21.12.2020, 17:40
Оқылды: 326

Бюджетте «асыра сілтеу» болмайды

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен кеңес отырысында келесі жылдан бастап мемлекеттік сатып алу орталықтандырылатыны мәлім болды. Кеңес отырысында облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бибігүл Ниетқалиева 2021 жылға арналған бюджет бойынша білім басқармасы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, дене шынықтыру және спорт басқармасының мемлекеттік сатып алу жоспарына талдау жасалғанын айтты.

unnamed

– Бюджет қаражатын үнемді пайдалану экономикаға тиімді. Бюджет әкімшілері мен олардың құрылымдық мекемелерінің сатып алу жоспарына талдау жүргізілді. Нәтижесінде әр мекеменің бюджет қаражатының бірдей тауарлар мен қызметтерді түрлі бағамен сатып алу деректері тіркелді. Мысалы, мектептерге кеңсе тауарларын сатып алу кезінде бестен жеті есеге дейін баға айырмасы анықталды. Ал санитарлық (дезинфекция, дезинсекция және соған ұқсас) қызметтерді жобалық қуаттылығы бірдей екі мектептің бірі 94 160 теңгеге, екіншісі 19 260 теңгеге сатып алған. Бірдей функция атқаратын мекемелердің бюджет қаражаты есебінен сатып алатын әр түрлі тауарлар мен қызметтері де бірдей болуы тиіс. Қазіргі уақытта бюджет әкімшілері мен олардың құрылымдық мекемелерінің жылдық мемлекеттік сатып алуындағы «асыра сілтеуге» жол бермеу мақсатында орталықтандырылған сатып алуды ұйымдастыру қажет,  – деді Бибігүл Ниетқалиева.

Оның айтуынша, аталған басқармалар үшін бірыңғай эталонды мемлекеттік сатып алу жоспары жасалуда. Мемлекеттік сатып алуда қолданылатын жаңа тәсіл тауарларды төмен бағамен делдалсыз сатып алуға, бюджет қаражатын оңтайлы және тиімді жұмсауға, сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайтуға және бюджеттік ұйымдарды басы артық міндеттемеден босатуға мүмкіндік береді. Шартты тікелей жасау арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу азаяды.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев биылғы жыл басынан бері мемлекеттік сатып алуды орталықтандыруға қатысты министрліктерге жіберілген ұсыныстар нәтижесінде қажетті нормативтік өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Енді ведмстволық мекемелер үшін әр түрлі тауарлар мен қызметтерді сатып алу бірыңғай үлгіде жүргізеді.

– Мемлекеттік сатып алу саласындағы өзгерістер бойынша тауар мен қызмет сапасына қойылатын талап күшейтілуі немесе бюджет қаражаты үнемделуі тиіс. Ведмстволық бағыныстағы мекемелер арасында мемлекеттік сатып алуға қатысты есеп-қисап дұрыс жүргізілуі керек. Мыңға тарта мемлекеттік сатып алу бір көзден жүргізіліп келді. Қызметтер мен тауарларды қымбат бағаға сатып алу жиі ұшырасты. Жаңа жылдан бастап бірыңғай мемлекеттік сатып алу жоспары түзіледі. Соның нәтижесінде делдалдардан арылып, нақты бағасына сай тауар мен қызметтер тұтынушыға ұсынылады. Енді отандық тауар өндірушілер мемлекеттік сатып алуға жаппай қатысуға бет бұрады, – деді Ғали Есқалиев.

Облыс әкімдігінің ғимаратында өткен онлайн жиында мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсентегі мемлекеттік қызметшілер Жаңа жыл мерекесі қарсаңындағы ұжымдық кештер орнына қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды құптап отырғанын хабарлады. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» атты акцияға жергілікті атқарушы құрылымдар ғана емес, құқық қорғау мекемелері мен аумақтық департаменттердің қызметкерлері атсалысуда. Қазіргі уақытта облыс бойынша мемлекеттік қызметшілер 14 млн теңгеден астам қаражат жинақтады. Қайырымдылық іс-шараларында 1 100 отбасына азық-түлік себеті таратылады. Басқарма сайты арқылы қайырымдылық купондары сатылып жатыр. «Игі іске үлес қосып үлгерем» дейтін демеушілер «Ел ырысы» базарының әкімшілігіне жолыға алады.

«Корпаративтік кештер орнына қайырымдылық акцияларын өткізуіміз керек. Бұл акцияны 900-ге жуық мемқызметкер қолдауда. Пандемия күшейген кездегі қайырымдылық шарасы жалғасын табады. Мұқтаж отбасыларына азық-түлік таратылады», – деген облыс әкімі акцияны кең көлемде жүргізуге рұқсат берді.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров қысқы кезеңдегі жайма-шуақ күн көпшіліктің таза ауа жұтып серуендеуіне, сергек жүруіне қолайлы болып тұрғанын, қала мен аудандарда мұз алаңқайлары бірінен соң бірі дайындалып жатқанын айтты. Қазіргі уақытта дене шынықтыруға құлшынып жүрген бұқараның мектептердің спорт залдарына баруға жаппай рұқсат беріліп, нақты кестенің бекітілгені туралы хабарды тұрғындар қуана қабылдағанын да жеткізді.

Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале