19.06.2025, 12:30
Оқылды: 146

Бос жатқан жерге зиянкестер үйір

Биыл  Теректі  ауданында  үйірлі  шегірткелерге  қарсы  29  600  гектар  жерді  химиялық  өңдеу  жоспарланған.  Былтыр  ауданда  зиянкестерге  қарсы  14  мың  гектардай  жер  өңделгенін  ескерсек,  жәндіктердің  артқаны  байқалады.  Ауданға  барған  сапарда  ҚР  АШМ  агроөнеркәсіптік  кешендегі  мемлекеттік  инспекция  комитетінің  Теректі  ауданы  аумақтық  инспекциясының  басшысы  Камидулла  Дүйсеналиев  бізге  жемір  жәндікпен  күрес  жөнінде  айтып  берді.   

istockphoto-114413730-2048x2048

Сурет: istockphoto.com

- Басты міндетіміз – егін алқабын, шабындықты зиянкестерден сақтау. Шегірткеге қарсы күрес жөніндегі штаб бұл жұмысты үйлестіріп, жіті бақылауда ұстап отыр. Биологиялық дамуындағы ерекшелігіне сәйкес, он-он екі жыл сайын бұл жәндіктердің шектен тыс көбеюі немесе күрт бәсеңдеуі қайталанып отырады. Соңғы жылдары саяқ  шегірткелердің де өскені байқалады. Жоспарға сай 58 мың гектарға химиялық өңдеу жоспарланып отыр. Биылғы химиялық өңдеу жүргізуде ерекшелік бар. Бұрын химиялық препараттарды бір компания жеткізсе, жерді басқа мекеме өңдеді. Сол кезде осы қос тараптың арасында мәселелер туындап жүрді. Яғни бірі химиялық заттардың сапасына күмән келтірсе, екіншісі «препараттарды дұрыс сеппейді» деген уәж айтып, өзара айтыс-тартыс болатын. Биылдан бастап химиялық өңдеу жүргізетін мекеме қажетті құралдарды өздері әкеледі. Химиялық өңдеуге алғаш рет дрондар пайдаланылуда. Ол алқаптарға мониторинг жүргізеді және улайды. Ұшу аппараты 2 мың гектар аумақты улауы тиіс. Ол егінді таптамай, жоғарыдан улайтынымен де ерекшеленеді, – деді Камидулла Қадыралиұлы.

Аудандық аумақтық инспекция басшысы зиянкестердің көбеюіне пайдаланылмай жатқан жерлердің де себеп болатынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай қараусыз жатқан ауыл шаруашылығы жерлеріне химиялық өңдеу жүргізілмей қалады. Соның салдарынан ол жерлерде түрлі зиянкестер жиналады. Шегірткелердің де шеп құратыны түсінікті. Бір жерде қап-қара болып жиналатын олар кейін жан-жаққа жайылады. Сондықтан алқаптардың бәрінде агротехнология талаптары сақталатын болса, зиянкестер аз болар еді. «Ауыл шаруашылығы жерлерін алған соң, мақсатына сай пайдаланған жөн. Қазір жер алып, жұмыс істегісі келетін жастар көп. Алайда оларға беретін жер жоқ. Себебі латифундистер жерді «басып» алады да, өзі де пайдаланбайды, өзгеге де татырмайды. Мұндай жерлерді мемлекетке қайтаруға қатысты заң талаптарын қатайту керек деп санаймын. Жауапкершілікті күшейткен жөн. Бұл саладағы тағы бір мәселе – арнайы мамандар тапшы. Жастардың агросалаға келгісі жоқ. Жергілікті университет мамандар даярлағанымен, балалардың қызығушылығы жоқ. Бұған жалақының төмендігі де себеп болса керек», – деді Теректі ауданы аумақтық инспекциясының басшысы К. Дүйсеналиев. Мысалы, Камидулла Қадыралиұлы бұл салаға 1999 жылы осы инспекция ашылғанда келген. Сол кезде ұжымдағы ең жас маман болған ол алдағы жылы зейнеткерлікке шықпақ.

Ясипа Рахимқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале