БҚО прокуратурсында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналған ведомствоаралық кеңес өтті.

Жиын барысында білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру, балалар арасындағы ықтимал қауіп-қатерді дер кезінде анықтау және олардың алдын алу бағытындағы жұмыстың жай-күйі сараланды. Сонымен қатар полиция мен білім беру құрылымдарына профилактикалық жұмысты күшейтуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді.
Биылғы оқу жылында өңір мектептерінде 128 мың бала білім алады. Демек, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – білім беру саласының ғана емес, тұтас қоғамның басты міндеттерінің бірі. Осыған орай облыста балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, білім беру ұйымдарында қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде.
Қазірде 328 мектепте буллингтің алдын алуға бағытталған «ДосболLike» және «Кива» бағдарламалары енгізілген. Бұл бастамалар 122 мыңнан астам оқушыны қамтып отыр. Мұндағы негізгі мақсат – білім алушылар арасында өзара сыйластық пен түсіністікті қалыптастырып, балалардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ буллинг белгіле-рін ерте кезеңде анықтап, оның алдын алу. Білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жү-йелерімен қамту бағытындағы шаралар да назардан тыс қалған жоқ.
– Қазірде облыстағы 413 білім беру ұйымы қауіпсіздік жүйелерімен толық қамтылған. Ұйымдарда бейнебақылау камералары, турникеттер, лицензияланған күзет, дабыл батырмалары және полицияның жедел басқару орталығына қосылған жүйелер жұмыс істейді. Облыстық білім басқармасы мен полиция департаментінің бірлескен жұмысы аясында мемлекеттік және жеке меншік білім беру ұйымдарының дабыл түймелері мен бейнебақылау жүйелерін жедел басқару орталығына және аудандық полиция бөлімдеріне қосу жұмысы жүргізілді, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин.

Балалардың қауіпсіздігі мәселесінде олардың денсаулығы мен өміріне төнетін қауіп-қатерді алдын ала анықтаудың маңызы зор. Осы мақсатта кәмелетке толмағандардың суицидтік мінез-құлқына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға арналған ведомствоаралық өзара іс-қимыл тәртібі бекітілді. Бұл тетік балалар арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау жағдайларының алдын алуға, тәуекел факторларын ерте анықтап, тиісті шараларды уақтылы қабылдауға бағытталған.
Кеңесте бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың жекелеген тұстарына да назар аударылды.
– Жыл басынан бері Оралда үш суицид фактісі тіркелді. Бұл жағдайлардың маңызды ерекшелігі олардың барлығы дәстүрлі түсініктегі тәуекел тобына жатпайтын балалар. Үш баланың да материалдық жағдайы жақсы болған. Білім алудағы көрсеткіштері де жоғары. Олардың арасында спорт және оқу бағытында жақсы нәтижелерге қол жеткізгендері де бар.
Осыған байланысты балалар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу кезінде баланың әлеуметтік жағдайын ғана ескеру жет-кіліксіз екенін байқаймыз. Осы бағытта суицидтік фактілер бойынша облыстық прокуратура ұсынған талдау алгоритмі негізінде бірлескен жұмыс басталды, – деді облыстық балалардың құқығын қорғау басқармасының басшысы Афиза Семғалиева.
Баланың қауіпсіздігі тек оның мектептегі тәртібімен немесе үлгерімімен шектелмейтін ауқымды мәселе. Сондықтан профилактикалық жұмыс барысында әр баланың жеке жағдайын, оның қоршаған ортасын, психологиялық ахуалын, құрдастарымен қарым-қатынасын және басқа да факторларды кешенді түрде қарастыру қажеттігі алға шықты.
Облыс прокуратурасының бастамасымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірнеше жоба жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – «Қауіпсіз өңір» жобасы. Жоба аясында білім беру ұйымдарына іргелес аумақтарға мониторинг жүргізіліп, Орал қаласындағы 16 мектептің инфрақұрылымын жақсарту қажеттігі анықталған. Бүгінде аталған білім беру ұйымдарының барлығында қосымша жарықтандыру орнатылды.
Бұл ретте мектеп маңындағы аумақтардың қауіпсіздігіне баса мән берілуде. Өйткені баланың қауіпсіздігі мектеп ғимаратының ішіндегі жағдаймен ғана өлшенбейді. Білім ордасына кіріп-шығатын жолдар, аулалар, жаяу жүргіншілер өтетін орындар, жарықтандыру жүйесі мен бейнебақылау секілді факторлардың барлығы назарда болуы тиіс.
Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы тағы бір тың жоба – «Бала қорғаны АІ» цифрлық платформасы. Жоба облыс прокуратурасының бастамасымен қолға алынып отыр.
– Платформа мектептерде құқықбұзушылықтың ықтимал тәуекелдерін ерте анықтауға, балаларға көмек көрсетуді ұйымдастыруға және уә-кілетті құрылымдардың кәсіби жұмысын цифрландыруға бағытталған. Оның функционалы сауалнама жүргізу және SOS модульдері, менеджмент, мектепішілік есеп жүргізу және аналитикалық блокты қамтиды.
Аталған құралдар мектептердегі қауіпсіздік деңгейін анықтап, қазіргі ахуалды бақылауға, тәуекелдерді уақтылы анықтауға және уәкілетті құрылымдар тарапынан ерекше назар аударуды қажет ететін білім беру ұйымдарын айқындауға мүмкіндік береді. Осылайша «Бала қорғаны АІ» жобасы орын алған әр келеңсіз жағдайға ден қойып қана қоймай, олардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Жүсіп Берлібай.
Жиын барысында аталған цифрлық платформаны енгізу және оны Орал қаласы мен Бәйтерек ауданының білім беру ұйымдарында сынақтан өткізу туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға бағытталған маңызды қадам.
Кеңесте өңірдегі барлық жауапты мемлекеттік құрылымның өзара іс-қимылын одан әрі күшейту мәселесі де сөз болды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты ортақ жауапкершілік екенін атап өтті. Ол бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жүргізіліп, әр баланың құқығы мен заңды мүддесі нақты қорғалуы керектігін айтты.
– Білім басқармасы жаңа оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарында өткізілетін шаралардың мазмұны мен сипатына қарай құқық қорғау құрылымдарының өкілдерін және ата-аналарды қатыстыру қажет. Ата-аналар да Президентіміз бекіткен «Заң мен тәртіп» идеологемасын терең түсінуі тиіс.
Балалардың тәртібіне қатысты барлық факті туралы мектеп басшылығы құқық қорғау құрылымдарына дереу хабардар етуі шарт. Бұл проблеманы уақтылы зерделеп, сапалы шешім қабылдауда маңызы зор. Барлық аудан әкімдері мен қала әкімі мектептер мен білім беру ұйымдарының аумағын қауіпсіз ету үшін қажетті жерлерге бейнебақылау камераларын орнатуы керек. Мен атаған шаралардың барлығы бала қауіпсіздігі мәселесінің оң шешілуіне ықпалын тигізетін болсын, – деді өңір басшысы.
Профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу, буллингке жол бермеу, суицидтік мінез-құлық белгілерін ерте анықтау, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық қауіпсіздігін күшейту мәселелері жиында кеңінен талқыланды.
Бұл ретте білім беру ұйымдары, ата-ана, құқық қорғау құрылымдары, жергілікті атқарушы билік пен қоғам өзара бірлесе әрекет еткенде ғана нақты нәтиже болады.
Түгелбай БИСЕН,
«Орал өңірі»