Болат Аткеевпен хабарласпағанымызға көп болған. Алып келіп іздейік. Олай істеуіміздің сойылдай себебі бар. Есін біліп, етегін жапқаннан бергі саналы ғұмырын Қамбар атаның түлігін өсіруге басыбайлы арнап келе жатқан Бөкең наурыз айының 15 жұлдызында асқаралы 60-қа толмақ. Соған байланысты бүгінде Ақжайық ауданында шаруасын дөңгелеткен азаматтың мерейжасына орай мақала жазсақ деген ойымыз болды. Шаруасын шалқытып жүргендер баршылық қой, бірақ Аткеевтей ауылына, ауданына, тіпті басқа жерлерге де көмек қолын созатындар онша көп еместей көрінеді бізге.
Сонымен, Болатпен кездестік. Бөкең сол баяғысы, шалқыта күледі, екі сөзінің біріне әзілін қыстырады. «Сен жөнінде соңғы он шақты жылда ештеңе жазбаппыз, 60-ың келіп қалыпты, газет оқырмандарына атап өтейік...» Аткеевіміз болса, азарда-безер. «Сонда он жылдай уақытта ештеңе бітірмедің бе? Баяғыда біраз мақсат-мұраттарыңды айтып едің, біз оларды газетімізге жазып едік қой. Ол ойлағандарыңыз сіздерге жалынансипатпады ма, сонда?..» «Жоқ-жоқ... шүкір! Қарлығаш екеуміз (жұбайын айтып отыр) ол жылдардағы ойға алған мақсат-армандарымызға жеткендейміз, тфә, тіфә дейін». «Ендеше, қол жеткізгендеріңізді әңгімеле, мұқият тыңдайық». «Жоқ, одан да былай істейік, сонау бір жылы екі күн қасымда жүрдің, сондағы көргендеріңді оқырмандарыңыздың есіне түсіріп қайта жаз, ал мен осы уақытқа дейін не бітіріп, не қойғанымды айтайын». Осылай келістік. Жүйрік ой тізгінін жұлқып, сонау 2014 жылдың қақаған қаңтарында Жәгөрде (Болаттың қысқы орны) өткен екі күнге қарай ала қашты...
* * *
Есіктің сықыр еткенінен оянып кеттім. Тас қараңғы, әуелі, қайда жатқанымды түсінбей, шалқамнан жатқан күйімнен оң жағыма аунай беріп едім, белім, бөксем қақсап қоя берді. Аяқтарым да ағаш болып бүгілмейді. Сонда барып, кеше атқа мінгенім, жалғыз емес Болатпен жылқы қайырғанымыз есіме сап ете түсті. Жан дәрмендеп басымды көтердім. Қасымда жатқан Асылбек пен Тұрарбектердің орындары бос жатыр. Қолға қараған малды жайғауға ерте тұрып кеткен ғой. Ертоқым қажаған бөксем, таралғы үйкеген сирақтарым мен борбайым одан сайын дуылдай жөнелді. Құс жастыққа құлай кеттім. Сыртқа шығып келген Нұрәлі
екен, жастығына жантая беріп, қараңғыда қараңдап мен жаққа қарай бұрылды. Сағат таңғы 6-7-нің шамасы болар дедім. «Нұрәлі, ауа райы қалай?..». «Тұман әлі ашылмаған, қырау кешегіден де қалыңдатқан сияқты» – деді ол есінеп алып. Құрыс-тырысты жаза алмай жатқан менің даусым шығып кетсе керек, Нұрәлі басын жастықтан көтеріп алды. «Аға, бір жеріңіз ауырып жатқан жоқ па?» Нұрестің сұрағынан ұялғаннан «Белім ұйып қалыпты» деп құтылдым. Не дейін, «Құйрығымды ертоқым қажап тастапты» дейін бе?.. Нұрәлі Ақжайық ауданының атақты жылқышысы Болат Аткеевтің баласы. Студент, Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінде малдәрігерлік факультетінің 1-курс студенті. Каникулға келіп жатыр. Ал мен қонып жатқан үй сол Болаттың қыстап жатқан Жәгөр қыстауы. Ағаш болып қақиған аяқтарымды ептеп созып-бүгіп, ұйыған белімді сипап жатып, кешегі оқиғаларды көз алдымнан өткізе бастадым.
* * *
– Ал кеттік, – деді Болат ытырылып тұрған қара айғырдың төгілген жалын тізгінімен қоса қайратты саусақтарымен уыстап, мінуге ыңғайланып жатып. «Кетсек, кеттік» дедім мен де. Бөкең жылқы баққан отыз жылдан астам уақыттан бергі әбден үйреніп қалған әдісімен қара айғырдың арқасына дік қонды. Жалы төгіліп, қырау қонған жүні жылт-жылт еткен әлді айғыр ішін тартқандай ыңқ етті де, бір орында шыр айналды. Ыңқ етпей қайтсін... Бір центнердің үстіндегі Бөкестің салмағына анау-мынау жылқының белі шыдай ма? Бұл кезде Нұрәлі және Тұрарбек пен Асылбек (Бөкестің інілері, жылқыға көмектесіп жүр) үшеулеп мені киіндіріп жатқан. Жұқа, қамқа курткамның сыртынан «тоңып қаласыз» деп түркіменнің қой терісінен сырып тіккен шапанын кигізді. Жүні кере қарыс, терісінің сыртын зерлеп, оюлап тастаған өзі әдемі-ақ. Шапанды сол түркімендер жағынан жылқы алуға келгендер сыйлапты Болатқа. Мол пішілген, өзі зілдей, аяғымның басына түсіп мәлміредім де қалдым. «Қап, енді түркіменнің бөркі болғанда тіпті қатып кететін еді» деп мәз болған Бөкең мені қара айғырымен бір айналып шықты. Маған бұйырғаны жуас жирен болды. Дегенмен, сүйретілген шапанымды жатырқады ма бір шекелей қарап, үзеңгіге аяғымды сала бергенде шегіншектей берді. Нұрәлі аттың басын ұстап, Тұрарбек пен Асылбек екі жағымнан демеп, зілдей шапаныммен «биссімилләй» деп ерге қондырды-ау... Қиыршық қарды қарш-қарш кешіп, Бөкес екеуміз күнбатысқа қарай жорта жөнелдік. Менің жиренім шынында жуас екен, жел кеулеп жалпылдап келе жатқан шапанымның етектеріне анда-санда бір шекелей қарап қойғаны болмаса, тосын мінез таныта қойған жоқ. Ал Бөкестің астындағы қара айғыр ауыздығымен алысып келеді. Кейде арындап алға озып кетеді. Тоқ, күтімі келіскені көрініп тұр. «Мұны «Болат қара» деп атадым. Өзімнің жеке мінетін«служебный» көлігім. Биылғымен алты қар басып тұр. Жүрісі жайлы, мінезді, ойнақтап, ойнақшып тұратын жақсы жылқы да машинадан кем емес. Бұған мінгенде баяғының 24-ші «Волгасына» отырғандай боламын. Жылқыны мәстекпен, қой торымен баға алмайсың.
Қусаң жететін, қашсаң жеткізбейтін осындай ұшқыр, әлді, белді жылқы керек. Мына «Болат қарам», әсіресе, қыста күртік қардан қаймықпайды. Жарып отырады, танк сияқты. Болдырмайды». Бөкес қара айғырдың мақтауын жетістірді. Жиренімді тебініп, шапанымның қос етегі жалпылдап әрең ілесіп келемін. Қыстақтан қозыкөш ұзағанда, ішек-қарыным қолқылдап таңертеңгі кертіп тұрып жеген сіре қазы мен Қарлығаштың күрең шайы кеңірдекке теуіп, мазам қаша бастады. «Әншейінде жылқышылар жөнінде сыртынан мақала жазғанда таңдайың тақылдап кетуші еді...Қалай екен бәлем, жылқы баққан...» деп ішімнен өзімді қайрап келемін.
– Анау-у, созылып жатқан Тайпақ каналы ғой, сенің Тайпағыңа қарай кетіп бара жатқан. Соның арғы жағында бір-екі үйір жылқым жатқан болуы керек, – деп қасқыр аяңмен келе жатқан Болат үзеңгіге шірене тұрып, ертоқымынан құйрық үзе алға қарай ұмсынды. Тұман әлі сейілмеген маңай, сүтке малынғандай мұнартып тұр. Шамамен 6-7 шақырымды артқа тастағанда Болат: «Әне, айттым ғой, жатыр екен, қозғалмай. Бұл «Жас жирен» деген айғырымның үйірі. Осы Қараойдан (жердің аты) көп ұзамайды, үйренген, жерсінген, әрі кетсе, 3-5 шақырымның төңірегінде айналып, тебіндеп жүре береді» деп алға озды. Жондарын қыраубасқан үйір жылқының арасынан қарды бората айырып, бері қарай салған жирен айғыр, басын шұлғып келді де, бұғалық сілтер жерден тұра қалды. Қамыс құлағын төбесіне шаншып тастап бізге оқшия қарады. «Оу, «Жас жирен» танымай қалдың ба, бұл мен ғой, қасымда журналист ағаң бар... Менімен сендер туралы газетіне жазуға келді» деп әлгімен адамша сөйлескен Бөкес қара айғырдың үстінде мол денесі селкілдеп, рақаттана күлді. Жирен айғыр жалт бұрылып, үйіріне қарай салды. «Ұялып қалды» деп Бөкес одан сайын мәз. Осыдан он жыл бұрын (1994 жылы) өзі туралы мақала жазуға келіп, алғаш танысқанымда Болаттың ашық мінезі ұнаған. Сәл нәрсені әзілге айналдыра жөнелетін он жыл бұрын, әлі сол қалпы, сабазың. «Жирен айғырдың» үйірін бір айналып шыққанда Болат оларды санап та үлгерді. Әлгі жылқылар жатқан жерде зират бар екен, әсіресе, ақ тастан соққан зәулім біреуі жақындаған сайын тұманнан айқындала көрініп, назарды еріксіз аударды. Әзілдеп, арқа-жарқа келе жатқан Болат үнсіз қалды. Сәлден кейін: «Мынау апамның зираты» деді даусы біртүрлі бәсең шығып. – Сенің бұл жаққа жиналғаныңа екі жыл болды ғой. Алдыңғы жылы 2-3 қайтара телефон соққаныңда мен жоқ болып, апаммен сөйлесіпсің. Сені мақалаларың арқылы білетін еді... «Журналиспен сөйлестім, сені жазуға келемін» деген деп қуанып отыр екен келсем. Марқұм сенімен кездесе алмады. Осылай қарай келсем, басына барып бет сипамай кетпеймін...
Ақтаудың ақ тасынан хас шеберлерге қашатқан зират аппақ маңаймен астасып, тіршілік түбі мәңгілік тыныштық дегендей мүлгиді. Білгенімізше, іштей күбірлеп, осында жатқан марқұмдарға бет сипадық. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ғой үлкендер. Аяулы апамның басын қарайтуға ештеңе аяған жоқпыз. Балаларынан бір белгі болып қалсын деп, материалдарын Ақтаудан жеткізіп, жобасын сол жақтағы атақты шеберлерге сызғызып, сол мықтылардың өзіне салдырттық. «Болатжаным» деп тілекшім болып отыратын. Ажалға кім қарсы тұрған...». Қараойдан әрі асып, бұрын Мештір аталған елді мекеннің орнына қарай аттарымыздың маңдайын тураладық. Болаттың айтуынша, бұл маңайда тағы бір үйір жатуы керек. Менің жиренім шашадан асатын қардан болдырды ма, тебініп қоймасаң сар желістен аяңға ауыса береді. «Болат қара» баяғы арынынан жаңылмаған. Кейін қалып бара жатқан үйірге қарай жұлқына мойын созып, арқырап қоя берді. «Так-так, ол Жиреннің «семьясы». Олай қарай болмай-й-ды» деп Бөкес қара айғырды мойнынан алақанымен мейірлене қағып қойды. Үйірдегі биелерді талай омыраулаған айғыр дәурені есіне түсіп келе ме, қара айғыр ішін тартып күрсінгендей ме-ау? Каналдың екі езуін жағалай жүгірген қалың шөп пен қамыс-құрақ, жас талдар қарды қалың тұтып қалған. Біз одан қашықтау жүруге тырыстық. Жылқының жас тезегі, қорысы шыққан ойдым-ойдым жерлер жиі-жиі кездесе бастады. «Жылқылар тебіндеп өткен» деді Бөкес әлгі іздерге көз салып жіберіп. «Болат қара» арқырап қоя бергенде Болат: «Е-е, әне жатыр ғой, жануарлар» деп тұман тұтқан каналдың жағасына қарай мойын созды. Үйірді аяңдап айналған Болат оларды мұқият тексерді. Әрі қарай кеттік. Біз қыстақтан түс ауа шыққанбыз. Тұман торлаған айналаға кешкілік иелік ете бастапты. Осы кезде Болат «Ана қара!» деп айқайлап жіберді. Ол меңзеген жаққа жалт қарасам да, ештеңені байқай алмадым. «Болат қара» ытырыла жөнелді. Тұяғынан атылған қар кесектері түркімен шапанымның омырауына тарс-тарс тиіп, мен де соңынан салдым. Сәлден кейін каналға қарай сорғалап бара жатқан бозғылт ноқатқа көзім түсті. «Айтақ, айтақ, хайт-хайт» деген Болаттың даусы каналдың бойын жаңғыртты. Қасқыр ма, қарсақ па, тіпті қоян ба, айыра алмадым, шауып келемін. «Болат қара» әлгіні канал жақтағықалыңға жібермеуге тырысты. Мен де кесе шаптым. Жел кеулеген түркімен шапаным одан әрі далиып, жиреннің қос қапталын ұрғылап, далпылдап келеді. «Қайтар, қайтар» деген Болаттың даусы құлаққа жетті. Жаны қысылған әлгі ноқат қалың тал мен қамыстың арасына ағып барып кірді де, көзден ғайып болды. «Болат қара» да қасат қарды қақ айыра боран тұрғызып жетіп-ақ қалып еді, қалың тал мен құрақ қамысқа омыраулай килігіп, кептеліп қалды. Қара айғырының арынын баса алмай жүрген Бөкеске жиренді тепеңдетіп зорға жеттім. «Қасқыр ма, қарсақ па, жетіп-ақ, қалып едік, қап...» деймін мен, жау кеткен соң қылышты боққа шауып, ұялғаннан тек тұрмай. Бөкес мәз. «Есақа, көзім бір түсіп кеткенде көргенім, шапаның парашют сияқты гуілдеп келеді екен... Қасқырдың зәресі ұшты-ау деймін, одан сайын зытты... Әйтпесе, менің қара айғырым оны аттатпайтын еді. Өй, шіркін-ай, не болса, ол болсын... Қасқырдың зәресін ұшырдыңыз... Жаңақаланың қырынан бір-ақ шыққан шығар... Енді қайтып бұл жаққа жоламайды...». Екеуміз қосыла күлгенде аттан аударылып түсе жаздадық. Қас қарайып бара жатқасын үйге қайттық. «Үйірдің айғыры мықты болса, бір-екі қасқырды жолатпайды. Баяғыда бір торы айғырым болды» дейді Бөкес қасқырдың төңірегінен әңгіме қозғап. «Осындай қыс мезгілі, онда Сәмен деген қыстаудамын. Осы Жәгөрден отыз шақырымдай жерде. Совхоздың 400-дей жылқысын бағамын. Кештетіп үйіріме келсем, жылқыларым қатты терлеген, үстерінің буы бұрқырап, әлденеге елеңдеп тұр. Ақ көбігі шыққан торы айғырым, танаулап шауып жүр. Мені көргенде «қайда жүрсің?» дегендей кісінеп қоя берді. Сөйтсем, іздерінен айырдым, үйірге екі қасқыр шауыпты. Торы айғыр үйірді иіріп қойып, айнала шауып, әлгілерді жолатпаған. Айнала шапқан ізі тропинка (өз сөзі) жасап тастапты. Мықты айғырлар бар ғой, үйірін адамдай бағатын... Ымырт әбден үйірілгенде Жәгөрге жеттік. Бөкесті білмеймін, ал өзім қыстақтың іргесіне келіп жиреннен сүйретіліп, әрең түстім...
* * *
Ертеңгілік шайымызды ішіп бола бергенде, «Ассалаумағалейкүм» деп үстімізге үш азамат кіріп келді. Алыстан келе жатқандары көрініп тұр. Бөкес оларды дастарқанға шақырды. Қарлығаштың құманы отқа қайта қонақтап, сіре қазылар қайта туралды. Ортада тұрған жылқының салқын еті қайтадан үстемеленді. Жаңақаланың Бірлігінің жігіттері екен, екі үйір жылқылары жоғалған, соны іздей шыққан. Жасырып қайтеміз, «Жігіттер тоңып қалған боларсыңдар» деп Бөкес өзі арақ-шарапты татып алмаса да, «қасқырдың сорпасын» алдыртты. Мен де «ораза» едім. Жоқ іздеушілер тап бір бәлсіне қойған жоқ... Жігіттерді шайлап, аттандырып салғасын Бөкес екеуміздің шаруамызға ойысты.
– Бүгін, – деді ол. – Сакурский каналының арғы жағында жатқан үйірлерді көреміз. Жылқыларымның нобайы сол жақта. Осы жерден онша алыс емес. Кеше салт атпен араласақ, бүгін «современный» қара айғырмен жортамыз. «Современный қара айғыры» – сүліктей қара «Джип» еді. Мен қуанып кеттім... Қуанбай қайтейін, кеше жиреннен әрең түстім ғой... Оны Бөкес те түсінсе керек. Жәгөрден шыға бергенде, көлігінің маңдайын әудем жердегі қораға туралады.
– Біз, адамдар евроүлгімен салған үйде тұрғымыз келеді. Мен де оның біреуін әнекей салып қойдым (расында да, өткен жазда Бөкесбес бөлмелі (қонақ бөлмесінің өзі 72 шаршы метр) евроүлгімен жаңа үй салып алған). Жылқыларымның арқасында. Содан бір күні ойланайын жылқыларым да неге сондай үйде тұрмайды деп. Міне, енді сондай қораны өткен жазда салып қойдым. Алдағы жазда қақпаларын қондыру ғана қалды. Болат әзілдеп отырған болар десем, шыны екен. Жұрт коттедж салатын Маңғыстаудың нән кірпішінен айлапат қора соғыпты. Қырауытқан терезелеріне дейін пластиктен салынған. Айналып шықтым, ені мен ұзындығы 100 де 100 метр екен, ашық ауласын қосқанда. Тура 26 терезе санадым, бәрі пластик. Төбесіне қарағай төселіп, қарақағазбен, қамыспен қымталыпты, сосын барып профлистпен жабылған. Іші шағын бөлмелерге бөлінген. «Биелердің «роддомы», құлыншақтарымен тұратын жекежеке «палаталары» дейді Бөкес баяғы әзілдеуінен танбай.
Сакурский каналынан әрі асқанда тебіндеп жүрген он шақты жабағы, тай, құнан кездесті. «Сатуға дайын жылқылар, қыстаққа жақын ұстаймыз». Одан әрі асқанда тағы бір үйір жылқы алдымыздан шықты. «Қашқынбай» деген айғырымның үйірі» деді Болат. «Неге Қашқынбай аталған?» «Тай күнінде керім қашақ болып, анда-мында қаша бергесін сен, Қашқынбай боласың дедім. Кейін қашуын қойды, құлындарына әке болды, өз үйірі бар.
Сосын атты жәйдан-жай қоймайсың, жылқының мінезіне қарай қоясың. Мысалы, «Шашпа қара» деген айғырым бар. Әуелі үйіріне ие бола алмай жүрді. «Қарамасаң әйел, бақпасаң мал кетеді» демейтін бе еді. Сол айтқандай, биелері де басқа айғырлармен «көңіл қосып» қойып, құлындары да пышырап анда-мында жүретін болды. Бірдеңеден үркеме екен, әйтеуір, үйірін шашып ала берді. «Шашпа қара» деп атап, үйірін қайта-қайта жинап бердім. Содан әйтеуір үйір болып кетті-ау». Тағы бір екі шақырымдай жерді артқа тастағанымызда, тебіндеп жатқан үйірдің үстінен шықтық. «Қасқа айғырдың үйірі» дейді Болат. Одан әрі асқанымызда, тағы бір үйір тебіндеп жатты. Иір мойнын жалы түгел жапқан жирен үйірден бөлініп, бізді «елмісіңдер, жаумысыңдар?» дегендей айбат шегіп қарсы алды. Бағанадан байқап келе жатқаным, үйір жылқылар бізді үркектеп қарсы алады.
Оның себебін сұрадым. – Жылқы да адам сияқты, өзін баққан адамын таниды. Мен қалың қарда үйдегі ақ «Нивамен» аралаймын табындарды. Жылқылар оған үйренген. Бүгін қара машинамен келгесін жатырқап жатыр ғой. Ал «Болат қарамен» келсем, тіптен тырп етпейді» деді байсалды дауыспен Болат. Бұл – Үлкен Жирен аталатын айғырдың үйірі.
Осы сәтте мен күтпеген жағдай болды. Ақ қардың үстінде тәлтіректеп енесіне ілескен құлынды көргенде, өз көзіме өзім сенбедім. «Әне, тағы бір құлын» деді Болат мені одан сайын таңғалдырып. Ақ қардың үстінде бұйыға дөңгеленіп, сірә, ұйықтап кеткен болуы керек, тағы бір құлын қараяды. Оны енесі алдыңғы аяғымен тарпып жатыр. «Анау баласын теуіп жатыр ғой» деп мен айқайлап жібердім. «Жоқ, теуіп жатқан жоқ, енесі «тұр! тұр!» деп үйірден қалып қоймауы үшін құлынын оятып жатыр». Расында да, машинадан үрікті ме, үйір үдере бастаған еді. Енесінің тарпуымен оянған құлын орнынан қарғып тұрды да, сол енесінің бауырында құлдыраңдап жөнелді. Үйірдің қос қапталына кезек шығып, ең соңында Үлкен жирен айғыр кетіп барады. Жануар үйірін қорғап барады...
«Ақ қардың үстінде жатқан құлынға салқын тимей ме?». «Жоқ, тимейді, олардың денесінің қызуы күшті болады, анау-мынау суыққа қайғырмайды. Сосын жылқы құлынын жаламайды ғой, қызуымен өзі кебеді». Құлындарды енелерімен жылы қораға алдыратын болып шешті Болат. Әрі қарай кетіп, Қамыс құлақтың, Диастың, Қозы күреңнің үйірлерін орындарынан таптық.
Диастың үйірінде тағы бір құлын тұяқтарын әптер-тәптер тастап, енесіне ілесіп жүр. Қалмайды. «Түнде туған ғой» деді Болат.
Үйірлердің аралары қозыкөш, әрі кеткенде 3-4 шақырым қашықтықта жатыр. «Бұлар қосылып, неге бірге тебіндемейді?» деймін мен. «Айғырлары біреуін де шашау шығармайды, қоспайды. Сосын құлындарын айғырлар уақыты келгенде «қыздарын» сен тұрмысқа шық, «ер балаларын» сен үйлен, бөлек шық деп үйірден шығарып жібереді. Тілі жоқ демесең, адам сияқты ғой жануарлар. Ата-бабамыз «Адам жылқы мінезді» деп тегін айтпаса керек».
Тағы бір 2-3 шақырымды артқа тастағанда Болат: «Енді Қарлығаштың жылқыларының үйірін көздеп қайтайық» деді (Бөкестің жан жарының «Құлагер» шаруа қожалығы бар, ал өзінікі «Жамбыл» шаруа қожалығы деп аталады. Екеуінде бүгінде 1300 бастың үстінде асыл тұқымды жылқы өсіп жатыр). «Міне, Қара айғырдың үйірі. Ол құлын кезінде жетім қалып, Қарлығаш сиырдың сүтін беріп, балаша мәпелеп, өзі өсірді. Өскесін алдына үйір салып, «бөлек шығардық». Қазір 8 жаста, мынауский айғыр» деді ол. Біз сол күні Сакурский каналы жағындағы үйірлердің біразын көздеп қайттық. Жылқылар қыстан соғылмаған, қоңды.
* * *
Болат Аткеев жылқышылыққа қалай келген? Ол – Казталовтың Березин ауылының тумасы. Әскерден борышын өтеп, елге келіп екі қолын қайда қоярға білмей жүргенде, Жайықтың бойындағы Ақсуаттан (ол кезде Батурин совхозы) Құбайдолла жездесі келе қалады. Жиналыс болса, атақты жылқышы Сасықбаев деп аты аталмай қалмайтын, дүрілдеп тұрған кезі. Көзін ашқаннан жылқы соңында келе жатқан Құбекең әңгімесіне жылқы араластырмаса, ішкен асы бойына тарамайтындай, екі сөзінің бірінде жылқы жүретін жан. Салған жерден: «Әй, балдыз, осы айғырлық құрғаның жетер! Менің қасыма кел, көмекші боласың. Қымыз ішіп, қырсық буып, қызға қырындайсың. Ақсуатта Березиннің қыздарын он орап алатын, аймаңдай арулар жетеді. Шетінен шертіп жүріп таңдаймыз» деп елітіп, еліктіріп еркіне қоймады. Сөйтіп, Бөкес жездесіне көмекші жылқышы болып, еңбек жолын бастапты, өткен ғасырдың 84-ші жылы. Жездесінің айтқаны айдай келіп, «қымыз ішіп, қырсық буып» жүргенде Қарлығашты көреді. Көреді де, жылқышының жүрегіне от түседі. Бұл күнде жылқышылардың жанұясында алтын асықтай Нұрәлі (студент) мен Нұрдәулет (7-сыныпта оқиды) өсіп келеді. «Нұрәлім оқуын бітірсін, Нұрдәулетіміз де ағасына көмекшілікке жарар. Амандық болса, құрығымызды оларға табыстамақпыз» деп армандайды ерлі-зайыпты жылқышылар.
* * *
Енді бүгінгі әңгімемізге оралайық. Сол жылдардағы Бөкеңнің «мейрамхана салсам...» деген арманы орындалған. 300 орындық шатхана бүгінде жұмыс істеп тұр. «Оны «Құлагер» деп атаймын» деп армандап еді бір кезде Болат. Сол «Құлагер» бүгінде қонақтардан арылмайды. Аткеев қазірде жиырмаға жуық адамға жұмыс тауып беріп отыр. Бөкес ауданда көкпаршылар командасын құрды, оларға аттар беріп, ертоқым әбзелдерден көмектесті. Қазір ол команда Болаттың демеушілігімен түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, Ақжайық ауданының мерейін үстеп тұр. Балаларға ат спортының үйірмесін ашып, онда 40 жеткіншекті төрт жаттықтырушы үйретіп жатыр. Болат өзінің туған ауданын, Березин ауылын да ұмытпай, олардың спортшы жастарын демеп отырады. Аудан орталығындағы, Ақсуат ауылындағы мешіттердің құрылысына қаржылай көмек құйды. Бүгінде ауданның мақтанышына айналған Ж. Молдағалиевтің мұражайының құрылысында да Болаттың қосқан үлесі өз алдына. «Аға, көрсетіп жатқан көмектеріміз көп, оның қайсыбірін айтайық.
Оның үстіне жазып жүрмегесін, қапелімде есіме түсіре алмай жатырмын...» дейді жылқышының жары Қарлығаш. Дүниежүзін дүрліктірген тәжді тажал Ақжайық ауданын да айналып өтпегені белгілі. Сол кезде Аткеевтер аудандық ауруханаға жасанды демалдыру аппараттарын алып беріп, талай адамның өмірін сақтап қалуға себепші болды. Көпбалалы жанұяларды қамқорлау, мектептерге қол ұшын берулері дәстүрге айналған. Бұлардың сыртында жоқ-жітікті жандарға да көмек қолын созу ерлі-зайыптылардың қанына сіңген бе дейсің. Айтпақшы, Бөкең жыл сайын 50 адамды «Орал өңірі» газетіне жаздырып отырады.
Біз барған сонау кездегі қос ұлы Нұрәлі мен Нұрдәулет бүгінде ержетіп, жоғары оқу орындарын бітіріп, азамат болған. Нұрәлі үйленіп, ата-анасына немерелер сүйдірді. Қазір екеуі де қожалықтың шаруасын жүргізуде. Бір кезде тек жылқымен шектеліп қалмай, ірі қара өсірсек деуші еді Болат пен Қарлығаш.
Ол мақсат та орындалып, асыл тұқымды сиыр басы жыл сайын өсіп, бұзауымен 700 бастай болған. Ал енді осы арада саналы ғұмырының 40 жылдан астамын еңбекке арнап, Ақжайықтың мақтанышына айналған Болат Аткеевтің марапаты бар ма, деген сұрақтың шеті қылтиюы мүмкін. Бар. Бар болғанда, баяғыда-а-а «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Соны Бөкең әлі күнге дейін «еңбегімнің еленгені» деп мақтан тұтады...
Есенжол Қыстаубаев,
zhaikpress.kz