Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Қазақстан халқына Жолдауы – еліміздің жаңа тарихи кезеңдегі даму бағдарын айқындаған маңызды құжат болды. Президентіміз атап өткендей, бүгінгі таңда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қоғамның барлық саласына дендеп еніп, экономикалық өсім мен мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың басты тетігіне айналып отыр.

Бұл бағыттағы бастамаларды жүзеге асыру – тек орталық мемлекеттік органдардың ғана емес, жергілікті атқарушы биліктің де негізгі міндеті. Жолдауда көрсетілгендей, заманауи технологияларды игеру ауылдық өңірлерді дамытуға да ерекше серпін береді. Цифрлық шешімдер ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыруға, мемлекеттік қызмет көрсетуді жеңілдетуге, білім мен медициналық қызметтің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Ауданымыздың барлық саласында цифрлық трансформацияны ілгерілетуге, жаңа технологияларды енгізуге, жас ұрпақтың цифрлық сауаттылығын арттыруға басымдық берілетін болады. Бұл орайда мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін көтеру, ашықтық пен жеделдікті қамтамасыз ету – біздің негізгі мақсатымыз.
Президент Жолдауындағы міндеттерді орындау – ел дамуына қосылған үлес қана емес, сондай-ақ болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Сондықтан біз аудан көлемінде цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жолында жүйелі жұмыстарды жалғастыра береміз.
Нұрсұлтан Серік,
Казталов ауданы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл