Бокстан Болгарияда өтіп жатқан "Странджа" халықаралық турниріндегі жекпе-жектер жалғасады. Бүгін 8 бірдей қазақ боксшысы шаршы алаңға шығады. Оның 3-нің қарсыласы – өзбек боксшылары. Бұл туралы massaget.kz жазды.
Фото: Данияр Майлыбаев
8 боксшының 4-і күндізгі сессияда шаршы алаңға шықса, қалған 4-і кешкі сессияда бақ сынайды. Жанкүйерлер асыға күтетін жекпе-жектің бірі аса ауыр салмақтағы отандасымыз Қамшыбек Қоңқабаев пен өзбек боксшысы Баходир Жалолов арасында болмақ. Қамшыбек Токио Олимпиадасының қола жүлдегері болса, Баходир чемпион атанған. Өзбек боксшысы кәсіпқой бокста 12 жекпе-жек өткізіп, барлығында қарсыласын нокаутпен ұтқан.
Екі боксшы 2017 жылдан бергі аралықта бес рет жұдырықтасқан. Оның төртеуінде өзбек боксшысының мерейі үстем болған.
Өзара кездескен жекпе-жектері:
Азия чемпионаты.
2017 жыл. Финал. Баһадүр жеңді.
2019 жыл. Финал. Баһадүр жеңді.
2021 жыл. Финал. Баһадүр жеңді.
Әлем чемпионаты.
2017 жыл. 1/4 финал. Қамшыбек жеңді.
2019 жыл. Финал. Баһадүр жеңді.
Жанкүйерлер қазақ-өзбек боксшылары арасында тағы екі жекпе-жектің куәсі болады. 86 килоға дейінгі салмақта Бекзат Таңатар Шохжахон Абдуллаевпен жұдырықтасса, 67 килода Темірхан Тезек Бехзод Хамидовпен қолғап түйістіреді.
Бүгін шаршы алаңға шығатын боксшылар:
Күндізгі сессия:
51 кило. Кенже Мұратұлы - Бишвамитра Чонгтхам (Үндістан)
57 кило. Оразбек Асылқұлов - Луис Оливейра (Бразилия)
80 кило. Бекзат Нұрдәулетов - Артем Агеев (Сербия)
92 кило. Абзал Құттыбеков - Артем Иорданян (Грузия)
Кешкі сессия:
48 кило. Ернұр Қайрат - Лука Кублашвили (Грузия)
67 кило. Темірхан Тезек - Бехзод Хамидов (Өзбекстан)
86 кило. Бекзат Таңатар - Шохжахон Абдуллаев (Өзбекстан)
+92 кило. Қамшыбек Қоңкабаев - Баходир Джалолов (Өзбекстан)