3.10.2022, 9:00
Оқылды: 53

Дәстүріміз дәріптелді

Жуырда Орал қаласындағы Достық үйінде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» атты республикалық жобаның тұжырымдамасындағы жол картасын орындау мақсатында мәдени-танымдық іс-шара өтті.  

2d2d82fd-1efc-4c10-83a2-2a124dbc5881Отбасылық  құндылықты  сақтау»  жобасын  іске  асыруға  негізделген  «Ақ орамал – аманатқа  адалдықтың белгісі»  және «Әке  – тәрбие  тамыры» тақырыбындағы  басқосуды  БҚО  Қазақстан халқы ассамблеясы мен ассамблея жанынан  құрылған Аналар кеңесі ұйымдастырды.  Басқосуға келушілер фойедегі облыстағы  дизайнерлер қауымдастығы мүшелерінің, қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған көрмені тамашалады.

Жиынды ашқан «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің басшысы Медхат Қамбетовтың айтуынша, аталмыш іс-шараға аналармен бірге ақсақалдар кеңесінің, мектептердегі әкелер кеңесінің өкілдері қатысып отыр. «Өзге өңірлерде облыстық әкелер одағы құрылған. Ақ Жайық өңірінде де әкелер одағын құруымыз қажет. Балаға ананың, ата мен әженің, сонымен қатар әкенің тәрбиесі де берілуі тиіс. Қазан айының 6-7-сі күндері Алматы қаласында республикалық аналар кеңесі өтеді. Соған қатысып келгеннен кейін көрген-білгенімізді сіздерге әңгімелеп береміз. Қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар көрмесін көрдіңіздер. Ұлттық қолөнеріміз атадан балаға  мирас болып келеді. Ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай жалғастыруымыз керек», – деді М.Қамбетов.

Аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина баяндама жасап, орамал тарту қазақ халқының салт-дәстүрінің бірі екенін айта келе, оның мән-маңызына, тәрбиелік жағына тоқталды.

– «Әйел орамал тартпаса, арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың назары түседі» деген сөз бар. Үлкендердің айтуынша, әр әйел-ана басына орамал тартпай ас пісірмеуі керек. Жалаңбас күйінде сәбиін тамақтандыруына болмайды. Ғұлама Құнанбай мен хәкім Абайды дүниеге әкелген Зере, Ұлжан аналардың дәретсіз, орамалсыз нәрестеге жақындамағаны ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан үлкен тәрбие мектебі емес пе?! Кезінде Бауыржан Момышұлы: «Мен үш нәрседен қорқамын. Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айта алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бірбірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын», – деп айтып кеткен екен. Қазір де батырдың осы айтқандары түйткілді мәселелерге айналып отыр. Бүгінгі басқосуымыздың мақсаты – еліміздің барша азаматын «Ақ орамал» акциясына қатыстыру. Осы акция арқылы олардың этникалық, әлеуметтік, діни және басқа да ерекшелігіне қарамай, бейбітшілік идеясы аясына шоғырландырғымыз келеді. Халқымыздың ежелгі дәстүрі – татуластыру салтын жаңғырту да асқақ мақсат, – деді Шалқыма Хайроллақызы.

Ақ орамалдың қадір-қасиетін өскелең ұрпаққа дәріптеуді, салт-дәстүрімізді жаңғыртуды көздеген кеңесте БҚО дизайнерлер қауымдастығының төрайымы Әсем Сырымованың ұйымдастыруымен қазақ әйелдерінің ұлттық бас киімдерінің сәндік көрсетілімі болды. Жиында облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова балаларды еңбекке тәрбиелеу мәселесін көтерді. Өңірдегі ақ жаулықтылардың күшімен жүзеге асырылып жатқан бірқатар әлеуметтік жобаға тоқталды.

0b6eb0cc-6b3d-42d4-8104-a5718e8eb874

– «Мен болашақ кәсіпкермін», «Жасыл десант», «Мектеп партасынан жалақыға дейін» жобаларын оқушылар жандандыруда. Ұл-қыздарымыздың жұмыс істегісі келеді. Бірақ біз, ата-аналар, перзенттерімізді еңбекке баулуға құлықты емеспіз. Балалар жобаға белсенді қатысуда. Олардың бойында өздеріне деген сенім пайда болды. Тамаша бизнес-жобалар ойлап табады. №23 мектеп жанында бақша егіп, көкөніс мол өнім берді. Сол өнімді жинау кезіндегі оқушылардың көздеріндегі бақыт нұрын көрсеңіздер, – деді Ляна Тұрсынова.

Аналар кеңесі атынан Ш. Құрманалина қазақтың келіні Л. Тұрсыноваға, Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Анаргүл Сисеноваға ақ орамал сыйлап, бастарына тартты. Сондай-ақ іс-шараға атсалысқан облыстық дизайнерлер қауымдастығы мүшелеріне, қолөнер шеберлеріне және басқа да қатысушыларға  алғысхат табыс етілді.

Гүлнәр Шәңгерей,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале