
Дәурен Әміров, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚО филиалының инженері
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда еліміздің жол құрылысы саласындағы бағыт-бағдарды да айқындап берді. Бұл орайда еліміздің бірқатар өңіріндегі күре жолдарда ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Әсіресе, Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөлін арттыра түсетін маңызды стратегиялық автокөлік жолдарын салу бойынша нақты тапсырмалар жүктеліп отыр.
Президент «Елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – айрықша маңызды міндет»,- деп атап өтті.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» БҚО филиалының бөлім басшысы, тәжірибелі жолшы инженер Дәурен Манарбекұлы Әміров бұл ретте Батыс Қазақстан облысының аумағында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айта келіп, мемлекет басшысының сапа мәселесіне баса көңіл аударғаны көңілден шыққанын айрықша атады.
Президент Құрылтай мінберінде жол құрылысы саласына қатысты пікірін: «Барлық жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын тікелей бақылауда ұстайтын боламын. Себебі, бұл жобалар Қазақстанның халықаралық көлік-логистика орталығы ретіндегі әлеуетін мейлінше нығайта түседі» - деп түйіндеді. Яғни, құрылыс қарқыны мен сапаны қатар бақылауда ұстау сайып келгенде еліміз жолдарының халықаралық стандарттарға сай болуының нақты алғышарты деп толық сеніммен айтуға болады, - дейді Дәурен Манарбекұлы.