14.06.2023, 18:00
Оқылды: 46

Дәрігер һәм сенімді сардар

Тән саулығы – біздің бақытты ғұмыр кешуге деген басты кепілдіктердің бірі. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде дегенді миымызға тоқып өссек те, ауру әрқайсымызды кей кезде шалып өтетіні рас. Балтырымыз сыздап, басымыз айнала қалса, дәрі ішіп шыр-пыр боламыз, ал ауру жанымызға батқанда тіптен аурухана табалдырығын тоздырамыз. Дер кезінде аурудың алдын алу қиынға соғары хақ. Сол себепті үнемі салауатты өмір салтын ұстанып жүруді әдетке айналдыру керек.

image-14-06-23-02-06 (1)

  Осы орайда 18 маусым медицина қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында өзінің денсаулығын өзгенің саулығы жолында құрбан етуге әзір ақ халатты абзал жандар – дәрігерлер жайында сөз қозғамақпыз. Ұлттық Ұлан қатарында әскери қызметшілер тәнінің саулығын бақылауда ұстап, өмірлік жолын әскери медицина саласына арнаған жандар аз емес. Сондай жандардың бірі, бүгінгі мақаламыздың басты кейіпкері – жас та болса тиянақтылығымен, өз ісіне деген адалдығымен көзге түскен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы медициналық басқармасының дәрігер эпидемиологы Балтабек Ғаділбекұлы Жауынбаев. Салауатты өмір салтын ұстанып, өзгелерге дәріптеп жүрген жас дәрігер бар ынта-жігерін тән мен жан саулығын тепе-теңдікте ұстауға арнаған. Қазіргі таңда «Бірінші байлық – денсаулық» деген қағиданы ұстанатын дәрігер әскери қызметшілер саулығының қорғаншысы болып жүр.

      Теректі ауданына қарасты Ақсоғым ауылында дүниеге келген маман бала кезінен жан-жақты, алғыр болып өскен. Әр салаға икемі бар бала Балтабектің ынтасын көрген ата-анасы балаларын үнемі қолдап, ақылдарын айтып отырған. Бүгінде медицина саласының білдей бір маманы болып отырған кейіпкеріміз өнерден де кенде емес. Дегенмен болашақта еліме қызмет қылып, халқыма пайдамды тигіземін деген мақсатты алдына қойған жас өрен мектепті үздік тәмамдап, 2006 жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне түседі. Алты жылын артқа тастап білім ордасынан дәрігер гигиенист-эпидемиолог маманы болып шығады. 2012-2015 жылдары Теректі аудандық ауруханасының дәрігер эпидемиологы болып қызмет атқарады. Бірақ 2015 жылы келген әскерге шақырту аудан халқына адал қызмет етіп жүрген жастың өмірлік жолын мүлде басқа арнамен тоғыстырады. 2015 жылдың күз айында Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің  Семей қаласында орналасқан 01826 әскери бөліміне дәрігер эпидемиолог болып қызмет атқаруға ұсыныс түседі. Балтабек өзінің отбасымен ақылдаса келе әскерилердің ұсынысын қабылдап, өзінің мамандығы бойынша әскери қызметке келеді. Жоғарыда айтылған әскери бөлімде 2018 жылға дейін қызмет атқарып, 2018 жылы отбасы жағдайына байланысты өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Ақтау қаласында орналасқан 3502 әскери бөлімінде жалғастырады.

2021-2022 жылдары Петропавл қаласында орналасқан Ұлттық ұланның әскери институтында дәрігер эпидемиолог болса, 2022 жылдан бастап Орал қаласында орналасқан «Батыс» өңірлік қолбасшылығы медициналық басқармасында қызмет атқарып жатыр.

image-14-06-23-02-06

Бүгінде Балтабек Жауынбаев – өз ісінің маманы ғана емес, үлгілі жар, қамқор әке. Болашақта балаларының өзі секілді дәрігер немесе әскери қызметші болғанын қалайды. Дегенмен қай саланы таңдаса да тек қолдаймын дейді ақ халатты абзал жан.

- Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы емес пе? Егер әр ата-ана өз отбасындағы профилактикалық жұмыстарға аса назар аударып, бала денсаулығын ерте кезден қадағаласа келер ұрпақтың болашағы жарқын болары сөзсіз. Ал егер дегенмен де дерт шалатын болса, біз өз кезегемізде аянып қалмақ емеспіз, - дейді дәрігер.

Бұл жолда Балтабек Жауынбаевтың жарының, Айкөркем Талғатқызының да қосар үлесі ерекше. Себебі ол кісінің жарына сенімі, үнемі қолдау білдіруі – балаларға өнеге, үлгі. Ана деген жауапкершілігі мол қызметтен бөлек, Айкөркем Байниязова химия пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.

- Менің жұбайым әрі медицина қызметкері, әрі әскери қызметкер. Бұл әрине, ең алдымен үлкен жауапкершілік. Дегенмен жұмысын абыроймен атқарып жүргеніне кепіл бола аламын. Ол өз ісіне адал, тиянақты жан. Менен кейде әскери қызметшінің жары болу қиын емес пе деп сұрап жатады. Әр нәрсенің өз қиындығы болады ғой. Десе де бір-біріне деген түсіністік, сенім сынды қасиеттер болса әр қиындыққа тойтарыс беруге болады деп ойлаймын. Білімді маманнан бөлек Балтабек адал жар әрі қамқор әке. Өзгелерге үлгі болатындай-ақ жан. Мен жарымның еліне адал азамат, білікті маман екеніне қуанамын және мақтан тұтамын, - дейді Айкөркем Байниязова.

Айбарша Лекерова,

ҚР ҰҰ «Батыс» өңірлік

 Қолбасшылығының тілшісі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале