Былтыр мемлекет әлеуметтік төлемдерге 3,7 трлн теңге жұмсаған. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде осындай мәлімет айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Есепті жылы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындау қамтамасыз етілді. Әлеуметтік төлемдерге 3,7 трлн теңге бағытталды. Бұл республикалық бюджет шығыстарының 24%-ын құрады.
Жыл сайынғы индекстеу аясында 4 млн қазақстандық үшін зейнетақы мен жәрдемақының өсуі қамтамасыз етілді. Азаматтық қызметшілердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жалғастырылды. Орта есеппен оның өсуі білім беру жүйесінде 19%, денсаулық сақтау саласында – 20-30%, әлеуметтік салада – 45% - болды.
Жұмыс істейтін қазақстандықтар сақтандыру тәуекелдері басталған кезде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер алды. 2021 жылы төлемдер көлемі шамамен 1,1 млн адам үшін 340 млрд теңгені құрады», – деді министр.
Сондай-ақ ол 2022 жылдың басынан бері мәдениет, мұрағат ісі ұйымдарының 591 мың азаматтық қызметшінің жалақысы өскенін атап өтті.