- Жасым 21-де, бұл менің өмірімдегі – екінші сайлауым. Алғашқы рет 2019 жылы Президент сайлауына қатыстым. Қазіргі таңда сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына белсене қатысып жүрмін. Бұл жұмысым мен үшін үлкен тәжірибе алаңы болды.
Ал сайлауға қатысу әр адамның азаматтық міндеті деп білемін. Кей адамдар «менің дауысым ештеңе шешпейді» деуі мүмкін, бірақ елдегі болатын сайлауға қатыспау – өзінің болашағына немқұрайлы қарау деп түсінемін. Еліміз үшін әрдайым дұрыс таңдау мен қадам жасау қажетпіз. Сонда ғана ел боп күткен нәтижеге қол жеткіземіз. Сондықтан мен сайлауға қатысамын, дауыс беру арқылы елімнің дамуы мен көркею жолына өз үлесімді қосамын.
Дария Жұмағалиева,
М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың студенті
- Қазір зейнет жасындамын. Біздің өміріміздің басым бөлігі Кеңес үкіметі кезінде өтті. Ол кездегі сайлау мен қазіргі кезді мүлде салыстыруға келмейді. Қанша рет сайлауға қатысқаным есімде жоқ, бірақ әрқайсысына жауапкершілікпен қарап, өз таңдауымды жасаудан қалыс қалғаным жоқ. Бұл сайлау дағдарысқа қарсы шаралар қарсаңында өтіп жатқандықтан, маңызы жоғары болмақ. Елдегі саяси науқанға барша ел тұрғындары үн қосып, атсалысуы керек. Қазір бос сөздің емес, жұмыстың уақыты. Меніңше, депутаттыққа халықтың қамын ойлайтын, мықты кәсіпкерлер сайланса деймін. Мәжіліске, облыс, аудан, қала мәслихаттарына көбірек кәсіпкерлер барса, халыққа пайдасы көп тиер еді. Президентіміз әлемді алаңдатып отырған сын-қатерлердің бетін бүркелемей, ашығын айтуда. Бұл сындардан аман өту үшін бірлігіміз бекем боп, татулығымыз бен тұрақтылығымызға да көңіл бөлуді ұмытпаған жөн. Балаларымның, немерелерімнің жарқын болашағы үшін, олардың алдағы өмірі алаңсыз болуы үшін сайлауға қатысып, тағы да өз таңдауымды жасайтын боламын.
Темірғали Ишпанов,
Орал қаласының тұрғыны