Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының əкімі Алтай Көлгінов Орал қаласында өткен «Smart City Uralsk» атты І халықаралық форумда айтты.
- Елбасы биылғы Жолдауында «Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы. Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет» деп атап өтті, -деді Алтай Сейдірұлы. - Бұл тапсырмаға сәйкес, біз денсаулық сақтау саласында цифрлық қызмет көрсетулерді бастадық. Қазір облыс орталығының тұрғындары денсаулық сақтау мекемелерінде электронды кешенді қызмет (электронды кезек, электронды база және мәліметтер) көрсетуді пайдаланып келеді.
Ендігі кезекте білім саласы, онлайн сауда ісі сияқты салаларда қолға алмақпыз. Білім беру саласына цифрлық қызметтерді енгізу бойынша электронды оқыту ресурстары көмегімен алыс елді мекендерде орналасқан мектептердің оқушылары физика, химия, биология, математика сияқты пәндер бойынша цифрлық лабораториялармен жұмыс істейді. Биыл 200 мектепте осы жаңа инновациялық жүйе іске қосылады.
Орал қаласында «Smart City - Ақылды қала» атты жаңа кешенді жоба жасақталуда. Бұл концепцияның басты мақсаты – тұрғындар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Сонымен қатар қоғамдық тәртіп пен жол ережелерін сақтау, қоршаған ортаны қорғау. «SMART CITY-2017» форумының біздің өңірде өткізілуі – осының айғағы.
Сəкен Əбілхалықов
zhaikpress.kz