29.06.2022, 12:45
Оқылды: 131

Дарабоз күй саңлағы

Ол сахараның сарқылмас дала сыры – күй шежіресін, қазақ күй өнерінің  «алтын ғасыры» атанған Құрманғазы, Дәулеткерей, Баламайсаң, Мәмен және Диналардың дәстүрлі бай күй мұрасын қаз-қалпында бізге жеткізген дарабоз күйші. Батыс Қазақстанның аспаптық музыкасы, дәстүрлі домбыра тарту өнері – қазақ мәдениетінің ең бір шұрайлы жетістігі, дүниежүзілік өнердің асыл қазынасына қосылған тамаша үлес.

InShot_20220629_122817987

Қазақтың күй өнері адамның жан сыры, ішкі тынысы, жан толғағы-бабы, ішкі әлемінің сыртқа шыққан назы мен сазы. Домбыраның күмбірлеген үні дәп бір ғарыш әлемінің тылсым сырын ұқтырғандай тындаушысын кеңістік әлеміне жетектеп, терең философиялық мұңға бөктіріп күйге бөлейді. Батыс Қазақстанның күйшілік дәстүрінің 19-ғасырдағы биік шыңы Құрманғазы мен Дәулеткерейдің ғажап даналық өнерлері «қолдан-қолға» көшіп, бірінен-бірі үйреніп тарту орындаушылық зерделілігінің арқасында бүгінгі күнге дейін жетті. Осындай күйшілік дәстүрді жалғастырып Құрманғазының шәкірті Мәменнің жолын ұстап күйін үзбей бізге қаз-қалпында әкелген бірегей домбырашы Қали Жантілеуов еді. Қали Жантілеуов Орал облысы, бұрынғы Бөкей ордасы Қисық қамыс/Қамыс самар (қазіргі Жаңақала) деген жерде туған. Бес жасынан қолына домбыра ұстайды. Оның бала кезіндегі домбыра тарту өнеріндегі ұстаздары Алабас пен Нұртаза күйшілер еді. Көп ұзамай оған асқан шебер майталман күйші Мәменнің көзі түсіп бірнеше күй үйретеді. Кейін Мәмен оны өзіне шәкірт етіп жанына ертеді. Қали бала кезінде ауыл молдасынан сауатын ашқан. 25 жасында ауылдық кеңеске мүше болып, 1929 жылы колхозға кіреді. 1934 жылы Алматыға халық өнерінің республикалық слетіне қатысуға Қали да келеді, осыдан оның өнердегі жаңа кезеңі басталады. Слетте Қали І орынды жеңіп алады да халық аспаптары оркестріне қызметке қалдырылады. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижеры Ахмет Жұбановтың ең білікті көмекшісіне айналады. Содан ұзақ жылдар бойы Қали Жантілеуов оркестр домбырашыларының концертмейстері болады. Қали орындаушылық шеберлікті жас домбырашыларға жалықпай үйретіп, күй өнерінің қыры-сырына төзімділікпен баули білді.

Алматы консерваториясының халық аспаптары кафедрасы ашылғанда Қали Жантілеуов домбыра класы бойынша ұстаздыққа шақырылады. Қалидан дәріс алған шәкірттері Шамғон Қажығалиев, Фуат Мансуров, Еркеғали Рахмадиев. Өзінің асқан шеберлік күйшілік дәстүрін ол Әзидолла Есқалиев, Қаршыға Ахмедияров, Шәміл Әбілтаев, Айтжан Тоқтағанов, Абдулхамит Раимбергенов, Тұяқ Шәмелов сынды күйшілерге аманат етіп қалдырды.

Қали Жантілеуовтың шығармашылығы көп қырлы еді. Ол тек майталман күйші ғана емес, әдемі дауысты әнші де, әрі ұлағатты ұстаз-тәлімгер. Қалидың орындаушылығының ауқымы кең, өзіндік бір ерек сипаты бар айрықша түрі бөлек өнер. Қали Дәулеткерей күйлерін орындаушылардың маңдай алды бірегейі. Халықтың кәсіби композиторының философиялық тередікке толы психологиялық беймаза сәтін мазмұнды күйге бөлейтін дәстүрлі домбыраның күмбірлеген күйімен жеткізуге келгенде Қалидан ешкім артылмас. Оның орындауындағы «Жігер» күйі А.Затаевичтің айтуы бойынша – бұл музыка терең тұңғиыққа малынған пафосты, қуатты мағыналы саз – әлі күнге дейін домбыра мүмкіндігінің шынайы шыңы болып қалады. Құрманғазы мен Дина күйлерін олардың өздері тартқан түпнұсқаға жақын етіп бүкіл күй рухына беріле, кейбір иірімдерді айшықты асқан шеберлікпен орындауымен ерекшеленеді. Ал Мәменнің орындалуы өте күрделі де бірегей шығармалары Қали сияқты ұстазынан кем түспеген асқан шебердің арқасында бізге жетіп отыр. А.Райымбергеновтың айтуы бойынша Қали Жантілеуов Бөкей ордасы домбырашылық дәстүрінің соңғы қара нары. Қали Жантілеуовтың өмірі мен шығармашылығы халық өнерінің күш-қуатымен өміршеңдігінің бұлжымас дәлелді айғағы, қазіргі тәуелсіз Қазақстан мәдениеті үшін орыны бөлек дарабоз күй саңлағы.

Жантілеуовтер отбасы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале