2024 жылдың қыркүйек айында «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты ретінде Ұлыбританиядағы Абердин университетіне магистратурада оқуға келдім. Мамандығым – ағылшын тілі мен әдебиеті. Бұл мақаламызда аталған ЖОО мен Британияның жоғары білім жүйесі жөнінде мәлімет бермекпіз.
Абердин университеті – 1495 жылы негізі қаланған, әлемдегі көне жоғары оқу орындарының бірі. Қазір мұнда 1700-дей оқытушы һәм әртүрлі әкімшілік бағыттағы 2000-дай қызметкер қызмет істейді. Сонымен қатар 16 мыңға жуық студент, магистрант пен докторант білім алуда. Университетте 12 факультет бар. Яғни биология ғылымдары, бизнес, тарих, философия, өнер тарихы, білім беру, инженерия, геоғылымдар, тіл, әдебиет, музыка, визуалды мәдениет, заң, медицина, психология, әлеуметтік ғылымдар, жаратылыстану және компьютер ғылымдары тәрізді салаларда мамандар даярлайды. Аталмыш университетке 2023-2024 жылдардағы оқу жылында 264 миллион фунт стерлинг кіріс түскен. Қазіргі бағаммен есептесек, бұл – 171 миллиард теңгеден асып жығылатын сұмдық ақша!
Университет түлектері мен оқытушыларының арасында ғылымға орасан үлес қосқан тұлғалар көп. Соның ішінде Нобель сыйлығының бес лауреаты бар. Яғни 1921 жылы Фредерик Содди – химия, 1923 жылы Джон Маклеод – медицина, 1937 жылы Джордж Паджет Томсон – физика, 1949 жылы Джон Бойд Орр – бейбітшілік, 1952 жылы Ричард Лоренс Миллингтон Синг – химия саласы бойынша Нобель сыйлығын алған. Бұлардан басқа да Абердин университетінен талай мемлекет қайраткерлері, ойшылдар, ағартушылар, ғалымдар, өнертапқыштар, дәрігерлер, қаржыгерлер, қаламгерлер, өнер адамдары шықты. Олар тек өз елінің ғана емес, күллі адамзат мәдениеті мен өркениетіне елеулі еңбек сіңірді, айтулы үлес қосты.
Осындай мықты жоғары оқу орындарының бірінде білім-білігімізді жетілдіре жүріп, Британияның жоғары білім беру жүйесінің қыр-сырына қанықтық. Дамыған елдегі маман даярлау әдіс-тәсілдеріне төменде толығырақ тоқталмақпыз.
Алдымен оқытушыларға жасалған жағдай жөнінде Университет ұстаздарының еңбегі аса жоғары бағаланады. Олар 5000-7000 фунт шамасында айлық алады. Қазіргі бағаммен есептесек, бұл шамамен 3 300 000 теңге мен 4 625 000 теңге арасында. Яғни күнкөріске еркін жетеді. Оңды-солды ысырап қылып, шаша бермесең, тіпті, мол қор жинауға да болады. ЖОО мұғалімдері шетелдерде өтетін ғылыми конференцияларға жиі барып тұрады. Яғни әлемдегі өзге әріптестерімен тәжірибе алмасуға жағдай жасалған. Ал өздері жұмыс істейтін университетте «топқа куратор бол, іс-шара ұйымдастыр» деген секілді шаруалар оларға жүктелмейді. Британиялық мамандар тек сабағын беруге және зерттеуін жүргізуге ғана жауапты. Басқа артық ештеңеге басын қатырмайды. Ал түрлі қоғамдық жұмыстарды атқаруға, іс-шаралар өткізуге арнайы департаменттер мен ұйымдар жауапты. Сондай-ақ әр оқытушының университетте жеке кабинеті болады. Аумағы бар болғаны 7-8 шаршы метр ғана шағын бөлме болуы мүмкін. Бірақ ең бастысы – жұмыс істейтін, зерттеумен айналысатын өзінің жеке кеңістігі. Ал осындай қалыпты жағдайлар жасалған соң зерттеушінің ғылыми жаңалық ашпауы, ғылымды дамытпауы мүмкін бе?! «Отбасымды қалай асыраймын?», «қоғамдық жұмыстарға атсалысу керек» деген сияқты нәрселерге еш миын ашытпай, жүйкесін жұқартпай ғылыммен шұғылданады, болды. Сосын білген-түйгенін шәкірттеріне үйретеді. Бар жұмысы – сол.
Оқытушылардың студенттерге қарым-қатынасы туралы
Мұнда ЖОО мұғалімдері өзін студенттің аса жақын досы сияқты ұстайды. «Мен мұның ұстазымын» немесе «Менен жасы әлдеқайда кіші бала ғой» деген сықылды жоғарыдан қарап, қарым-қатынас жасау жоқ. Өте кішіпейіл, қарапайым әрі сыпайы. Намысқа тиетін сөз айту, кемсіте сөйлеу, мұқату деген нәрселерді көрмейсің. Сөйлегенде, бірдеңені түсіндіргенде сөйлеу мәнерінен асқан жанашырлық есіп тұрады. Маған кейде, тіпті, олар өздерін студенттің қызметшісі тәрізді көретіндей әсер қалдырады. Мысалы, мейрамханаға барсаңыз, даяшылар не айтсаңыз да орындауға құлшынып, елпілдеп тұрады емес пе? Мұнда оқытушылардан да сондай қарым-қатынасты сезесің. Әлдене сұрай қалсаң, ынты-шынтысымен кеңес беруге, бағыт-бағдар сілтеуге, жалпы көмектесуге асығып тұрады.
Сонымен қатар профессорлар шәкірттерге өзіндік терең танымы бар тұлға ретінде қарайды. Мысалы, біз әдебиет сабағында әр апта сайын бір шығарманы талдаймыз. Мұғалім сол туындыға қатысты сұрақтар қояды. Магистранттар кезек-кезек жауап беріп, талқылаймыз. Сонда профессор бір семестр бойы бірде-бір рет ешкімге «Сенің ойың дұрыс емес, ол негізінде былай» деп айтқан емес. Көзқарасымызды теріске шығарған кезі жоқ. Керісінше, пікірімізді әрдайым қолдап, қуаттап отырады. Қосары болса, әуелі біздің айтқанымызды дәлелдеп, бізді мақтап-мақтап келіп, соңында өзінің де ойын жалғап, кеңесін айтады. Яғни британиялық ұстаздар үшін әр шәкірттің пікірі құнды, әркімнің жеке көзқарасын сыйлайды.
Бағалау жүйесі хақында
Студенттердің баға қойылатын жұмыстарын әуелі сабақ беретін оқытушы тексереді. Сосын сол университеттің басқа бір оқытушысы оның үстінен екінші рет қарайды. Содан кейін сол ЖОО-да қызмет істемейтін, басқа университеттің профессоры үшінші рет тексереді. Яғни шәкірттің еңбегі үш сатылы тексерістен өтеді. Бұл мұғалімнің бағаны тым көтермелеп немесе керісінше түсіріп, лайықсыз бағалаудың алдын алу үшін ойластырылған жүйе болса керек. Мәселен, ұстаз өз шәкіртіне 22-ден 20 балл қойды делік. Бірақ екінші сатыда басқа оқытушы 15, ал содан кейінгі тексерісте үшінші профессор 14 балл қойды деп есептейік. Демек бірінші тексерген мұғалім тым көтермелеп жіберген болып шығады. Ондай жағдайда әділетсіздікке барған қызметкерге шара қолданылуы мүмкін. Сондықтан ешкім тамыр-таныстыққа немесе парақорлыққа бармайды. Өйткені онсыз да жалақысы жоғары, оларға жасалған жағдай да керемет. Айдаладағы бір студентті лайықсыз қорғаштаймын деп өзінің басын бәйгеге тігіп қайтсін?!
Плагиат жайында
Біреудің жұмысын көшіріп алатын студенттер қатаң жазаланады. Яғни сессиядан құлап, жазғы семестрге қалады. Шәкірттер семестрдің бағалау жұмысын тапсырған соң, ұстаздар асықпай, үш апта тексереді. Нәтиже содан кейін ғана белгілі болады. Ал оқудың соңында диссертацияны жазып өткізген соң, оқытушылар шамамен екі айдай оқып, қарастырады. Асықпай зерделейді. Яғни айтайын дегенім – Британияда диссертацияңды комиссия мүшелерінің алдында 10-20 минут қорғап, бағаңды сол жерде бірден алмайсың. Зерттеу жұмысыңды профессорлар бірнеше айлап оқып, сапасын сүзгіден өткізеді. Сол себепті салтанатты диплом табыстау рәсімі де кеш ұйымдастырылады. Дипломыңды оқуыңды бітірген соң, үш айдан кейін аласың.
Өзге де мәселелер жөнінде
Сабақтан маңызды себепсіз, беталды қалуға болмайды. Мысалы, студент ауырып қалса, мұғалімнен сұранып кете алмайды. Оқытушының оны сабақтан босататын құзіреті жоқ. Әр университетте Infohub деген арнайы бөлім болады. Сырқаттанып қалған шәкірт сонда анықтамасын өткізуі тиіс. Содан кейін ғана оның науқастанып қалғаны расталып, базаға енгізіліп, сабақтан босатылады. Бұл да мұғалім мен студенттер арасында тамыр-таныстық болмасын деген сақтық шығар. Әйтпесе, ұстаз жаны ашып, шәкіртін сабақтан босата салуы мүмкін ғой.
Өткен пәнге, оқылған курсқа байланысты әр семестр соңында студенттер аты-жөнін көрсетпей, пікір (feedback) жазуға құқылы. Бұл кемшіліктерді түзету мақсатында жүргізіледі. Шәкірттердің пікірлерін жинастырып, зерттеп, ескертулерден нәтиже шығару үшін жұмыс істейтін арнайы департамент бар. Студенттердің сын-ұсыныстарын қаперге алып, ескеру де демократияның бір көрінісі.
Қазақта «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген сөз бар. Дамыған елдің, іргелі мемлекеттің артықшылықтарын алып, меңгергеннен ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Бұл мақала көпшілікті Британияның білім жүйесі жөнінде хабардар ету мақсатында жазылды. Ұлыбританияда және басқа да бізден көші ілгері елдерде оқығандар мен оқып жатқан замандастарымның алып-қосары болса, әрине, мархаббат!
Жоғарыда айтқанымдай, білім-білігімді жетілдірер бағытым – ағылшын тілі мен әдебиеті. Бір сабағымыз – тілтану (лингвистика) болса, өзгесі – әдебиеттану саласы. Бұл жақтың ғылым деңгейін сөзбен толық айтып жеткізе алмаймын. Оны түбегейлі түсіну, сезіну үшін оқып көру керек. Оқыған сайын, зерттеген сайын, «сүңгіген» сайын таңдай қағып әрі қызығатын деңгейдегі таңданысым мен мойындауым артқанның үстіне арта түсуде.
Сосын Британияда көзілдірік алсаң да, тіс щеткасын немесе паста алсаң да, тіпті, үйге киетін тәпішке алсаң да, яғни күнделікті қолданатын ұсақ-түйек тұрмыстық бұйымдардың қайқайсысы болсын өте сапалы екені бірден сезіледі. Заттардың сапасына таңдай қағып, бас шайқаймын. Ғылымда да, өндірісте де көз алдау, шалағайлық жоқ.
Мұнда тамыр-таныстық, бұра тарту, жақынын сүйреу немесе жақыны болмаса да, көңілге қарап, көтермелеу деген де жоқ. Әркім өзінің еңбегіне сай бағасын алады, маңдай теріне лайықты жемісін жейді. Бәрі әділ. Әр азамат өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, сапалы әрі тыңғылықты істейтіні содан шығар. Өйткені адал еңбегінен басқа ешкімге де, ештеңеге де сене алмайды.
Дамыған елдердің деңгейіне жету үшін бізге жалпы қоғамдық сана сілкінісі керек секілді. Қоғамды артқа тартатын зиянды әдеттерден, зарарлы менталитеттен арылу қажет. Олай болмаған жағдайда, артта қалғанымыз қалған.
Алпамыс Файзолла,
Абердин университетінің магистранты
(Ұлыбритания)