Бүгін Қазақстанда 3 млн 700 мыңнан астам оқушы оқу жылын аяқтап жатыр.
172 мың түлек 11 сынып бітірді, оның 6 800-і «Алтын белгі» үміткерлері. Ал 9-шы сыныпты 288 мыңнан астам түлек тәмамадады. 1-10 сыныптар аралығындағы балардың 85,3% жазғы демалыс және сауықтырумен қамтылады. Бұл – ел бойынша 2 млн 800 мың бала. Оның ішінде 500 мың жекелеген санаттағы отбасы балалары бар, - деп хабарлайды ҚР оқу-ағарту министрлігі.
Балалар демалысын ұйымдастыру үшін 218 қала сыртындағы және 10 200 мектеп жанындағы, профилдік, шатырлы лагерлер жұмыс жасайды.
Сонымен қатар «Этноауыл», «Жаздық жолдама» жобалары іске асырылады. Жетекші университеттер жанындағы жазғы және олимпиадалық резерв мектептері жұмыс жасайды.
Жазғы демалыста 1 млн 400 мың бала үшін қосымша білім беру мекемелеріндегі секциялар мен үйірмелер ашылады. Ғылыми-техникалық, музыкалық, көркемдік, экологиялық, туристік және басқа да бағыттардағы 11 мың үйірме балаларды қабылдайды.
Сондай-ақ балалар «Жасыл ел» бағдарламасы шеңберінде көгалдандырумен шұғылданады, еліміздің киелі жерлеріне саяхаттап, спорттық жаттықтыру жиындарында шынығады, тілдік курстарға қатыса алады.