4.04.2023, 9:15
Оқылды: 46

Бүрсікүні — бірінші ойын! «Ақжайық» пен «Елім-ай» кездеседі

Көптен күткен футбол маусымының шымылдығы ашылар күн де жақындады. Былтыр жоғары топтан түсіп қалған жергілікті «Ақжайық» биыл қазақ футболының элитасына оралуға тырысады. Ондай мүмкіндік те бар. Өйткені Шымкентте өткен ел кубогі бәсекесінің алғашқы кезеңінде Игорь Прохницкийдің шәкірттері шашасына шаң жұқтырмай, өз тобында бірінші орынды жеңіп алды. Ал 1/8 финалға жолдама берер ойында «Академия Оңтүстік» командасын тас-талқан етті.

747dcbfd-cbf6-47c5-9eb1-db129062c0ca

Кубок бәсекесінің алғашқы кезеңінде қарсылас қақпасына 22 гол соғып, небары үш-ақ гол өткізген «Ақжайық» сәуірдің 6-сы күні басталатын біріншілікте де осындай нәтиже көрсетеді деген сенімдеміз. Оның үстіне алғашқы 4 ойында 13 гол соғып, әзірге кубок бәсекесінің сұрмергендер көшін «Ақжайықтың» шабуылшысы Арман Ысмайылов бастап келеді.

Жалпы жергілікті команда биылғы біріншілікте талай додада сыналған Бауыржан Омаров, Эльдар Абдрахманов, Мейрам Сапанов сияқты тәжірибелі тарландарға қоса, Әділет Болатов, Бекзат Иманғазеев, Ырысбек Қоңыров, Темірлан Үмбетов, Николай Жилин сияқты оралдық жас таланттарға да сенім артады.

Біраз жанкүйер былтыр команда көшбасшыларының бірі болған армениялық Завен Бадоян мен украиндық қақпашы Радион Сямуктың қатарға  қосылғанын жақсылыққа балап жүр. Жалпы жаңа маусымға жасақталған құрамның 80 пайызын жергілікті ойыншылар құрап отыр.

Ал алғашқы ойынға келер болсақ, «Ақжайық» командасының жоғары топқа шықсақ деген жоспарын семейлік «Елім-ай» бұзбақ ниетте көрінеді. Өйткені олар да келер маусымды бірінші топта өткізуге түбегейлі қарсы. Сол себепті Абай облысының командасы Оралға жеңіс үшін келе жатыр. Осылайша биылғы біріншіліктің қос фавориті бірінші турда кездеспек.

Батыс пен шығыстың «шайқасы» сәуірдің 6-сы күні «Ақжайық» стадионында өтеді. Ойынның басталу уақыты – 16:00. Қасиетті Рамазан айының 15-ші күніне тура келген ойынға кіру тегін.

Абай мен Жұбан ақынның, Мұхтар мен Қадырдың жерлестерінің жасыл алаңдағы доп-көкпарынан құр қалма, ағайын.

Түгелбай Бисен,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале