23.01.2024, 10:45
Оқылды: 77

Бюджет шығындары инвестиция көлемінен асып түсті

Облыстық мәслихаттың кіші мәжіліс залында тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда білім басқармасындағы «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының орындалуына және өңірдегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелері қаралды. Отырысқа тексеру комиссиясының төрағасы, мүшелері және мемлекеттік аудиторлар қатысты. Жиынға облыстық мәслихаттың қаржы, бюджет және аймақтарды дамыту мәселелері бойынша тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары Азамат Бисенов, осы комиссияның мүшесі Сержан Идиятов, облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева және аталмыш басқарманың өзге де мамандары қатысты.

e8562735-c169-4fa3-a4d0-a527f924605f

Жоғарыда аталған аудиторлық іс-шараға жауапты тексеру комиссиясының мүшесі Батыржан Хамидуллин баяндама жасап, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының орындалу тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижесінде анықталған негізгі бұзушылықтарға тоқталды. Аудиторлық іс-шара Ақжайық ауданындағы Тайпақ ауылындағы Краснояр (қазіргі Ы. Алтынсарин мектебі сметада солай жазылып кеткенаутор.), Казталов ауданы Жалпақтал ауылындағы Ғ. Молдашев атындағы, Теректі ауданындағы Аңқаты, Тасқала ауданындағы Мерей ауылындағы орта мектептердің ғимараттарына, Казталов мектеп-лицейіне, Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылындағы Жәңгір хан атындағы мектеп ғимараты мен мектеп жанындағы интернатқа, Шыңғырлау ауданы Ащысай ауылындағы мектеп-балабақшаға жүргізілген күрделі жөндеу жұмысын қамтыған. Аталған нысандарды тексеру барысында облыстық білім басқармасының және аудандық білім беру бөлімдері өкілдерінің, техникалық қадағалаушылардың қатысуымен бақылау өлшемдері жүргізіліп, іс жүзінде орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жұмыс түрлері үшін қаржы аударылғандығы анықталған. Атап айтқанда, Краснояр орта мектебі ауласының қоршауын орнату кезінде 955,2 мың теңге, Ғ. Молдашев атындағы орта мектебі ауласының қоршауын, терезелерін орнату кезінде 4 571,6 мың теңге, Мерей орта мектебінде балалар алаңын орнату кезіндегі олқылықтар және мектеп асханасында кафель салынбау салдарынан 448,9 мың теңге көлемінде қазына қаржысы негізсіз пайдаланылған. Ащысай мектеп-балабақшасында балалар алаңқайын орнату кезінде және мектеп ғимаратының төбесін жылыту үшін тиісті материалдар салынбау салдарынан 16 081,2 мың теңге, Аңқаты орта мектебінде жылыту радиаторларын орнату кезінде 3 192,9 мың теңге бюджет қаражатының негізсіз пайдаланылуына жол берілген.

Комиссия отырысында аталған бұзушылықтар қызу талқыланып, білім басқармасының өкілдері бұл жағдайлардың орын алу себептерін мемлекеттік сатып алу заңдылығындағы үйлесімдіктен, қаржының уақтылы түспеуінен және мердігерлердің жауапсыздығынан, жобаның шикілігінен деп түсіндірді.

Күрделі жөндеуге тапсырыс беруші ретінде жоғарыда аталған аудандық білім беру бөлімдерінің, авторлық және техникалық қадағалаушылардың әкімшілік жауапкершіліктерін қарастыру үшін тиісті материалдар облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жолданған. Сонымен қатар қаржылық есептіліктің бұрмалануына жол берген Ақжайық және Тасқала аудандарының білім беру бөлімдерінің есепшілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды және оларға айыппұл салынды.

Отырыс қорытындысы бойынша облыстық білім басқармасына және аталған аудандық білім беру бөлімдеріне бұзушылықтарға жол берген қызметкерлердің жауапкершіліктерін қарастыру, негізсіз пайдаланылған қаражатты қолданыстағы заңнамаға сәйкес бюджетке кері қайтару жөніндегі тиісті шараларды қабылдау үшін Тексеру комиссиясының нұсқамалары жолданатын болды.

Өңірдегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) жобаларын іске асыру тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелері туралы тексеру комиссиясының мүшесі Ерлан Сапиев (суретте) баян етті. 2018 жылдан бері облыста 22 мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы жүзеге асты, соның ішінде 6 жоба іске қосылды. 2024 жылы облыстық клиникалық ауруханадағы  асхананы күрделі жөндеу және технологиялық жабдықтарды ауыстыру жұмысын жүргізумен жалға беру жобасы аяқталады. Білім беру саласында 13 жоба қолға алынған. Жеке серіктес «Орал қаласындағы Бастау көшесіндегі №9-үйді балабақшаға лайықтау жобасын» мемлекет тарапынан міндеттемесіз толығымен жүзеге асырған. Қалған 12 жоба Орал қаласында (6 жоба – 44 мектепте), Ақсай қаласында (6 жоба – 8 мектепте) мектеп асханаларын ағымдағы жөндеу және жабдықтарын ауыстырумен се­німгерлік басқаруға беруге бағытталған. 2022 жылы «Теннистен облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер мектебін» сенімгерлік басқаруға беру» МЖӘ жобасын іске асыру аясында жеке серіктесті анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілгенімен әлі күнге жүзеге асырылмаған. Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша 5 450,4 мың теңге шамасында бұзушылықтар анықталды, ол сома бюджетке өтелуге жатады. Сондай-ақ 3 процессуалдық бұзушылық бары мәлім болды. Оралдағы сенімгерлік басқаруға берілген 44 мектептің 20-сында ағымдағы жөндеу, 26 мектепте құрал-жабдықтарды ішінара ауыстыру қажет екені келісімдерді зерделеу барысында айқындалды. Алайда МЖӘ аясында жаңа мектептер сенімгерлік басқаруға берілгені ақылға сыймайды. Өйткені ондай білім ұяларындағы асханалар жөндеуді немесе жабдықтарды ауыстыруды қажет етпейді емес пе? А. Байтұрсынов атындағы №10 жалпы білім беретін мектепте жүргізілген қарсы тексеру барысында тамаққа екі есе ақы төлеу деректері анықталды.  Кейбір оқушылар төменгі сынып оқушыларының екі тізімінде де тұр: аз қамтылған отбасы және 1-4-сынып оқушыларының тізімдерінде. Осының салдарынан 1-4-сынып оқушыларын тамақтандыру қызметі үшін негізсіз төлем 82,6 мың теңгені құрады.

– МЖӘ жобасы жүзеге асырылғанға дейін мектеп оқушыларын тамақтандыру конкурстық негізде жүзеге асырылып, қызмет көрсетушілер коммуналдық меншік жөніндегі уәкілетті құрылыммен келісімшарттар арқылы жыл сайын мектеп асханаларының үй-жайларын жалға алатын. Жалдау ақысының мөлшері айлық есептік көрсеткішке байланысты есептелді. 2020 жылы Оралдағы 44 мектептің жалдау ақысы 30 миллионнан астам теңгені құрады. 2023 жылы бұл сома шамамен 40 миллион теңге болуы тиіс еді. МЖӘ жобасын іске асырудың 8 жыл 6 айында жалға беруден бюджет шығындары жеке серіктестер салған инвестиция көлемінен асып түсті. Осыншама мерзім ішінде қолданыстағы жабдықтар ескіретінін және қайтадан ауыстыруды қажет ететінін атап өткен жөн, – деді Ерлан Сәпиев.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале