Бүгін футболдан Қазақстан кубогының топтық кезеңінің төртінші туры басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ашық көздерден алынған фото
Төртінші тур ойындары 29, 30, 31 шілде күндеріне белгіленген.
Бүгін А тобында 19:00-де «Ордабасы» (Шымкент) және «Атырау» командалары кездессе, 21:00-де В тобында «Қайсар» (Қызылорда) және «Каспий» (Ақтау) шеберлік байқасады. Ертең, 30 шілдеде 19:00-де D тобында «Шахтер» (Қарағанды) мен «Жетісу» (Талдықорған), 20:00-де С тобында «Ақтөбе» мен «Тараз» командалары жасыл алаңға шығады. Ал 31 шілдеде 18:00-де В тобында «Қызылжар» (Петропавл) мен «Ақжайық» (Орал), 19:00-де D тобында «Астана» (Нұр-Сұлтан) мен «Тұран» (Түркістан), 21:00-де А тобында «Ақсу» (Павлодар облысы) және «Қайрат» (Алматы), С тобында «Мақтарал» (Түркістан облысы) және «Тобыл» (Қостанай) ойындары басталады.
Еске салсақ, Қазақстан кубогының топтық кезеңі 8 шілдеде жалауын көтерді. Ол 15 тамызда мәресіне жетеді. Жеребе нәтижесі бойынша 16 команда төрт топқа бөлінген. Оның 14-і Премьер-лигада сынға түсетін клубтар болса, жарыстың үш сатысында жеңімпаз атанған «Қайсар» мен «Жетісу» олардың қатарына қосылды.