп жүр. Оның 25-і осы өңірдегі Ақсай филиалында қызметте. 1967 жылдан бері Ядролық физика институтының базасында су-сулы зерттеу реакторы жұмыс істейді. Су-сулы деген екі контурлы дегенді білдіреді. Әлемдегі атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) атом электр стансасы мен зерттеу реакторына бірдей талап қояды.

Сондықтан Алматы қаласынан 20 шақырым жерде су-сулы екі контурлы атом электр стансасы бар деп есептеуге болады. Оның қуаттылығы – 6 мегаватт. МАГАТЭ мамандары 57 жылдан бері бұл жерге ескертіп те, ескертпей де тексеріс жүргізуде. Алайда ешқандай ескерту жасаған жоқ. Бірде-бір оқыс оқиға тіркелмеді. Сондықтан елімізде АЭС салу қауіпті, мамандар тапшы дегеннің бәрі бос сөз. Күні бүгінге дейін қаншама ғалымдар мен инженерлер ауысты. Қазақстан қазірдің өзінде Франция, Германия, Ресей, Түркия және Қырғызстан секілді 5 елге радиоизотоптар экспорттайды. Сонымен қатар Қырғызстанға онкологиялық ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер жібереді. Былтыр МАГАТЭ-нің 67-ші Бас конференциясы аясында Қазақстан мен АЭС үшін кадрлар даярлайтын I2EN Француз консорциумы арасында Кадр даярлау жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл – Францияның 56 атом электр стансасына кадрлар даярлап жүрген жалғыз ұйым.

Референдумда қазақ халқы АЭС салу жөнінде шешім қабылдаса, ол Алматы облысының Үлкен деген ауылында салынады. Алматыдан 380 шақырымдай жерде орналасқан бұл ауыл елдегі электр торабының нақ ортасында орналасқан. Яғни солтүстік пен оңтүстіктің электр қуаты сол жерде тоғысады. Қызылорда мен Жетісу облыстарында, Алматы мен Шымкент қалаларында ел халқының 50 пайызы тұрады. Сондықтан бұл аймақта электр энергиясы тапшы. Ал солтүстіктен электр желісін тарту тым қымбат. Өйткені қашық болған сайын электр энергиясы қымбаттай береді. Ал АЭС салынса, жарық сол жерде өндіріледі. Балқаштың 40 тоннадай суы стансаға бір-ақ рет алынады да, сол су 60-100 жыл бойы жеткілікті болады. Сондай-ақ бір тамшы радиация да көлге түспейді.  Ғылыми тұрғыда айтсам, Балқаштың суы – 180 млрд текше метр. Жыл сайын буланатын, қайтадан суға айналатын  көлемі – 18,9 млрд текше метр. Егер халық қолдап, 2035 жылы АЭС іске қосылатын болса, екі градирняға кететін судың көлемі сол буланатын судың 0,33 пайызын ғана құрайды. Сондықтан станса Балқашты құрғатады, кептіреді, ыссы су құяды, радиация таратады деген қауесет сөз. 1988 жылы физика факультетінде 2-курста оқып жүргенде Ядролық физика институтына бардық. Зерттеу ядролық реакторының жанында Алатау деген шағынаудан болды. Сол кезде онда 5 мыңдай халық тұрған. Қазір шағынаудан ұлғайған, 15 мың тұрғыны бар. Сонда бұл жерде радиация болса, халық не үшін тұрып жатыр? Мәселен,  екі жыл бұрын 50 еріктіге жеке детектор таратқанбыз. Әркім өзінің уақытына сәйкес күніне бір, екі күнде бір, апта мен айына бір келіп тексеріліп, компьютерден нәтижені көріп тұрады. Екі жылдың ішінде радиация деңгейінің нормадан асуы тіркелген жоқ. АЭС-тің қалдықтары да қорқыныш ұялатып жүр. Шындығына келгенде, жылу электр орталығының АЭС-тен айырмашылығы – одан шыққан күлді қайтадан қолдануға болмайды. Мысалы, 1 келі ураннан алынатын энергия 1 млн келі көмір жаққанмен тең. Есесіне көмірден қанша күл қалады, күлдің ішінде қанша радиация бар, ол өртенгенде қанша радиация ауаға ұшады? Ал АЭС-те бір келі уранның 8 пайыздайы ғана пайдаланылады. Қалған 90-92 пайызын қайта-қайта отын ретінде пайдалана беруге болады. Мұндай технологиялар әлемде бар. Жалпы, Ядролық физика институтына келіп, оның жұмысымен танысамыз дегендерге есігіміз ашық. Қазір Алматы облысынан 200-дей, Жетісу облысынан 180-дей адам келіп, танысып жатыр. Сіздерді де шақырамын, – деді Саябек Сахиев.

Келесі кезекте сөз алған ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі, штаб мүшесі Ералы Тоқжанов референдум өткізу жөніндегі Президенттің шешімі – халыққа білдірілген сенім деді.

«Елімізде жыл сайын электр энергиясының тапшылығы 3 пайызға артып отыр. Қазақстан Ресейден 3,4 миллиард кВт/сағат электр энергиясын импорттайды. Ал бұл аз ақша емес. Өмір бойы басқа елге қолымызды жайып отыруға болмайды. Біздің елде ғана АЭС салу мәселесі көтеріліп отыр. Ал басқа елдерде мұндай стансаның бірнешеуі бар. Америкада 96 АЭС жұмыс істейді. Қытайда 56 реактор бар. Қазақстаннан бес есе кіші Францияда 56 АЭС тұр. Ресейде 36 реактор салынған. Бұл елдер де кезінде болашағын ойлап, шешім қабылдады. Сондықтан біздің таңдауымыз жай таңдау емес. Күндердің күнінде қазба байлық азаяды. Болашақты ойласақ, бүгіннен бастап қам жасауымыз керек. Осындай маңызды мәселені бірге талқылап, бірге шешім қабылдағанда ғана мықты ел боламыз», – деді Ералы Тоқжанов.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров айтып өткендей, Мемлекет басшысы 2029 жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімін екі есеге арттыруға тапсырма берді. Егер салыстыратын болсақ, бүгінгі таңда елдің ІЖӨ-і – 260 млрд доллар. Яғни 2029 жылға дейін Қазақстанның дәл осындай екінші экономикасы пайда болуы керек. Қазіргі негізгі проблема – электр энергиясы. Бүгінгі таңда Қазақстан – электр қуатын импорттайтын мемлекет. Жыл сайын сатып алатын 3,4 миллиард кВт/сағат электр энергиясының сомасы 100 млрд теңгеден асады. Бұдан да көп болуы ықтимал. Ал бұл қаржы елдің экономикасынан алынып отыр.

«Қазақстанда үш ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Біреуі Алматыда, екіншісі Курчатов қаласында және үшіншісі Ақтауда. Біздің еліміздің АЭС бойынша үлкен тәжірибесі бар. Атом энергетикасының Қазақстанға қажеттілігі туралы айтсақ, егер мемлекет ғылыми-техникалық прогрестің аясында жүрмесе, онда тарихтан шығып қалады. Себебі бүгінгі таңда атом энергетикасы – дүниежүзіндегі ғылыми-техникалық прогрестің үлкен бір саласы. Сондықтан біз бұл жолда алда жүруіміз қажет. Мысалы, тарихтан екі мысал келтірейін. Елімізде алғашқы шойынжол пайда болған кезде ата-бабамыз одан жасқанған. Ал қазір Қазақстанның экономикасын теміржолсыз елестету мүмкін емес. XIX ғасырдың басында Лондонда луддиттер деген пайда болған. Олар зауыт-фабрикаларға қарсы шығып, станок-машиналардың барлығы адамзаттың өміріне зиян келтіреді деген. Ал қазір дүниежүзінде қанша өндіріс орны бар? Осының барлығы – адамзаттың дамуы барысында жаңа бір бағытты бағындыру керек деген аксиома. Сондықтан, менің ойымша, Қазақстанда АЭС-ке ешқандай балама жоқ. Еліміздің экономикасы дамып бара жатқандықтан, халық саны артқандықтан АЭС керек. 1991 жылдан бастап халық саны 4 млн-ға өсті. Өсу динамикасы өте жоғары. Тұтынатын энергия мөлшері де артады. Су электр стансалары дами береді. Ал жылу электр орталықтарын азайтуымыз керек. Дүниежүзіндегі мемлекеттердің барлығы 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуге шешім қабылдаған. Қазақстан да бұл декларацияға қол қойды. Сондықтан ғылыми-техниканың дамуына, адамзаттың дамуына кедергі келтіре алмаймыз. Оңтүстік Кореяның аумағы – 99 мың шаршы шақырым. Онда 4 атом электр стансасы бар. Жиырмадан астам атом реакторы тұр. Онда бүкіл энергетиканың 30 пайыздан астамын АЭС өндіріп отыр. Ал Батыс Қазақстан облысының аумағы – 151 мың шаршы шақырым. Президент айтқандай, халықтың өзі шешім қабылдайды. Бұл – демократияның бір формасы. Біздің сіздердің орталарыңызға келудегі мақсатымыз – АЭС-тің тиімділігін түсіндіру. Біз ұрпаққа ғылыми-техникалық прогреске жол ашып бере аламыз ба, әлде атомды бағындырмаған елдердің қатарында қаламыз ба?» – деді Ерлан Бияхметұлы.

Кездесуде этномәдени бірлестік өкілдері де ой-пікірлерін білдірді. БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, «Вайнах» шешен-ингуш» этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данилбек Саратов АЭС салудың тиімді екенін, ең бастысы, ел мен жерге қауіпсіз болуы қажеттігін баса айтты. БҚО ҚХА «Жайық-Орал казактарының одағы» қоғамдық этномәдени бірлестігінің төрағасы Вячеслав Солодилов: «АЭС мұнай мен газдың импортына, олардың әлемдік деңгейдегі бағасының ауытқуына тәуелді емес. Атом электр стансасы зауыттар мен кәсіпорындарды электр қуатымен, тұрғындарды тиімді тарифпен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар  мыңдаған азаматқа жұмыс тауып береді. Әр түрлі сала мамандарын бір жерге тоғыстырады. АЭС тек электр қуатын өндіріп қоймай, Қазақстанның халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттігін арттырады. АЭС құрылысы энергетикалық тәуелсіздік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды шешім болып саналады. Бұл – тек экономикалық пайда емес, сонымен бірге болашаққа салынған инвестиция. Мен АЭС салуды құптаймын», – деді.

БҚО ҚХА «Ағайын» қазақ мәдени қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары  Айгүл Биғалиева да пайым-пікірін айтып, Президент бастамасына қолдау білдірді. Кездесуге келгендер штаб мүшелеріне сұрақтарын қойды. Мысалы, зейнеткер Бейімбет Кенесарин АЭС-ті кімдер салатынын және құны қанша болатынын сұрады. Штаб мүшелері, ең алдымен, референдум қорытындысының қандай болатыны, яғни АЭС салына ма, жоқ па, анықталуы керек екенін айтты. Жалпы Франция, Оңтүстік Корея, Ресей және Қытай елдері станса салуға үміттеніп отыр.

*  *  *

Өңірге келген атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штаб мүшелері Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетіне барды. Онда студенттермен кездесіп, АЭС салудың маңызы жөнінде түсіндіріп, сауалдарға жауап берді.

– ҚР Конституциясының 3-бабында «Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады» делінген. Алда өтетін референдум нағыз демократияның және халық билігінің көрінісі болмақ. Оған қоса Президент ең маңызды және ауқымды мәселелер халықпен ақылдасып шешілетінін айтты. Түсіндіру жұмысы барысында халық арасында АЭС-ке қатысты алаңдаушылық бар екенін көріп жүрміз. Шындығында, әлемде 400-ден астам атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біздің елде де атом реактрлары бейбіт мақсатта қолданылады. Атом саласына қажет мамандар бар. Уран сату бойынша әлемде бірінші орындамыз. Сондықтан осындай мүмкіндікті неліктен тиімді пайдаланбаймыз? – деген штаб мүшесі, ҚР Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева жастардың дұрыс шешім қабылдайтынына сенім білдірді.

ҚР Мәжіліс депутаты, штаб мүшесі Нартай Сәрсенғалиев: «Референдумда Қазақстан азаматтары бүгінде кәмелетке толмаған балалар үшін шешім қабылдайды деп ойлаймын. Себебі АЭС болашақ ұрпаққа қажет. Мұны мен емес, ғалымдар айтып жатыр. Қазақ «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген. Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының 70 пайызы көмір стансаларында өндіріледі. Бұл, біріншіден, экологияға зиян. Екіншіден, жылу электр орталықтарының тозығы жеткен. Олардың кейбірінің электр өндіруі былай тұрсын, қыста қаланы жылытуға қауқары жетпей, істен шығып қалғанын білеміз. Жыл  сайын электр энергиясын тұтыну көлемі үш пайызға өсуде», – деген Нартай Аралбайұлы АЭС салуға себеп болатын бірнеше жайтты санамалап өтті.

Сонымен қатар ол АЭС салынатын болса, «Қоғамдық бақылау туралы» заң негізінде оның құрылыс барысын бақылайтын тетік болуы керек деген ойын жеткізді. Депутат ел азаматтарының қажетті шешім қабылдайтынына және бұл шешімнің халықтың болашағына оң әсер ететініне сенім білдірді. Студенттер көкейлеріндегі сұрақтарды қойып, тұшымды жауап алды.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале