7.04.2022, 11:15
Оқылды: 386

Дәнекерлеуші – дәрежелі мамандық

Қазіргі кезде электр-газбен дәнекерлеуші мамандарға құрылыс саласында сұраныс көп және олар кез келген өндіріс үшін ауадай қажет. Сөйте тұра, жұмысшы кадрлар мен жас шеберлер тым тапшы. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда мұнай-газ кен орындарын игеру мен құрылыс саласы қарқын алғаны мәлім. Соңғы жылдары экономиканың осы қос саласында дәнекерлеуші болып жұмыс істейтін қазақ жастарының үлес салмағы артып келеді.

данекерлеуши

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары компьютерлік технологияның дамуы нәтижесінде кеңселік (офистік) жаңа кәсіптер пайда бола бастады. Сол уақытта жұмысшы мамандардың беделі күрт төмендегені аян. Содан бері бұл мамандық туралы әртүрлі алып-қашпа әңгімелер тарап, талаптанғанның тауын шағып тастағанға ұқсайды. Мысалы, біреу жалақысы аз дегенді алға тартса, біреуі мансаптық өсу жоқ деп менсінбейді. Ал кейбірі жұмыссыз қаламын деп күмәнданып, дәнекерлеушінің оқуына бармайды. Шынтуайтында, олардың жалақысы 80 000 теңгеден басталып, біліктілігіне қарай арта береді. Дәнекерлеушілердің кәсіби білім-білігі мен кәсіби дәреже-деңгейіне қарай 1-6 дәрежелі (разрядтық) өсу категориясы бар. Өзіңіздің кәсіби білім-білігіңізді дамытудың нәтижесінде сертификаттарға ие болу арқылы сіз бұл істе мансаптық тұрғыда көтеріле аласыз. Неғұрлым тәжірибеңіз мол болса, соғұрлым жауапты қызмет атқарып, еңбек нарығында рейтингіңіз жоғары болады. Дәнекерлеушілерге қатысты біліктіліктің (6  разряд) ең жоғары дәрежесіне ие бола отырып, басшылық лауазымға ауысуға да мүмкіндік мол. Шебер дәнекерлеуші материалтануды, физика және электр тоғының негіздерін білуі керек, жылу мен қысымның әсерінен металда өтетін үдерістерді түсінуі қажет. Сонымен қатар мүлде өзге тәсілді қажет ететін дәнекерлеу әдістері де (жарылысты дәнекерлеу, су
астындағы дәнекерлеу, роботтық дәнекерлеу, т.с.с.) бар. Яғни сіз  бен біз сырттай білетіндей бірсарынды жұмыс түрі деуге келмейді.

– Мұнай-газ құбырларын пайдалану мамандығында оқимын. Оқу орнымыз соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Практикалық сабақтарда дәнекерлеу ісіне баса назар аударып жүрмін. Себебі қазіргі таңда жұмысшы мамандардың қат екенін білемін және дәнекерлеу өнері өзіме ұнайды. Менің әкем де, ағаларым да – электр-газбен дәнекерлеуші мамандар. Өз істерінің шеберлері. Кішкентай күнімнен соларды көріп өскендіктен, жаныма жақын кәсіп. Оқуымды бітіргесін жұмыссыз қаламын деген қорқыныш жоқ. Егер білікті маман болсаң, сұраныс қашанда болады, – дейді жоғары аграрлық-техникалық колледждің 3-курс студенті Әсет Ерболатов (суретте).

Енді дәнекерлеушілердің қазіргі кезде алатын жалақыларына және бір тоқтала кетейік. Атырау облысындағы мұнай-газ кен орындарының бірінде дәнекерлеу жұмыстарының сапасын тексеретін инспектор болып қызмет істейтін, аты-жөнін атамауды жөн санаған бір азамат өздерінің мекемелеріндегі жоғары білікті дәнекерлеушілер айына 1 300 000 теңгеге дейін жалақы алатындығын айтты. Ал осыдан екі-үш жыл бұрын Ресейдің  бір қиырындағы Магадан облысына барып, вахталық әдіспен 3 ай дәнекерлеуші болып жұмыс істеген Жасұлан деген жерлесіміз теңгеге шаққанда айына 650-700 мың теңге шамасында табыс тапқан. Біздің бұл мақаламызға «Дәнекерлеуші – дәрежелі мамандық» деп ат қойып, айдар тағуымыздың бір мәні осында.

 

Дәнекерлеуші мамандығы 1802 жылы пайда болды. Орыс ғалымы Василий Петров электр доғасының әсерін ашқанда, екі көміртекті электрод арасында металдың балқуына мүмкіндік беретін жоғары температура түзіледі екен. Көп ұзамай, бұл жаңалық практикалық тұрғыда қолданылып, маңызды кәсіпке айналған.

Әлемдегі  атақты  дәнекерлеушілер:

Бенардос Николай Николаевич (1842-1905)- ресейлік өнертапқыш, металдарды электр доғалық дәнекерлеудің негізін салушылардың бірі.

Славянов Николай Гаврилович (1854-1897)- металдарды электр доғалық дәнекерлеудің өнертапқышы.

Борчанинов Лука Иванович
(1837-1905)- жұмысшы, Ресейдегі алғашқы дәнекерлеушілердің бірі, Славяновтың басшылығымен жұмыс істеді.

Патон Борис Евгеньевич
(1918-2020)- металлургия және дәнекерлеу саласындағы кеңес ғалымы. Украин КСР Ғылым академиясының академигі.

Кубасов Валерий Николаевич (1935-2014)- Әлемде бірінші болып ғарышта дәнекерлеу жұмыстарын жүргізген кеңес ғарышкері.

Эрих Хонеккер (1912-1994)- Германия Демократиялық Республикасының басшысы (1971-1989), СЕПГ бас хатшысы және ГДР Мемлекеттік кеңесінің төрағасы, 1930 жылы Магнитогорск металлургиялық комбинатында дәнекерлеуші болып жұмыс істеді.

Нұртілеу Қадырқұл,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале