Қала шетінен тысқары орын тепкен, бір қарағанда тып-тыныш көрінетін «Дарын» қосымша білім беру орталығын көп адам біле бермеуі мүмкін. Десек те аталмыш орталықта әр кез білім бәйгелері ұйымдастырылып жататынына куәміз.
Облыс орталығындағы «Дарын» қосымша білім орталығы 2003 жылы өз жұмысын бастады. Қосымша білім орталығы облыстағы дарынды балаларды анықтап, дамытудың және қолдаудың біртұтас жүйесін қалыптастыру мақсатында жұмыс істейді. Сондықтан да аталмыш орталық дарынды оқушылардың интеллектуалды элитасын қалыптастыру, олардың түрлі деңгейдегі іс-шараларға қатысуына жағдай жасау, құзіретті тұлғаға жан-жақты көмек беру, оларға психология-педагогикалық тұрғыда қолдау көрсету сынды қызметтер атқарады.
Бүгінде орталықта жас-өспірімдердің білімділігі мен дарындылығын анықтайтын ғылыми байқаулар, интеллектуалдық сайыстар, пәндік және қашықтық олимпиадалар жүзеге асырылуда.
Білім орталығында оқушылардың ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамыту бағытында жаратылыстану-математика, қоғамдық-гуманитарлық, тәрбие бөлімдері, ақпараттық-баспа қызметі жұмыс жасайды.
Дарынды балалардың резервін қалыптастырып, олардың мониторингін жасау, қызығушылығын анықтау бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда.
Өткізілетін шаралар білім басқармасымен бірлесе отырып, мемлекеттік мекемелер, халықаралық, республикалық облыстық білім беру орталықтары және білім беру орындарының белсенділігі арқылы жүзеге асырылады.
Орталықта жылына 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады екен. Оған бір жылда 28500-ге тарта оқушы қатысады. Жалпы, білім беретін пәндер бойынша олимпиада, ғылыми жарыстар, турнирлер, регаталар, фестивальдер, конкурстар жиі өтеді. Сонымен қатар физика, математика пәндері бойынша олимпиада резерві мектебі жұмыс істейді.
Жаз мезгілінде дарынды балаларға арналған мәдени-танымдық ауысымдар ұйымдастырылады. Елбасының «Ел Үміті» жалпыұлттық бастамасы негізінде қабілетті балалар мен жастарды анықтауға және қолдауға, экономиканың негізгі салаларының көшбасшыларын дамытуға арналған «Елбасы медалі», ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» жобаларына оқушылар көптеп қатысуда. Мектеп оқушыларының қабілеттілік деңгейін анықтау және кәсіби бағдарлау жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында «Қабілет» жобасы және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Шексіз өмір» фестивалі жыл сайын ұйымдастырылады.
Жыл сайын олимпиада жүлдегерлері көбеюде
Соңғы үш жылда облыс оқушылары халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлдегер атанды. Мәселен, ХVI халықаралық Жәутіков олимпиадасында екі оқушы күміс, бір оқушы қола жүлдеге ие болды. Сондай-ақ дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім – Инновация» мектеп-лицей-интернатының оқушысы Диас Ибрагим мен ақжайықтық Аяжан Қайырбекова Президенттік олимпиаданың үшінші орын жүлдегерлері атанды.
2020-2021 оқу жылындағы оқушылардың республикалық пән олимпиадасына 71 оқушы қатысып, оның 29-ы жүлдегер атанды. Қатысқан оқушылар 5 алтын, 8 күміс, 16 қола медаль иеленді. Олимпиаданың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысы ІІІ дәрежелі «Ең үздік олимпиадалық команда – 2021» дипломымен марапатталды.
Олимпиаданың республикалық кезеңінде үздік білім көрсетіп, оқушылары жүлделі орындарға ие болған облысымыздың 6 мектебін ерекше атап өтуге болады. Облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған "Білім-Инновация" мектеп-лицей-интернаты, дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты, облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты, Ә. Молдағұлова атындағы мектеп-лицейі, №35 мектеп-лицейі, №28 мектеп-лицейі республика бойынша «100 үздік мектеп» қатарына енді.
Олимпиада қорытындысы бойынша 4 пәннен (математика, физика, информатика, химия) 15 оқушы Қазақстан–Британ техникалық университетінің 100%, 50%, 30% грантын жеңіп алды. Жоғары білім деңгейін, дарын-қабілетін көрсеткен олимпиадашы түлектер елімізде және алыс-жақындағы беделді шетелдік университеттерде тегін білім алуда.
Маусым айында қашықтық сипатта өткен 33-ші халықаралық информатика олимпиадасына қатысқан дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» мектеп-лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Жамбыл Мақсотов қола жүлде иегері атанды. Жүлдегер оқушы қыркүйек айында ҚР Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетовтың қабылдауында болып қайтты.
– Қараша айында Қарағанды қаласындағы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті базасында жаратылыстану-математикалық циклы пәндері бойынша XІV Президенттік олимпиада өткізілді. 11-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған олимпиада математика, физика, химия, биология пәндері бойынша өтті. Олимпиадаға Қазақстанның барлық аймақтарынан іріктеу кезеңінің 182 жеңімпазы қатысты. Олимпиаданың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысынан қатысқан дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектептің 11-сынып оқушысы Айдана Қапасова күміс жүлде иегері атанып, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан және С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеттерінің 100% мемлекеттік грант сертификаттарын жеңіп алды. Өткен айда Ақтөбе қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шығармашыл оқушылар арасында ұйымдастырылған «Ақберен» VIII республикалық өнер байқауына қатысқан оқушыларымыз үлкен жетістікпен оралып, облыс командасы ІІІ дәрежелі «Ең үздік команда» аталымымен марапатталды, – деді «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Гүлсім Ғабдолғазезқызы. Қазіргі таңда орталықта «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы бойынша жаңа сипаттағы жобалар жоспарланып, іске асырылуда.
Оқушылар арасында ақын-жазушылар шығармашылығын насихаттау, оларды жазушының рухани бай мұрасына деген сүйіспеншілікке, адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеу, әдеби тіл байлықтарын, есте сақтау қабілеттерін, көркем сөз оқу шеберлігін дамыту мақсатында республикалық, облыстық Абай, Қадыр, Әбіш, Махамбет, Мұқағали, Ақұштап, Жұбан оқулары жиі өтеді. Сондай-ақ «Ақберен» олимпиадасы, "Жас музыканттар", "Театрдың ғажайып әлемі" театр өнері, "Ақ шағала" хореографиялық би өнері байқаулары, «Қазақстан балалары шексіз әлемде» балалар киносының шығармашылық фестивалі», «Алтын қазына» көркем және сәндік қолданбалы өнер көрме байқаулары да әр жыл сайын ұйымдастырылып жүр.
ҚР Президенті Қ. Ж. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында орталық облыстық «Qazag Epos» ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған» байқауын ұйымдастырды. Байқаудың І орын жүлдегері – Казталов ауданындағы Қараөзен мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Сатыбалды Азат республикалық кезеңде облыс намысын қорғамақ. Байқау қазақ халқының батырлық эпостарының бірі – «Ер Едіге» жырын жатқа айту бойынша өткен.
"Дарын" қосымша білім орталығының тағы бір ерекшелігі - Ресей Федерациясының Астрахань, Волгоград, Оренбург, Самара, Саратов облыстарының оқушыларымен тығыз байланыста. Екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында бірлескен түрде "Оқусыз білім жоқ" зияткерлік лингвистикалық турнирін және "Жеті құпия" ашық көпвекторлы зияткерлік марафон-турнирін ұйымдастырып, оқушылар жазғы «Үш тұғырлы тіл» атты мәдени-танымдық маусымда демалып қайтады екен.
Оқушылардың математика саласындағы оқу-танымдық қызметін ынталандыруға да орталық мамандары ерекше мән беруде. Сонымен қатар олардың ғылымға қызығушылығын дамытып, олимпиадаларға дайындау мақсатында Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор А.Тайманов атындағы математикалық олимпиада, физика-математикалық "Апельсин" , "Импульс", "Intel-junior", "Ғылым эксперименттен басталады", ағылшын тілі бойынша «Blitz» олипиадалары өтуде.
Олимпиада резерв мектебінің ерекшелігі қандай?
Танымдық белсенділігі жоғары дарынды балаларға қолдау көрсету жұмыстарын жүйелеу, сондай-ақ ғылым негіздері бойынша олимпиадалық командаларды дайындау, облыс мектептері оқушыларының пәндік олимпиада сайыстардағы көрсеткіштерін жақсарту мақсатында «Дарын» қосымша білім орталығы жанынан математика және физика пәндерінен олимпиада резерві мектебі (ОРМ) ашылды.
Аталмыш мектептің негіз-гі мақсаты – оқушылардың зияткерлік (интеллектуалдық) қабілетін анықтау, оны дамыту, олардың қызығушылығын арттыру, нәтижелі зерттеу жұмыстарымен айналысу дағдысын қалыптастыру үшін бар жағдайды жасау. Ғылым негіздері бойынша облыстың олимпиада командаларын дайындау жүйесін дамыту. Облыс оқушыларының пәндік олимпиадаларда, басқа да сайыстарда көрсететін нәтижелерін көтеру. Төрт жыл ішінде ОРМ оқушылары біраз жетістікке жетті. 2020-2021 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінен математика пәні бойынша бір оқушы І орын, үш оқушы ІІ орын иеленсе, физика пәні бойынша екі оқушы ІІ орын, бір оқушы ІІІ орын алып, жүлдегер атанды. Республикалық кезеңге қатысқан І және ІІ орын иегерлерінің ішінен физика пәнінен бір оқушы ІІІ орын қола медаль иегері болды. Биыл олимпиада резерв мектебін 22 оқушы бітіріп шықты. Жыл сайын ереже бойынша ОРМ құрамына қабылдау үшін 7-сынып оқушылары арасында іріктеу жүргізіледі.
– Биыл олимпиада резерв мектебінің құрамына кіруге 438 оқушы ниет білдірді. Қазіргі таңда екінші кезеңге жолдама алған 88 оқушы U-study базасында санитарлық талапқа сай офлайн сипатта «Бір компьютер, бір оқушы, бір камера» қағидасын сақтай отырып, бақ сынауда. Қорытынды бойынша ең жоғары ұпай жинаған 40 оқушы ОРМ-нің 7-сыныбына қабылданатын болады, - дейді орталық директоры.
Түйін
Жаңа дәуірде тек бәсекеге қабілетті, аса білімді, сауатты адамдар ғана табысқа жетеді. Күнделікті көріп жүргеніміздей, дарынды оқушы қай кезде де қолдау мен марапатқа ие болады. Республикалық, халықаралық олимпиада мен ғылыми жоба, мәдени-танымдық конкурстарының жеңімпаздары мен олардың жетекшілері облыс әкімінің назарынан тыс қалған емес. Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен сан түрлі халықаралық байқау, ойындар жиі өткізіледі. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған оқушыларға арнайы дипломдар тапсырылып, жоғары көрсеткіш көрсеткен оқушылар халықаралық, республикалық жазғы танымдық лагерлерде демалуға мүмкіндік алады. Әр тараптан көрсетілген қолдаудың өзі дарынды жеткіншектерге таусылмас жігер сыйлайтыны рас. Білім бәйгесінен жүлдесіз оралмайтын «Дарынның» дарабоздарына біз де өз тарапымыздан сәттілік тілейміз!
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz