15.12.2020, 9:27
Оқылды: 42

«Болашақтың» жетістігі

Жуырда елордада өткен «Қоғам және мемлекет: серіктестік пен дамудың 30 жылы «Birgemiz» атты IX Азаматтық форумында пленарлық сессиясында еліміздің дамуына үлес қосып жүрген үкіметтік емес ұйымдар ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің арнайы сыйақысына ие болды. Аталмыш байқауда Орал қаласындағы «Болашақ» корпоративтік қоры «Жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды.

434E4394-B149-405D-A36C-438222FEFFC9

Айта кетейік, «Болашақ» корпоративтік қоры 2011 жылы өз қызметін бастағалы бері 50-ден астам жобаны жүзеге асырып, 700-ден астам іс-шара өткізген. Ал соңғы үш жылда 10 500 адамды қамтыған 75 іс-шара ұйымдастырыпты. Сондай-ақ өңірдегі әлеуметтік жобаларды іске асыруға белсенді қатысып келеді.

– ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің сыйақысына  ие болғанымызға қуаныштымыз. Байқауға өтінімдер 1 шілде мен 1 қыркүйек аралығында 15 аталым бойынша қабылданған болатын. Бұл жүлде біздің жылдар бойы жасаған еңбегімізге орай берілді деп ойлаймын. Қор жыл сайын жастар арасында «Жыл үздігі» байқауын ұйымдастырып келеді. Байқау аясында үздік жастар көшбасшылары мен түрлі саладағы жас мамандар арнайы аталымдар және сыйлықтармен марапатталды. Байқауды ұйымдастыру аясында облысымыздың үздіктері анықталып, сұранысқа ие мамандықтар мен кәсіп иелерінің еңбектері насихатталды. Соңғы екі жылда конкурсқа 350-ден астам жастар қатысып, оның 38-і жеңімпаз деп танылды және жалпы сомасы 3,5 млн. теңгеге ақшалай сыйлық табысталды. Қор жүйелі түрде облыс жастарына өзекті және қажетті тақырыптар бойынша тегін оқыту семинар-тренингтері мен  курстарын, диалогтік және мотивациялық алаңдар, жастар көшбасшылары үшін тимбилдингтер, зияткерлік сайыстар және спорттық шараларды тегін  өткізіп келеді. Сертификатталған республикалық жаттықтырушыларды тарта отырып өткізілген курстар мен семинарлардың қорытындысы бойынша қатысушылардың біліктіліктері артып, бәсекеге қабілетті болды. Үш жылда оқыту курстары мен семинарларға 1500-ден астам адам қатысты. Жыл сайын өткізілетін байқаулар, оқыту курстары мен семинарлардың нәтижесінде жастар көшбасшылары мен жас басқарушыларының тұрақты жаңартылатын базасы құрылды. Олар мемлекеттік қызметке және бизнес құрылымдарға жұмысқа орналасу үшін ұсынылды. Бүгінде базада тұратындардың 70 пайызға жуығы мансаптық өсуге қол жеткізді. Облысымыздың жастары үшін белгілі  бір медиа және қоғам қайраткерлері, блогерлермен мотивациялық кездесулер ұйымдастыру барысында қор «Bolashak Talks», «Өркениет jaiyq smart ideas club» зияткерлік алаңдарын құрды және тұрақты негізде жұмыс істеп келеді. Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде өңірдің ынталы жастары өздерінің бизнес-идеяларын іске асыра отырып, табыстарға қол жеткізуде, – деді аталмыш қордың жетекшісі Салтанат Тұманбаева. Сондай-ақ аталмыш қор медиафорумдар мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңіріміздің киелі жерлеріне блог-турлар ұйымдастырып келеді.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале