15.12.2025, 15:45
Оқылды: 127

Бораннан үш адам көз жұмды

 Сенбі-жексенбі күндері облыс аумағындағы елді мекендерде ақ боран түтеп, кей аудан-ауылдар жарықсыз қалды. Боран күні жоғалып кеткен үш адамның үсіп қалғаны анықталды.

WhatsApp Image 2025-12-15 at 15.33.47

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен брифингте айтылды. Аталмыш баспасөз жиынына облыс әкімінің көмекшісі Ернұр Өтегенов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Марат Мұратов, облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полициця подполковнигі Нұрбол Меңдіханов қатысты. Сондай-ақ спикерлердің қатарында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусин, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының директор орынбасары Олжас Садыров, облыстық Жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Бекжан Тоқжанов болды.

Облыстың 6 ауданы жарықсыз қалды

Бейімбет Мәлікұлының мәліметінше, 6 аудандағы 16 мыңға жуық абонентте жарық болмаған. Нақтырақ айтсақ, 13-14 желтоқсан күндерінде соққан боран әсерінен Ақжайық, Тасқала, Бөкей ордасы, Бәйтерек, Жәнібек, Казталов аудандарындағы электр желілерінен ақау шыққан. Бүгінде Бәйтерек, Ақжайық және Тасқала аудандарындағы электр желісі жөнделіп, тұрғындардың пәтерлеріне қуат көзі берілген. Қазір Бөкей ордасы ауданының 2, Жәнібек ауданының 9, Казталов ауданының 5 елді мекенінде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қайта қалпына келтіру жұмыстарына 24 бригада, 119 қызметкер, 25 арнайы техника жұмылдырылған.  Сондай-ақ бораннан Бөкей ордасы ауданының Сайхын ауылындағы су мұнарасы құлады. Бұл мұнараның тұрғындарды сумен қамтамасыз етуге ешқандай қатысы жоқ. Ауылдағы негізгі мұнара жұмыс істеп тұр. Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылдық округінде екі қабаттан тұратын 18 пәтердің және ауыл әкімідігі ғимаратының шатыры зақымданған. Тасқала ауданы Тасқала ауылындағы жатақхана ғимаратының шатыры ұшып кеткен. Зақымданған аумақ шамамен 600 шаршы метрді құрайды. Бір отбасы аудандық «Шұғыла» лагеріне көшірілген.

3 адам көз жұмды

Боран кезінде 11 азамат жоғалып, оның жетеуі дін аман табылған. Жәнібек, Казталов, Бөкей ордасы аудандарында 3 іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Іздеу-құтқару жұмыстарына облыстық ТЖД-дан 70 қызметкер, 40 техника жұмылдырылған. Оған қоса, өзге күштік құрылымдар да іздеу іс-шараларына қатысуда. 15 желтоқсандағы сағат 12:00- дегі ақпарат бойынша, жоғалған төрт азаматтың үшеуінің денесі табылған. Олардың бірі Жәнібек ауданының тұрғыны болса, бірі Бөкей ордасының, енді бірі Казталов ауданының тұрғыны.  Жоғалған Жәнібек ауданының бір тұрғыны әлі де іздестірілуде.

Боран кезінде жабылған жолдар қайта ашылды

Нұрбол Исатайұлының айтуынша, облыстағы 10 аутомобиль жолында қозғалыс уақытша тоқтатылған. Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге  54 полиция қызметкері және 27 техника жұмылдырылған.

– 13 желтоқсан күні сағат 20:00-де бірінші болып «Қазталовка-Жәнібек-РФ шекарасы» автожолы жабылды, кейіннен басқа да жолдар кезең-кезеңімен жабылды. Полиция қызметкерлері «Чапаев-Жалпақтал-Казталов» аутожолында көліктерді алып жүруді ұйымдастырып, 100-ден астам аутокөлікті жақын елді мекендерге дейін қауіпсіз жеткізді. 13-14 желтоқсан аралығында Жәнібек ауданы аумағында жеңіл аутокөліктің жол жиегіндегі кюветке аударылу фактісі тіркелді. Көлікте 4 адам болған, оның ішінде 1-і кәмелетке толмаған. Аталған азаматтарға көмек көрсетіліп, кейін Жәнібек ауылына дейін алып жүрілді. Сондай-ақ Жәнібек ауданы аумағында ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдан адасып, байланыссыз қалған трактор жүргізушісі мен ондағы жолаушыны іздеу жұмыстары ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлерінің іздестіру шаралары нәтижесінде аталған азаматтар табылып, Жәнібек ауылына жеткізілді. 15 желтоқсан күні сағат 07:00-де ауа райының жақсаруына байланысты барлық бағыттар бойынша қозғалысқа қойылған шектеулер толық алынды, – деді Н.Меңдіханов.

«Қазгидромет» РМК облыстық филиалы директордың орынбасары Олжас Батырбекұлының айтуынша, 16 желтоқсан күні түнде облыстың солтүстігінде және шығысында бұрқасын қар жауады. Алдағы күндерде күші 9-14 м/с болатын жел соғуы мүмкін. Өңірдің батыс, солтүстік, шығыс жақтарында жел күші 15-20 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале