24.10.2024, 9:15
Оқылды: 115

Бүгін – Кітапханашылар күні

Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана 1969 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол көз мүкісі бар оқырмандардың бос уақытын тиімді өткізу үшін әрі танымдық іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында құрылған. Қазіргі таңда кітапхананың зағип жандардың ақпараттық ресурстарға қол жеткізуіне ықпал ететін бірнеше жобасы бар.

Брайлист үйірмесінің жұмыс барысы. Сабақ беруші Гүлмира Сәменова

Бүгінде бойында оты бар жас буын өкілдерін қоғам ортасына танытуға бастайтын әлеуметтік нысандардың саны артып келеді. Бұл тұста «Батыс Қазақстан облыстық арнаулы кітапхана» жұмысының еңбегін атап өткен абзал. Облыстық арнаулы кітапхана келген әр оқырманды ықыласпен қарсы алып, оқырманның қабілет-дарынын айқындап, өнер мен әдебиет айдынына бет түзетеді. Бөлім басшысы Айжан Дәулетқалиева кітапхана жұмысы оқырмандарға кітап беріп, оны қайта қабылдаумен шектелмейтінін және көп көзіне байқалмайтын ішкі жұмыстары туралы айтып өтті.

– Кітапхана қорында 48 мыңнан астам әдебиет сақталған. Арнаулы әдебиет тізімінде 27 мыңнан астам кітап бар. Бүгінде кітапхана сөресіне нүктелі-бедерлі әдебиеттер, бедерлі графикалық құралдар, дыбыстандырылған және жайпақ баспалы қаріп түріндегі әдебиеттер, сондай-ақ СD дискілердегі электронды аудиокітаптар қойылған. Қазіргі таңда кітапхана қызметін 2300-ден астам оқырман пайдаланады. Көз мүкісі бар жандар және олардың отбасы, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық арнаулы мектеп-интернатының оқушылары біздің тұрақты оқырманымызға айналды. Кітапхана қызметі «Қызмет көрсету», «Әдебиеттерді толықтыру және өңдеу», «Тифлоақпараттық-библиографиялық бөлім», «Дыбысты ақпараттарды өндіру» деп аталатын төрт бөлімнен тұрады. Дыбысты кітаптарды өндіру бөлімінің жанында арнайы дыбыс жазу студиясы бар. Мұнда кәсіби дикторлар жоспарға сәйкес және оқырмандар сұранысы бойынша жылына 20-25 кітап дыбыстандырады. Өңірімізге танымал диктор, тележүргізуші Біржан Кухаев жұмысымызбен жете танысып, бірнеше аудиокітаптың дыбысталуына өз үлесін қосты. Зағип пайдаланушылардың ақпараттарды ыңғайлы түрде алуға мүмкіндік беру мақсатында ресейлік «Көз мүгедектерінің бірінші интернационалды «Логос» онлайн кітапханасымен келісімшарт жасалды. Зағип оқырмандар кітапхананың сайты арқылы тіркеліп, аудиокітаптарды тыңдай алады. Мұнда зағип оқырмандар үшін кітап жүктеу процесі тегін. Біздің кітапхана бұл бағдарламаға 2015 жылы тіркелген, бүгінге дейін онда дыбыстандырылған 20-дан аса кітабымыз жүктелді. Оқырмандар игілігіне арналған бірқатар кітапханалық жобалар бар. Елімізге, өңірімізге танымал өнер майталмандарын насихаттау, оларды кітапхана оқырмандарына таныстыра отырып, рухани демалыс ұйымдастыру мақсатында «Өнерде өрге жүзгендер» атты жоба жұмыс істеп тұр. Жоба аясында ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев өнер тұлғаларымен ашық сұхбат жүргізеді. Кітапханамызда оның өмірі мен шығармашылығына арналған көрме залы бар. Сонымен қатар облысымыздың ақын-жазушыларының шығармашылығын көз мүгедектігі бар оқырмандарымызға қолжетімді ету мақсатында «Өлке қаламгерлерінің шығармашылығы – Брайль қарпінде» атты жоба жұмыс істеуде, – деді Айжан Дәулетқалиева.

Обл. арнаулы кітапханада дыбысталған аудиокітаптар

Аталмыш жобаның жүзеге асуына тифлоақпараттық-библиографиялық бөлімінің басшысы Кербез Қадырбекованың көп еңбегі сіңген. Нақтырақ айтсақ, Кербез Ердәулетқызының облыстық арнаулы кітапханада қызмет атқарып келе жатқанына биыл 26 жыл толыпты. Ол мұндағы әдеби көркем кітаптарды нүктелі-бедерлі қаріпті кітапқа айналдыру бағытында жұмыс істейді. Кітапқұмар көз мүгедектігіне шалдыққан зағип жандар осы бір әдеби бағыттан алыстап кетпесе екен дейді. Себебі әдебиет – іңкәр сезімдерді суреттейтін, адамның жан-мұңы шертілетін тылсымға толы әлем. Кербез ханымның әдебиетке деген махаббатының алдында көз мүгедектігі кедергі болмаған. Өзі кішкентай кезінде Кеңес үкіметі кезеңіндегі ауторлар мен Шыңғыс Айтматовтың туындыларын сүйіп оқыған.

1998 жылы өзінің қабілет-қарымының арқасында Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханада кітапханашы қызметіне орналасқан. Қызметтегі үздік нәтижесінің арқасында және біраз тәжірибе жинақтаған соң кітапхана әдіскері болған. Кітапхана қызметкері болуға деген ынта-бейілі артып, М. Өтемісов атындағы БМУ-дың «Кітапхана ісі» мамандығына 2001 жылы оқуға түсіп, оны үздік аяқтап шығады. Соңғы бес жылда оқыған кітаптар арасында Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасы қатты ұнағанын айтады. Қазір шетел әдебиетіне бетбұрыс жасамақ ниеті бар екен.

– Кітапхананың ішкі жұмысымен жете таныс адамдар да біледі, біздің жұмыс қызыққа толы. Бірақ көбіне кей адамдарда кітапхана жұмысы оқырмандарға кітап беріп, оны қайта қабылдаумен ғана шектеледі деген ұғым қалыптасқан. Осы орайда осындай пікірлердің өте қате екенін айтып өткім келеді. Өзім ширек ғасырға жуық уақытымды кітапханаға арнаппын. Осы жылдар маған өшпес тәтті естеліктер жиып берді. Кітапханамыз көз алдымда дамып, жаңа технологиялармен толықты.


Бұрын біз кітаптарды нүктелі-бедерлі қаріпке айналдырған кезде парақтарды қолмен шұқылап, түртіп отыратын едік. Қазір нүктелі-бедерлі қаріппен басып шығаратын арнайы 3 автомат-принтер бар. Бала күнімде нүктелі-бедерлі қарпі әліпбиімен жиі кітап оқып, жетік меңгеріп алғанмын. Қаламыздағы зағип жандарға арналған «Брайлист» деп аталатын нүктелі-бедерлі қарпін үйрену үйірмесін 2000 жылы аштым. Ол үйірме күні бүгінге дейін қызметін жалғастыруда, кітапхананың тифлоақпараттық-библиографиялық бөліміндегі мамандар жұмыс істейді. «Өлке қаламгерлерінің шығармашылығы – Брайль қарпінде» деп аталатын өлке қаламгерлерін қолдау мақсатында ашылған жоба 2022 жылдан бері жүзеге асып келеді. Жоба аясында алғаш рет ақын Асантемір Қаршығаұлының «Шідерлі шер» жыр-жинағын нүктелі-бедерлі қарпінде басып шығарып, аутормен кездесу кешін ұйымдастырдық. Кітапханамыздың тұрақты оқырманы, жас ақын Асылбек Қуанышқалиевті мектеп кезінен жақсы танитынбыз. Ол Асантемір Қаршығаұлымен кездесу кешінде өлеңін оқып, ақынның назарына ілінді. Көру қабілеті нашар болса да, өлеңге ынталы, поэзияға ынтық осындай жас бар екенін айта жүріп, Асылбектің кітабының шығуына себепкер болды. Асантемір ақынның досы Қанат Шаутенов есімді кәсіпкер азамат демеуші болып, Асылбек Қуанышқалиевтің «Жүрек сөзі» деп аталатын жыр жинағы жарық көрді.

«Жүрек сөзіне» жол ашқан кітапханамыз» деп қуанып, Асылбектің кітабын да нүктелі-бедерлі қаріп түрінде басып шығардық. Сондай-ақ, нүктелі-бедерлі қаріпте жазылған Қадыр Мырзалиевтің «Егіз жолдар» кітабы, Мұнайдар Балмолданың «Абадан» кітабы өзге өңірлердің арнаулы кітапханалары арасында сұранысқа ие. Бұл кітаптардың электронды нұсқасын жуық арада Астана, Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Шымкент қалаларындағы арнаулы кітапханаларға жолдамақпыз. Нүктелі-бедерлі қарпімен басылған бір кітап кемінде үш бөлімнен тұрады. Себебі кітаптың бір бөлімі 180-200 беттен аспауы қажет. Ондай жағдай орын алса, кітап беттерінің көптігінен оқуға қолайсыздық тудырады. Әрі бұл қаріп жүйесінің көлемі де үлкен. Қазіргі таңда кітап сөремізде бедерлі-нүкте қарпімен жазылған 12 мыңнан астам кітап бар. Оның 100-ге жуығын біз өзіміз жасадық. Еліміз бойынша зағип жандардың оқуына арналған кітаптарды «Жылы ұя» Қазақ соқырлар қоғамының оңалту орталығы мен өзге өңірлердің арнаулы кітапханалары да шығарады. Біз олармен қарым-қатынас жасасып тұрамыз. Яғни бізде жоқ кітаптарды олардан алып, оларда жоқ кітаптарды біз беріп, кітап қорын үнемі толтырып отырамыз. Сондай-ақ кітапханамыз облыстық көру қабілеті бұзылған арнаулы мектеп-интернатының оқушыларымен тығыз байланыс орнатқан. Әдебиетке өз үлесін қосқан ақын-жазушылардың мерейтойы қарсаңында әртүрлі шаралар ұйымдастырамыз. Былтыр «Бір ел – бір кітап» жобасы аясында оқушылардың қатысуымен бірнеше шаралар өтті. Көру қабілеті нашар жандар үшін «Жайпақ баспалы» кітаптарды да жиі шығарамыз. Жайпақ баспа негізінде «Луч» ақпараттық газеті, «Әдемі-ай», «Балбұлақ» журналдары жарыққа шығып тұрады. Ол журналдар қазақтың салт-дәстүрлері, психологиялық кеңестер, өлке тарихы, денсаулықты күтіп ұстау турасында танымды ақпараттарды жариялайды, – деді Кербез Ердәулетқызы.

Кербез ханым еңбек жолын Қазақ соқырлар оқу өндірістік кәсіпорынында бастаған. 1990 жылдары ол мекеменің гүрілдеп тұрған кезі екен. Өмірлік серігімен сол жерде танысып, 18 жасында тұрмыс құрған. Қазіргі таңда 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, үш немере сүйіп отырған аяулы әже. Жұбайы «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестінің басшысы болып қызмет атқарады. Кітапхана жұмысында ширек ғасыр қызмет атқарып, бүгінге дейін бірнеше республикалық, облыстық марапаттардың иегері атанған. Атап айтсақ, «Үздік қызметкер», «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер», «Үздік мәдениет қызметкері» секілді төсбелгілері кеудесінде жарқырайды.

Облыстық арнаулы кітапхана жұмысы мұнымен шектелмейді. «Қуырмаш» тифло кидс студиясы шығармашылық жобасы бойынша ертегілер, ғибратты әңгімелерге аудиоподкасттар жасалады. Бұл нашар көретін балалар үшін тиімді. Шығармашылық қабілеттерін ашуға мүмкіндік беретін «Үстел үсті қуыршақ театры» бар. Сондай- ақ «Шекарасыз кино әлемі – тифлокино» жобасы 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. «Соқыр ана», «Ер Жәнібек», «Көксерек» фильмдеріне тифлоаударма жасалып, оқырман назарына ұсынылған.

Бұрын бұл кітапхана ақпарат алатын орын ғана болса, қазір әртүрлі танымдық, әдеби іс-шаралар өтетін мәдени ошаққа айналды. Осындай игі істерге ұйытқы болып отырған кітапхана ұжымына алғыс айта отырып, барша кітапханашыларды мерекесімен құттықтаймыз!

Нұрым Ғұмар

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале