29.01.2026, 9:00
Оқылды: 12

Бұқа бағып, ән салған «Кикабидзе»

Байыппен қараған адамға, күнделікті күйбең тірлік деп жүргеніміздің өзі қызыққа, яғни әрқилы оқиғаға толы. Қадыр ақын «Өзің қандай болсаң - өмір сондай» деген екен. Рас-ау!

3

Былтырғы жылдың соңында «Ақжайық» шипажайында тосыннан «Кикабидземен» ұшырасып қалдым. Тырнақшаға қарап, грузиннің әнші-актері еместігін бірден білген шығарсыз. Вахтанг Кикабидзенің репертуарындағы әндерді нәшіне келтіре орындайтын Сәрсенғали Абдоловты төңірегі Кикабидзе атап кеткен болатын. Жазғандарым түсінікті болу үшін сәл шегініс жасайын. Өткен ғасырдың сонау сексенінші жылдарында Жәнібек  ауданы  бозбалалары жаппай еліктеген бір жігіт болды. Бұлшық еттері бұлтиған спортшы, күміс көмей әнші, буынсыз биші, сөзге шешен, демек қай жағынан алсаң да, көсем! Сол жігіт алдымда тұрған Сәрсенғали болатын. Жасы алпыс беске келіп, егделікті мойындаса да, «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпегені» көрініп тұрды. Еті қашпаған, көз жанары өткір, қимылы ширақ, дауысы ашық. Тек қолындағы таяныш таяғы бір кездегі сері жігіттің бәсіне сәл ғана көлеңке түсіргендей. Бұл бертінде орын алған жол-көлік оқиғасының салдары боп шықты. Таяғы Сәрсенғалидың бұрынғыша ән салып, би билеп, асаба ретінде көпшілікті үйіріп әкетуіне кедергі жасамайды екен. Мұны  шипажайда  дәлелдеді.

Сәрсенғали Абдоловпен таныс-біліс болуым журналистік қызметіме байланысты еді. Облыс аумағына жиі іссапарға шықтым. Әртүрлі мамандық иелерімен жүздесіп, газет беттерінде мақала, очерктер жарияладым  дегендей.

Иә, анабір жылдарда Жәнібек ауданы дүрілдеді-ау! Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы қатар дамып, социалистік жарыстың алдын бермейтін. Шемпион да осында, депутат та, делегат та осында, лауреат та осында! Экономика мен әлеуметтік жағдай қабысып, ауданның мәдени өмірі де тың белестерге шыққаны көз алдымызда.

Әдіскерліктен аудандық мәдениет үйінің директорлығына жоғарылатылған Сәрсенғали жаңа қызметіне түпбасымен беріліп кетті. Өнер түрлері бойынша топ құрып, атқарылатын жұмыс ауқымын кеңейтті. Мәдени шаралармен аудан көлемін қамтып қана қоймай, Волгоград облысының көрші аудандарына гастрольдік сапарлар ұйымдастырды. Сонау аласапыран жылдарда Ресейге қоныс аударған қандастарымыз Волгоград облысында қазірге дейін ауыл-ауыл болып тұрып жатыр. Сол ағайындар кезінде Сәрсенғали бастаған көркемөнерпаздарды қуана қарсы алып, аяқтарын жерге тигізбейтін. Орыс, басқа да ұлт өкілдері жәнібектіктердің өнеріне риза болып, бір елді мекеннен келесі елді мекенге қалың дүрмекпен шығарып салушы еді. Осындай бір серілік сапарда, қазақ ауылында Сәрсенғали Нұрзия есімді бойжеткенмен танысып, отау тігуге  сөз  байласады.

Сәрсенғали Абдолов – мәдениет саласының дипломды маманы. Ол Талдықорған облысы, Сарқант кен-тіндегі мәдени-ағарту училищесін үздік бітіріп, бірден аудандық мәдениет үйінің директоры болып тағайындалады. Қызметіне кіріспес бұрын, екі аптаға рұқсат алып, туған Жәнібегіне қыдырыстап келеді. Сөйтіп,  сонда  қалып  қояды.

Күндер зулап, айлар ағып, жылдар жылжи берді. КСРО деп аталатын алып империяның ыдырағанын да көз көрді. Қоғамдық құрылым өзгерді. Құндылықтар сараланды.

Жәнібек аудандық мәдениет үйінің беделді директоры Сәрсенғали Абдолов Ресей федерациясы азаматы боламын деп ойлап па?.. Мүлдем ойлаған емес-ті! Тағдырдың жазуы дейсіз бе, дәмнің бұйыруы дейсіз бе, әйтеуір, Сәрсенғали отбасымен Волгоград облысындағы асыл тұқымды бұқа өсіретін әйгілі стансадан келіп бір-ақ шығады. Станса директоры өнерлі жігітті сахнада салған әндері арқылы білетін. Ол бірден көмегін көрсетіп, екінің бірі қол жеткізе алмайтын  жалақысы жоғары бұқа бағушылықты қолайлайды Сәрсенғалиға. «Адамның болмысын тұрмысы билейді» дегендей, Сәрсенғали күрделі кезеңде отбасының қамын ойлап, бұқа бағады. Ауыл баласы малдан жеріне ме? Сәрсенғали қарамағындағы он бұқаны перзенттеріндей аялап, баптайды. Алуан түрлі селекциялық тәжірибелер арқылы шыққан бұл бұқалар  тұқымы ғылыми тұрғыда өте жоғары бағаланып, шетелдер валютасына сатылады екен. Бұқалардың жемдері тікелей Мәскеуден жеткізіліп  тұрса  керек.

Өткір кездік қап түбінде жата ма? Сәрсенғали өнерден қол үзбейді. Жергілікті көркемөнерпаздар ұжымының белсенді мүшесі ретінде сахнаның сәні болып жүріп жатады. «Бұқа бағып, ән салған «Кикабидзенің» аты көрші аудан, селолар арқылы Еділ бойына тарайды. Тіпті Мәскеуге де жетіп, Қазақстан республикасы елшілігінен шақырту келеді. Сәрсенғали Абдолов Мәскеудегі Наурыз мейрамдарында алуан сахнадан қазақ әндерін шырқайды. Кикабидзенің репертуарындағы әндерді де әуелетеді. Әсіресе, «Мои года – мои богатства» әнін жұрт қайта-қайта орындатады. Мұны естіп-білген Вахтанг Кикабидзе «Еділ бойында менің қазақ ізбасарым бар» деп отырады екен төңірегіне.

Сәрсенғали Мәскеуден дос-жарандар тауып, мидай араласып кетеді. Десек те, ол ойлана бастайды. Адам үнемі жас болып қалмайды. Өткен жылдар жас қосады, тәжірибе әкеледі. Өмірдегі орныңды меңзейді. Туған жер, өскен орта Сәрсенғалидың түсінен шықпайды. Өсіп келе жатқан ұрпақ қамы толғандырады.  Сәрсенғали мен Нұрзия балаларымен оралмандық құжат негізінде Қазақстанға оралып, Орал қаласын  мекен етеді. Ұл ұяға қонып, қыз қияға ұшып дегендей, немере-жиендер сүйеді. Бұл өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді

ғой. Сүйген жары Нұрзияның өмірден мезгілсіз озуы Сәрсенғалиды теңселтті, бірақ құлата алмады. Өнері көмекке келді. Қалалық ардагерлер ұйымы көркемөнерпаздары құрамында болып, жұртшылыққа мәдени қызмет көрсетуге атсалысты.

Араға ондаған жыл салып қауышқан Сәрсенғали інім «Ақжайық» шипажайында да өзін қатардың адамы ретінде таныта білді. Сауық кештерінде ән шырқап, би билеп, ұлағатты сөздерін айтып, ал жұма күнгі дастарқан басында Құраннан аят оқып, тағы бір қырынан көрінді.

Адам – табиғаттың перзенті. Оның өмірі де көктем, жаз, күз, қыс сияқты төрт мерзімнен құралса керек. Төртеуінің де өзіндік қызық, артықшылықтары бар. Мұны тек түсіне, сезіне, түйсіне  білу  керек.

Мәдениет саласының майталманы Сәрсенғали Абдолов туралы мақала жазу арқылы ортаға ой тастағым келді. Демек, өмір өз қолымызда. Оны барынша мазмұнды, мәнді, сәнді өткізу де өзімізге байланысты.

Айтқали  Нәріков,

ақын, «Парасат» орденінің иегері,

Орал қаласының құрметті азаматы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале