13.04.2023, 11:00
Оқылды: 39

Бюджет шығыстары – 396,9 млрд теңге

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс екінші сессиясы өтті. Оған өңір басшысы Н.Төреғалиев, облыс әкімінің орынбасарлары, қала мен аудан әкімдері, құқық қорғау құрылымдары мен басқарма басшылары, ақпарат  құралдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – облыстық  мәслихаттың  2022  жылғы 14 желтоқсандағы  №16-1  «2023-2025  жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу. Бұл туралы облыстық қаржы  басқармасының  басшысы Нұрлан  Есенғалиев баяндама  жасады. 

d64c15dd-a0f1-4e43-ba60-b7038b4dae27

Әп дегеннен айтарымыз, жергілікті бюджеттің нақтылануы Бюджет кодексінің 108-бабына сәйкес атқарушы құрылымның ұсыныстары негізінде жүзеге асырылады. Осы мақсатта аталмыш бюджет жобасы таяуда өткен қоғамдық кеңес отырысында жан-жақты сараланып, артық-кемі екшеліп, онда айтылған барлық дәлел-дәйектер цифр тілімен газетімізде («О-ө», №29,  11 сәуір, 2023 ж.) көрініс тапқан соң, оны сол күйі қайталауды жөн көрмедік. Әрі депутаттар күнілгері тұрақты комиссияда өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, шикілеу тұстарын қайыра бір пісіріп, бекітуге ұсынғаннан кейін бұл жерде артық-ауыс әңгіме болмады. Осылайша, облыстық бюджет шығыстары 396,9 млрд теңгені құраса, негізгі салаларға бөлуге ұсынылған қаржы көлемі 38,9 млрд теңгемен бекітілді. Нақтырақ айтсақ, мұнда әлеуметтік салаға (9,9 млрд), ветеринария мен қоршаған ортаны қорғауға (1,8 млрд), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа (3,1 млрд), көлік инфрақұрылымын қаржыландыруға (1,3 млрд) баса назар аударылса, сонымен қатар мемлекеттік құрылымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 3,1 млрд, жергілікті атқарушы құрылымның борышын өтеуге 11 млрд теңге қарастырылған. Жалпы біздің өңір бюджетінің 60%-ға жуығы әлеуметтік салаға бағытталған көрінеді. Мұның сыртында өткен жылы толық пайдаланылмаған (игерілмеген) нысаналы трансферттерді республикалық бюджетке қайтаруға 8,6 млрд теңге қаралған.

dd0cac5a-2672-4902-918a-0ebbdee6985f

Иә, бұл күнгі күн тәртібіне шығарылған он екі мәселенің қатарында  Орал қаласының, Қаратөбе мен Казталов аудандарының әкімшілік-аумақтық құрылысына өзгеріс енгізу жайы да талқыланып, алдын ала ел-жұрттың «батасын» алған бұл шешім бірауыздан қолдау тапты. Өз кезегінде кейбір су жаңа халық қалаулылары жанар-жағармайдың қымбаттауына, ірі қара азығына шығыстарды субсидиялау ісінің мардымсыздығына және биыл шаруа адамдары кене деген кесірге тап болып, әбігерге түсіп жатқандарына алаңдаушылық білдірді. Сонымен бірге жиында депутат Гүлмира Батпақұлова мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қоғамдық әжетхана салу жайын көтерсе, әріптесі Ғанимат Нұрмұханов облыстық басқарма басшылары аудан, ауылдарға жүйелі іссапарға шығып, жергілікті тұрғындармен кездесіп тұрулары қажеттігін алға тартты. Сессияда өзге де мәселелер бойынша тиісті шешімдер  қабылданды.

Облыс басшысы Нариман Төреғалиев сессияда көтерілген кейбір сұрақтарға тұшымды жауап қайтарып, бірқатар ұсыныстарға қатысты тиісті сала басшыларына тапсырма берді. Барлық елді мекенде, әсіресе, қала аумағындағы тазалыққа айрықша мән беруді тапсырды. Алдағы уақытта да орынды сын-ескертпелерге құлақ түріп, ортақ мүдде жолында бірлесе іс-қимыл танытуға ниетті екендігін жеткізді. Халық сенімін арқалаған депутаттар ісіне сәттілік  тіледі.

Бауыржан  Бисенов,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале