Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Kazinform сауалына жолдаған жауабында қайтыс болған салымшылардың мұрагерлік рәсімделмеген шоттары туралы мәлімет берді.
«Әлеуметтік кодекстің ережелерінде БЖЗҚ-дан, оның ішінде алушының қайтыс болуына байланысты зейнетақы жинақтарын төлеуді (жерлеуге және (немесе) мұрагерлерге) жүзеге асыру үшін негіздердің толық тізбесі айқындалған. Сәйкесінше, зейнетақы жинақтарының сомаларын алушы немесе оның мұрагері (мұрагерлері) осы соманы талап еткенге дейін ол БЖЗҚ есебінде болады», - деп жазады қор мамандары.
Төменде БЖЗҚ есебінде тұрған, мұрагерлік ресімделмеген жеке зейнетақы шоттарының саны мен онда сомалар туралы мәлімет (01.01.2024 ж. жағдай бойынша) ұсынылған:
Ер салымшылар – 186,8 мың, жеке зейнетақы шоттардағы жалпы сома – 21 млрд 567 млн теңге.
Әйел салымшылар – 72,8 мың, ЖЗШ-дағы жалпы сома – 6 млрд 209 млн теңге.
Барлығы: 259,6 мың ЖЗШ-да 27 млрд 776 млн теңге жатыр.
«Жоғарыдағы кестеден көріп отырғаныңыздай, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған салымшылардың ақшалары «артылып» қалмайды және ешқайда жұмсалмайды. Жинақтар қолданыстағы заңнамаға сәйкес олардың меншігі болып табылады және мұраға қалдырылады», - деп жазылған қордың жауабында.
Дереккөз: Kazinform