8.02.2024, 11:00
Оқылды: 70

Болмысы бөлек болат дос

Қазақта дос, тұлға, азамат деген қадірлі сөздер бар. Тарих тұңғиығына терең бойлаған сайын Ұлы дала заңдары тек достық пен бауырластыққа негізделгенін байқайсыз. Байырғы түркі бабаларымыз достық туралы көп сөзден достық пейілді бір істі артық көрген. Асылы, көріп-біліп жүргеніміздей тағдыр табыстырған тұлғалардың досқа, туысқа айналары кәміл. Сол бабаларымыздың ұстанымына құлақ түрсек, достыққа адал адамдарға құрмет көрсетуден асқан абырой жоқ.

c3ce207c-a3bd-47f7-90a1-65231c08dfbb

Білімімен, біліктілігімен елге қызмет еткен, жастар тәрбиесіне үлес қосқан, ке-йінгіге үлгі болар жанды Тұлға деп танимыз. «Азамат сені сақтадым, бір ісіме керек деп» деп жігіттің төресін де халық құрметтей білген.

Демек, байлықтан артық достық бар, достықтан артық байлық жоқ! Олай болса, табын-табын малыңмен емес, қатар-қатар қосыңмен емес, ақ-адал досыңмен мақтанғанға не жетсін?! Осы ұғымдар үдесіне сай сегіз қырлы, бір сырлы Болат досымыз туралы бірер ой өрмекпіз...

Болат Өтеғалиұлы Жексенғалиев бар саналы ғұмырында шәкірт тәрбиелеп, тіл мүддесін ту етіп, қоғамдық-саяси қызметпен айналысып келеді. Ол – ұлтжанды азамат. Ұлттық мемлекеттілік үшін күрескен Күнбатыс Алаш орда көсемдерінің бүгінгі жалғасы. Ұлтшылдық – өз тіліңді сүю, туған тарихыңды біліп, өзгені де құрметтеу. Кезінде Ғабиден Мұстафин «Біз ұлтшылдықпен күресіп едік, енді сендер ұлтсыздықпен күресіңдер» деп еді. Ұлтсыздық дендеген, тамырына құрт түскен, рухани мешеулермен күресе жүріп, санасын оятуды, көзін ашуды Бәкең өзіне міндет қылып алған секілді.

Өмір жолына көз жүгіртсек Б. Жексенғалиев – А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының 1986 жылғы түлегі. 1986-1989 жылдары Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Тасқұдық орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен. Кейін арнайы шақырумен бір кезде өзі білім алған білім ордасына оралып, 1990-2003 жылдары қазақ тілі кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы болып еңбек етеді. 2003-2012 жылдары БҚО Тілдерді дамыту басқармасы «Ағартушы» мемлекеттік тілді оқыту орталығы МКК директоры, 2012-2016 жылдары БҚО әкімдігі «Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және мемлекеттік тілді оқыту орталығы» МКҚК әдістеме бөлімінің басшысы болып қызмет атқарады. Ал 2016-2017 жылдары БҚО әкімдігі «Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және мемлекеттік тілді оқыту орталығы» МКҚК директоры, 2017-2019 жылдары ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының БҚО бойынша филиалы директорының орынбасары, 2019-2020 жылдары ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының БҚО бойынша филиалының аға оқытушысы, 2020 жылы қыркүйек айынан бастап Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің  доценті болып қызмет етті. 2022 жылы халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыру және кадр бөлімнің басшысы (Астана қ.) болса, ал 2023 жылы қазан айынан бастап күні бүгінге дейін халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының кеңесші-сарапшысы.

Бәкең бірінші кезекте республика жұртшылығына шын мәніндегі ана тіліміздің жанашыры, тіл білімінің білгірі, оның ішінде дыбыс жүйесін зерттейтін фонетика саласының белді маманы, ғалым ретінде танымал. Оған ғалым-практиктің «Төл пән сөздерді қалыптастырудағы игі дәстүр туралы» (Қазақ тілінің дыбыстық жүйесі терминдерінің жасалу, қалыптасу тәжірибесінен), «Қазақ тілінің басты заңы – үндесім», «Қазақ тілін оқытудың педагогикалық-әдістемелік негіздері мен жаңа технологиясы», «Сингармонизм ұғымын түсіндірудегі ой-пікірлер эволюциясы», «Бүгінгі және болашақ қазақ әліпбиі туралы», «Тілге жанашырлық, тілге сусау немесе профессор С.Шарабасовтың тіл мәдениеті туралы ой-пікірлері», «Ұлттық әліпби – тіл тәуелсіздігі мен тіл тазалығының кепілі», «Ұлттық әліпби – ұлттық тілдің тірегі» және басқа да ғылыми еңбектері, мақалалары бірден-бір дәлел.

Қазақ қоғамында соңғы төрт-бес жылда латын жазуына негізделген жаңа қазақ әліпбиін қабылдау, емле-ережелердегі олқылықтар мәселесінде республика деңгейінде болған қызу айтыс-тартыс, ғылыми пікірталастарда біздің Бәкең айрықша біліктілігімен, тұжырымды ойларымен рухани күрестің бел ортасында жүрді. 2017 жылдардан бастап ұсынылған шала-жансар әліпби нұсқаларының қабылданып кетпеуі үшін, ана тілдің мүддесі үшін бел шешіп күресті.

Болат Өтеғалиұлы әркез Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл болса, оның законы боларға керек. Законы болса, оның ғылымы боларға керек» деген дәлелді қисындарына сүйенеді. Турасын айтсақ, қазіргі кезде тілші-ғалымдар аузында жүрген А. Байтұрсынұлының осы бір аталы сөзі тіл саласында қордаланып қалған көптеген мәселені қалай шешу керектігін көрсетіп-ақ тұрғанын атап көрсетеді: «Басқасын айтпағанда тіл үйретуде қашаннан маңызды болған оқу, жазу нормаларымызға тірек болар тілдің басты заңына назар аудармай отырғанымыз қалай? Дыбыс пен әріпті, буын мен тасымалды, сөз екпіні мен үндесімді, сөйлеу ережесі мен жазу ережесін ажырата алмай келгеніміз бұған дәлел. Ахметше айтқанда «түрлі жаздырып, бала жанын қинап» жүрміз.

Мысалы: аю, буу, қуа, кие, байиды және басқа да сөздерді оқушылар буынға қалай бөледі?

Тілімізде қанша дыбыс бар екендігі туралы оқулықтарда әр түрлі айтылып жүр. Осыны көрген кейбір әріптестеріміз «Фонетикалық жүйеміз неге ала-құла?» деп мәселе көтеруде... Фонетикалық жүйесі ала-құла, қалыптаспаған тіл болуы мүмкін емес. «Асыл тіл, түзу емле қазақта боларға тиіс» деп А. Байтұрсынұлы 1913 жылы айтқан еді. Өйткені басқа түрік тілдерімен салыстырғанда қазақ тілі – таза, табиғи қалпын сақтап қалған тіл. Ғасырлар бойы тіліміздің ата заңы оны жат тілдердің ықпалынан қорғап келді. Оған куә – тіліміздегі төл сөздей болып кеткен мыңдаған кірме сөз (жәшік, көшір, болыс, ақыл, қалам, әріп, т. б.). Әңгіме дыбыстық жүйені қалай көрсетіп жүрміз, қалай түсіндіріп жүрміз, осы туралы болуы керек» дейді. Тайға таңба басқандай анық ой емес пе?!

Демек, ұлттық әліпби – тіл тәуелсіздігі мен тіл тазалығының кепілі десек, Болат Өтеғали-ұлы қазақ жазуы реформасының басты мақсатын тiлдiң табиғи заңдылығы үндеcімге негiзделген, туған тiлдi өзге тiлдер ықпалынан қорғайтын ұлттық әлiпби қалыптастыру тұрғысында түсінеді. Басты мәселе күнi бүгiнге дейiн тiлiмiзде қолданылып келген қосамжар орфографияға, емле жүйемiздегi тiл бұзар жат тiлдiк ережелерге қатысты болып отырғаны белгілі. Тiлiмiздегi осы «тiл бұзар ережелерден» тек жазу әрпiн ауыстыру арқылы ғана емес, тұтас жазу нормалары мен қағидаттарына қатысты қалыптасқан көзқарастан арылу арқылы ғана құтыла алатынымыз анық. Тiл табиғи болмысын сақтау үшiн, өзге тiлдiң ықпалына түспей, өз заңымен өмiр cүpyi керек. Сондықтан да тілші-ғалым Болат Өтеғалиұлы жаңа қазақ әлiпбиi қазақ тiлi реформасына бастау бола алатын ұлттық әліпбиге айналуы керек деп есептейді. Ең алдымен, қазіргі қазақ жазуына, оның емлесіне өзгерістердің сөзсіз қажеттігі туралы ортақ пікірге келіп алу қажет. «Ең бастысы – қазіргі қолданыстағы жазудың, кириллицаның қазақ тілінің табиғаты мен бітім-болмысына үлкен зиян келтіріп отырғанын мойындау» дейді. Орыс жазуымен бірге тілімізге жаңа, жат тілдік ережелер мен нормалар келді. «Жазуды тілге қарай ыңғайлау» (А. Байтұрсынұлы)
қағидасы ұмыт қалып, тілі-мізді жазуға қарай бұрып сөйлеуге дағдыланған бірнеше ұрпақ өсіп шықты. Қазіргі қазақ жазуының басты міні – кириллицаға ғана емес, тұтас орыс тілінің тілдік нормаларына негізделгенінде. «Орыс тілінен енген сөздердің тұлғасы сақталып, орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады» деген ережемен бірге қазақ тіліне орыс тілінің орфографиялық, орфоэпиялық заңдылықтары қоса келіп, бұл нормалар кірме сөздердің ғана емес, төл сөздеріміздің де айтылуы мен жазылуына ықпал етіп отыр. Жат тілдің әсері, әсіресе, сөйлеу тілімізде анық байқалады. Бір кезде шешендігімен, сөйлеу өнерімен Еуропа ғалымдарын таңқалдырған халқымыздың бүгінде өзінің сөйлеу мәнерінен жаңылып қалғаны жөнінде ғалымдар айтып та, жазып жүргені мәлім.

Болат Өтеғалиұлы лингвист ғалым ретінде жазу жүйемізде орын алған қателіктерді жан-тәнімен түсініп, үлкенге де, кішіге де дәлелдеп, көрсетуден талмайды. Ол «Жазуға бола тілге қиянат жасағанымыздың зардабын енді тартудамыз. Қазақтардың орыс тілінде таза, акцентсіз сөйлеуінің негізгі себебі де осында. Керек десеңіз, жаттілдік норманы өз сөзімізден өзіміз байқамайтын күйге жеттік. Акцентуация нормасымен екпін түсіріп сөйлеу (Алматы, барамын, Дана, озат), жат дыбыстармен ауыстырып айту, жат әріптермен ауыстырып жазу (Айгуль, Анара, Умит, озен, бахыт т. б.) әдетке айналды» дейді.

Болат Өтеғалиұлының жазғандарынан, ел алдында айтқан сөздерінен тіл майданының жауынгері, ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоятын Алаш арыстарының мінезін бойына сіңірген, терең білім, кемел адамдық қасиет иесі екенін білеміз. Білеміз де осындай азаматпен замандас, ниеттес болғанымызға мақтанамыз. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» (Ә. Бөкейханов). Біздің Бәкең – парасат-пайымы жоғары, мінезді, зияткер жан. Ер азаматтың тал түсі алпыс деген қырға шықсаң да асыл тіл, түзу емле, ұлттық әліпби, ұлттық руханият жолындағы күрестен талма, ДОС, ТҰЛҒА, АЗАМАТ дегіміз келеді.

 

Абат Қыдыршаев,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик

 Мұрат Сабыр,

филология ғылымдарының докторы, профессор

  Рақымжан Хамза,

БҚО дарынды балаларға  арналған мамандандырылған

«Білім-инновация» мектеп-лицей-интернаты директорының

оқу ісі жөніндегі орынбасары, ұстаз

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале