6.04.2023, 10:15
Оқылды: 20

Дәстүрлі турнир мәреге жетті

Жуырда Орал  қаласында спорт ардагері,  самбо күресінен спорт шеберлері  арасындағы Әлем  чемпионаттарының  бірнеше  дүркін  жүлдегері  Тілекқабыл Қамзиевті еске  алуға  арналған V республикалық ашық турнир өткендігін хабарлаған болатынбыз.

d67f606c-9a57-4bb9-b05e-18c9e7a88916-e1680178024338

Фотоға түсірген: Азамат Ұзақов

Турнир мақсаты – самбо күресін дамыту, оны кеңінен насихаттау, спортшылардың кәсіби шеберлігін арттыру, саламатты өмір салтын ұстануға шақыру. Спорттық іс-шараның ашылуына Тілекқабыл Қамзиевтің жары Сәния апай, шәкірттері мен облысымыздың спорт ардагерлері мен үздік  самбошылары  қатысты.

– Өңір  самбошыларының жеңісті жолы жастарға үлгі. Оралдан шығып, әлемді мойындатқан палуандарымызбен қашанда мақтанамыз. Сол апайтөс, атан жілік самбошыларды баптап, олардың әлемдік ареналарда атой салуына Тілекқабыл ағамыз да өз үлесін қосты. Өңір спортының дамуына, әсіресе, самбоның кең қанат жаюына атсалысқан арда азаматымыздың қылған еңбегі еш ұмытылмайды. Сол себепті де осындай тамаша турнир ұйымдастырдық. Барша самбошыға сәттілік тілеймін. Бағы мен бабы қатар шапқан шын мықты жеңіске жетсін, – деді БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спортты дамыту бөлімінің басшысы  Дәурен  Ақеділұлы.

Одан Тілекқабыл палуанның көзін көрген замандастары мен шәкірттері де сөз алып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі. 170-ке жуық жас самбошы 10 салмақ дәрежесінде кім мықтыны анықтады. Қорытындысында 46 келіде ресейлік Роман Тимофеев, 49 келіде тасқалалық Арман Бекмурзиев жеңіп алса, 53 келіде ресейлік Артемий Михайловский, 58 келіде Ақтөбе облысының самбошысы Селман Жасұланбек, 64 келіде тағы бір ақтөбелік Данияр Қалмағамбетов үздік деп танылды. Ал 71 келі салмақ дәрежесінде ресейлік Владимир Сидоров, 79 келіде самбошылар арасында Орал қаласының намысын қорғаған Нұрмахан Идаят, 88 келіде атыраулық Дияс Бекмырза, 98 келіде Ақтөбе облысынан келген Әлішер Құдайберген қарсылас шыдатпаса, аса ауыр салмақтағы самбошылардың белдесуінде жарысын Тасқала ауданынан келген Эльнар Жанболатұлы  жеңіп  алды.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале