16.06.2024, 9:00
Оқылды: 90

Бүгін – Әкелер күні

Үкімет қаулысына сәйкес еліміздегі мерекелік күндердің күнтізбесі Аналар және Әкелер күні мерекесімен толықты. Биыл Әкелер күні 16 маусымға тұспа-тұс келіп тұр. Бұл  атаулы күндердің отбасы институтын жетілдіру, ата-ана мен бала арасындағы риясыз сезімді күшейтуге септігін тигізері анық.

953BE3D1-48F5-4EEB-BEBE-AE4ABCD4756F

Сурет: pixabay.com

Әке өсиеті мен тәлім-тәрбиесінің маңызы қашанда ерекше. Бүгіндері қоғамда ер-азаматтардың бала тәрбиесіндегі рөлі кеңінен насихатталуда. Атаулы күн қарсаңында 2023 жылы өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы облыстық кезеңінің 2-орын иегерлері, көпбалалы әрі үлгілі отбасы – Өтебаевтар жанұясымен тілдесіп, отбасындағы әкенің орны жайында әңгімелескен болатынбыз.  

Ғалымжан Өтебаев – Алматы облысының тумасы. 2004 жылы ақтөбелік Злиха Оразаевамен отау құрған. Биыл шаңырақ көтергендеріне 20 жыл болыпты. Үш ұл мен екі қыз бала тәрбиелеп отырған жанұяның қатарына бірер айдан кейін жаңа өмір және бір отбасы мүшесі қосылмақ. Отанасы Злиха Түлкібайқызы отбасының негізгі тәрбие құралы әкенің өнегелі сөзі мен ісінен бастау алады деген пікірде.

– Жұбайым 2001 жылдан бері ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5515-әскери бөлімінде қызмет атқарады. Салмақты, мысы бар адам. Ол әр кез ұл-қызымызға өнегелі сөзімен, ақылымен ғана емес, мінез-құлқымен, тіпті жүріс-тұрысымен үлгі болуға тырысады. Қажет кезде олармен дос ретінде сырласып, әрқайсысының  жеке ойын тыңдап білуге пейілді. Мен де өз тарапымнан әкеміздің қадірін арттырып, мәртебесін биіктетуге мүдделімін. Әрине, әкенің орны бір бөлек. Перзенттеріме әкеге деген сыйластықтың маңызын жиі айтып отырамын. Отбасының асыраушысы, тірегі әрі қамқоршысы, үйдің берекесі – отағасы  екенін саналарына құйып отыруды жөн көремін. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тәмсіл бар. Бала жастайынан көргенін істеп, естігенін айтады. Сол себепті балаларымызға ең әуелі өзіміз үлгі болуымыз керек деген ұстанымымыз бар. Біз балаларымызға үнемі сенім мен сыйластықтың, махаббат пен сүйіспеншіліктің үлгісін көрсетуге тырысамыз, – дейді Злиха Оразаева.

Ғалымжан мен Злиха Өтебаевтардың перзенттері де шетінен өнерлі. Тұңғыштары Қадыржан нағыз қолөнер шебері екен. Одан қалды спортқа да жақын, киокушинкай каратэден талай облыстық, республикалық  жарыстардан жүлде алған. 12 жастағы Бекзат айналасын аспаздық шеберлігімен таңғалдырып жүр, ал ортаншысы Ерасыл сурет салуға бейім. Отбасының қызғалдағы – Аяжан өскенде биші болғысы келеді. Ерке қыздары Айзере балабақшаға барады, өзі тілалғыш, елгезек болып бойжетіп келеді.

– Әр ер-азамат жұмысынан бөлек, отбасын да ұмытпауы тиіс. Мен жаныма жақын жандармен көп уақыт өткізу-ге тырысамын. Ұл-қызымның жан-жақты болып өсуі үшін әрқайсысының қызығушылығына қарай икемдеп, түрлі үйірмелерге қатысуларына ықпал етемін. Қарапайымдылық, адамгершілік, кішіпейілдік сынды асыл қасиеттерді бойларына ерте жастан сіңіруді жөн санаймын. Балаларымның ешқайсысын бөліп-жармаймын, кей кезде тура жол сілтеп, жөн айтуды да ұмытпаймын. Әрине, перзент тәрбиесіне әке де өз үлесін қосуы керек деген пікірдемін. Әке мен ананың мейірім-махаббатына қанығып өскен бала танымы терең, жарқын жүзді тұлға ретінде қалыптасады меніңше, – дейді Ғалымжан Өтебаев.

Иә, асқар тау әкесін пана тұтқан, ананың мейіріміне шомылып өскен әр баланың төңірегіне де мейіріммен қарайтыны сөзсіз. Мұндай отбасында қашанда ынтымақ  пен бірлік үстем болмақ.

Аружан Аманжол,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале