Жуырда «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы іске асқан Чапаев-Жалпақтал-Казталов күре жолының 157-192 шақырымының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған болатын. «Юнисерв» ЖШС Казталов ауданы орталығына дейінгі күре жолдың 35 шақырымын сапалы жөндеп, тұрғындар игілігіне тапсырды. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев жолдың бөлігін тапсыру салтанатына арнайы қатысып, жолдың сапасына бағасын берді.
- Чапаев-Жалпақтал-Казталов бағытындағы жолдың құрылысы негізінен 1985 жылы басталған болатын. Бірақ қаражат болмауына байланысты тұрып қалды. Жөндеу жұмыстары 2007 жылы қайтадан қолға алынып, жалғасты. «Жолаушыны жол сынайды демекші, Қос өзен елінің халқы талай жылдар бойы жол азабын көріп, облыс орталығына қатынау үшін 9-12 сағат уақыттарын жоятын еді. Тіптен жауын-шашын жауған кезде аудан тұрғындарының жол бойына түнеген кездері де болды. Енді осы қиындықтардың бәрі арта қалды. Мәселе толығымен шешіліп отыр. Аудан мен облыс орталығын байланыстыратын маңызды жолдың ашылуымен барлық аудан тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын! Алдағы уақытта бұл жолдың жалғасы да болады. Өздеріңізге белгілі 2018 жылы Елбасымыздың облысымызға жасаған сапарында Жәнібек, Бөкей Ордасы аудандарына дейін қатқыл табанды жол тарту туралы тапсырма берген болатын. Бүгінде ол жұмыстар баяу болса да жүзеге асуда. Осы аудандар бағытындағы жолдардың күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, алдағы жылдары Жәнібек, Бөкей Ордасы аудандарын облыс орталығымен байланыстыру мәселесі толығымен шешіледі. Сонымен бірге Казталовтан Ресей шекарасына дейінгі жолдың құрылысын қосуымыз қажет. Осыдан екі-үш күн бұрын мен Ресейдің Саратов облысының губернаторымен сөйлескен болатынмын. Олардың тарапынан да Александров-Гай ауданы ортағынан мемлекеттік шекараға дейінгі жол құрылысын бастау жоспарлануда. Біз де шекараға дейінгі жолды жөндесек, екі елдің арасындағы байланыс пен қарым-қатынас үшін маңызы зор. Осындай қуанышты сәттеріміз көп болсын! Барлығы да халық үшін жасалуда. Жолға жауапты «ҚазАвтоЖол» компаниясына және құрылыс жұмыстарын сапалы атқарған «Юнисерв» ЖШС-нің ұжымына алғыс білдіремін! - деді өңір басшысы.
Республикалық маңызы бар күре жолдың іске қосылуына аудан халқы дән риза. Жолдың ашылу салтанатында облыс әкімі аудан тұрғындарымен де кездесіп, ашық-жарқын әңгімелесті. Аудан жұртшылығы атынан Уәлиолла Әбішев ақсақал алғыс білдірді.
- Бүгін біздің аудан үшін тарихи сәт. Көптен күткен күре жол жөнделіп, іске қосылды. Бұған аудан тұрғындары қуанып жатыр. Сонымен бірге аудан орталығында да көшелердің жолдары жөнделіп, жаяу жүргінші жолдары салынуда. Барлық жұмыстарды атқарған мердігер мекемелерге және облыс, аудан басшыларына аудан тұрғындары, ел атынан алғыс білдіремін! Осындай ірі жобалар жүзеге аса берсін! - деген қуанышын жасырмады ақсақал.
Қайрат Жақып,
zhaikpress.kz