Кесек бор жеуге көбіне қыз-келіншектер, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер құмар. Орал қаласындағы «Мирлан» орталық базар секілді халық көп шоғырланатын жерде бор саудасы қызып тұр. Кесек бордың пайдасы бар ма? Зияны қандай? Бор жемеу үшін қандай дәрумен тұтыну керек?

Алдымен осы сауалдарға жауап берсек.
Адамның бор жеуінің бірнеше себебі бар. Біріншісі – қаназдық, яғни анемия. Табиғи бордың құрамында аз мөлшерде темір оксиді болады. Ағзаға сол жетпеген соң да борға әуестік байқалады. Бірақ бор жегеннен ағзаға темір бармайды. Сол себепті анемияны дәрігердің нұсқауымен емдеу қажет.
Екінші себеп – жүктілік. Бұл кезде әйел ағзасы түрлі дәмді қалап тұрады. Бірде тұзды, бірде тәтті тағамды аңсайды. Көбі борға әуестене бастайды. Әйел ағзасында кальций жетіспесе, бала оның анасының сүйегі мен тісінен «ала» бастайды. Кей дәрігер ағза қатты талап еткенде жеуге болатын тағам борын ұсынады. Бірақ қандай жағдай болса да, мөлшерден асуға болмайды.
Үшіншісі, адам борды қалқанша без патологиясы дертіне шалдыққанда жейді. Бұл – жиі кездеспесе де, маңызды фактордың бірі. Қалқанша без ауруы кезінде ағзада кальций азаяды. Сондықтан науқас бор жегісі келеді. Бауыр дұрыс жұмыс істемесе, рацион бұзылса да, осы құбылыс байқалады. Егер адам дұрыс тамақтануға көшсе, кесек борға әуестігі жойылады. Ағза D, E, C дәрумендерінің жетіспеуінен де борды талап етеді.
Ағзаға темір жетіспейтін болса, ол дәруменді бордан іздемегеніңіз абзал. Мұндай жағдайда дәрігердің кеңесімен қаназдыққа қарсы дәрі ішіп, ас мәзіріңізге темірге бай өнімдерді (бауыр, ет, алма, ашытылған қырыққабат, балық, жидек, цитрус) енгізіңіз. Құрамында бор бар кальций глюконатын да ішіңіз.
Дұрыс тамақтануды қолға алсаңыз, кесек бор жеуден сап тыйыласыз. Егер ағзаңыз қатты қалап тұрса, өте аз мөлшерде жеуге рұқсат етіледі. Оның өзінде кеңсе, құрылыс борын таңдамау керек. Себебі олар жеуге арналмаған, құрамында химиялық заттар болады.
Жеуге болатын бордың үш кішкентай кесегі немесе бір ас қасық ұнтақ түрі рұқсат етілген. Ең дұрысы — борды жасанды баламаларға (мысалы, кальций глюконатына) ауыстыру қажет.
Борды шектен тыс көп жеу денсаулыққа өте зиян. Бор ішкі ағзаларда, түтікше қабырғаларында тұрып қалып, олардың жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Кальций карбонаты ағзада мөлшерден тыс көбейіп кетсе, адамның бүйрегінде тас пайда болады, қант диабетіне, панкреатитке душар болады. Бор асқазанға түскенде тұз қышқылымен араласып, газ түзіледі. Бұл ойық жара мен гастритке шалдықтырады.
Ескеретін жайт, кесектің құрамында түрлі паразиттер болуы мүмкін. Қанша дегенмен ол – топырақ. Белгілі бір тексеруден өтпеген, не тазартылмаған. Ондағы паразит кесек арқылы адам ағзасына түскен соң дамиды, үлкейеді. Себебі адамның жеген тамағымен қоректенеді. Ал сыртқа шығаратын нәжісі адам денесіне у болып сіңіп, зат алмасу үрдісін бұзады. Нәтижесінде зат алмасу бұзылған адам аурушаң болады. Сол себепті кесек, топырақ жегенше, дәрумен ішіп, құнарлы тамақтаныңыз.
Нұржан Болатов,
Орал қалалық №1
емхананың саламатты өмір
салтын қалыптастыру кабинетінің маманы