27.08.2024, 10:47
Оқылды: 193

Бортаудағы бәйге қалай өтті?

Орал қаласында бәйгеден ел біріншілігінің тоғызыншы кезеңі өтті. Ұлттық спортты дамыту, бәйгеге деген қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылған жарысқа еліміздің әр аймағынан келген шабандоздар мен сәйгүліктер қатысты. Бәйгенің ашылуына Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев арнайы қатысып, ат иелері мен шабандоздарға сәттілік тіледі.

139961FB-A814-461E-B1EC-2F74B43CFB0B

– Қазір ұлттық спортты дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты. Оған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше көңіл бөліп отыр. Осы орайда біз ұлттық спортты кәсіби және бұқаралық бағытта дамытуды қолға алдық. Ел аумағында ұлттық спорт түрлерін жаңғырту үшін көптеген жарыс ұйымдастырудамыз. Оның ішінде, ат спортының орны бөлек. Биыл V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны елімізде өтеді. Бұл – біз үшін мерейлі мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бүгінгі жарыс алдағы көшпенділер ойынына дайындық іспетті. Бағы мен бабы келіскен тұлпар озсын, - деді Жандос Дүйсенғалиев.

Одан соң республикалық «Бәйге» федерациясының бірінші вице-президенті Мұрат Өсербаев сөз алып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

– Оралда іріктеудің соңғы кезеңін өткізудеміз. Финалдық  кезең күзде Астанада өтеді. Бәйге ұйымдастырған өңір басшылығы мен жергілікті федерация өкілдеріне алғысымыз шексіз. Ұлттық спортымыз өркендеп дами берсін, - деді Мұрат Өсербаев.

Бәйгенің басында спорт ардагері Құсайын Бахтияр шабандоздарға ақ батасын берді.

Құнан бәйге жеңімпазы – «Бақторы»

Бәйгеден ел шемпионатының 9-кезеңі 10 шақырымдық құнан бәйгесімен басталды. Еліміздің әр түкпірінен келген 30 құнан жарыс көркін қыздырды. Әп дегеннен ауыздықпен алыса жөнелген құнандар көрермен алдынан өткенде тіптен арқаланып кеткендей әсер қалдырды. Десе де, айналым бұрылысына жеткенде жүйрігінің күшін құртпауды ұйғарған шабандоздар тізгінді тартты. Төрт айналымда сынға түскен құнандар арасынан айналымды аяқтаған кезде 15 жүйрік суырылып алға шықты. Сәл артта қалғандар да көрермен қиқуынан күш алып, шабысына шабыс қосты.

7594C88E-D4D0-44EF-B727-CA33929D7380

Бәйгеде алдыңғы бес орынды иеленген жүйрік күзде өтетін ел біріншілігінің финалдық кезеңіне жолдама алды. Көрермен қауымның делебесін қоздырған бәйге қорытындысы мынадай:

1-орын. Тұлпардың ныспысы – «Бақторы», шабандозы – Исламнұр  Ертөс. Ат иесі – Алмаз Оразбаев, Бапкері – Мақсат Тукенов (Астана қаласы);

2-орын. «Фантастик», шабандозы – Бекзат  Әлібек. Ат иесі – Қадырбек Тоқмурзин (Қостанай облысы);

3-орын. «Сеньора», шабандозы – Ораз  Төлеген. Ат иесі – Асан Қадырбаев бапкері – Рахат Бекмағанбетов (Маңғыстау облысы);

4-орын. «Айтолқын», шабандозы – Әли Қалқамжай. Сәйгүліктің иесі – Берік Есенғалиев. Бапкері – Нұрбек Райымбек (БҚО);

5-орын. «Ақтілек», шабандозы – Шалқар Мұхамбет. Ат иесі – Жексенбай Ахметов (Маңғыстау облысы).

Бұйражалға бұйырды

Бортау етегін шаңға бөктерген жүйріктер бәйге көрмекке келген ағайының рухын көтерді. Құнан бәйгеден соң жарыс жолына топ бәйгенің жүйріктері шықты. Бауырын жаза шапқан 24 сәйгүлік 15 шақырымға жарысты. Бәйге басынан бірнеше шалқұйрық оза шықты. Бірақ айналым ауысқан сайын алға шыққан жүйріктерді арттағы топ қуып жетті. Үздіктер де алма-кезек ауысып, мәреге  дейін ауыздықпен алысқан жүйріктер жарыс көрігін қыздырды. Тіпті соңғы айналым қалғанда да топ ішінен дараланып шыққан жүйрік болмады.

Қорытындысында 1-орын «Бұйражал» атты сәйгүлікке бұйырды. Шабандозы – Шыныбек Мырзахмет. Ат иесі – Бақыт Іңкәрбек. Бапкері – Айдар Оразәлиев (Жамбыл облысы);

2-орын. «Ботақара», шабандозы – Ділнұр Нұрмұқаш. Ат иесі – Адай Мирболат Елжасұлы. Бапкері – Әділет Ноқатай (БҚО, Ақжайық ауданы);

3-орын. «Нарқасқа», шабандозы – Исламнұр Ертөс. Ат иесі – Алмаз Оразбаев. Бапкері – Мақсат Түкенов (Астана қаласы);

4-орын. «Ақбөбек», шабандозы – Нұрасыл Төлекеш. Ат иесі – Оралбек Арықбаев. Бапкері – Айбек  Жұбанов (Маңғыстау облысы);

5-орын. «Ақтабан», шабандозы – Айсұлтан Миразат. Ат иесі – Марат Өтепов. Бапкері – Нұрхат Тілекматұлы (Атырау облысы).

Аламанды «Қазына» жеңіп алды

Жайық жұртын дүр сілкіндіріп, бәйгесүйер ағайынның делебесін қоздырған ел біріншілігінің 9-кезеңінің «Аламан бәйгесіне» 18 тұлпар қатысты. 24 шақырымға созылған додада да жарыс көрмекке келген ағайын жүйріктерді бәйге басынан соңына дейін тік тұрып қолдады. Аламан бәйге жүлдегері 1-орын. «Қазына», шабандозы – Айдаралы Бағжан. Ат иесі – Мадияр Құрманғали. Бапкері – Еркебұлан Әзімқали (БҚО, Ақжайық ауданы);

2-орын. «Берікқара», шабандозы – Ділнұр Нұрмұқаш. Ат иесі – Адай Мирболат. Бапкері – Әділет Ноқатай (БҚО, Ақжайық ауданы);

3-орын. «Тастүлек», шабандозы – Серікбай Шынтас. Ат иесі – Нысанбек Тілектесов. (Ақтөбе облысы):

4-орын. «Қаңтар», шабандозы – Бекзат Әлібек. Ат иесі – Қадырбек Тоқмурзин (Қостанай облысы);

5-орын. «Айкүрең», шабандозы – Дінмұхамед Рысқалиев. Ат иесі – Ералы Ибашев. Бапкері – Кемелхан Айдарбеков.

Ұлы аламан бәйгесі Қостанайға кетті 

Бәйгеден ел біріншілігінің 9-кезеңін «Ұлы аламан» бәйгеге шыққан сәйгүліктер тәмамдады. 31 шақырымға созылған дүбірлі додада ауыздықпен алысқан сәйгүліктер көрерменге ұмытылмас эмоция сыйлады. Назарларыңызға жүлдеге ілініп, жеңімпаз болған тұлпарларды ұсынамыз.

1-орын. «Тахмина», шабандозы – Алинур Еламанов. Ат иесі – Қадырбек Тоқмурзин. (Қостанай облысы);

2-орын. «Ұлытау», шабандозы – Арнұр Баян. Ат иесі – Талғат Жакеев. Бапкері – Дәулет Сартаев (Маңғыстау облысы);

3-орын. «Асылторы», шабандозы Әли Қалқамжай. Ат иесі – Нұрлан Мұхтаров (БҚО);

4-орын. «Бәйтерек», шабандозы – Исламнұр Ертөс. Ат иесі – Алмаз Оразбаев. Бапкері – Мақсат Түкенов (Астана қаласы);

5-орын. «Мальчик», шабандозы – Нұрислам Мәлік. Арғымақтың иесі – Игібай Айтмұқашев. Бапкері – Айбарыс Миразат (БҚО).

Тартысты өткен бәйге көрермен қауымға ұмытылмас көңіл күй сыйлады. Төрт қашықтықта жеңімпаз-жүлдегер атанған жүйріктер және төртінші, бесінші орын алған сәйгүліктер күзде

Астана қаласында өтетін ел біріншілігінде бақ сынайтын болады.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале