Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус жаңа пандемияның басталу қаупін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сурет: istockphoto.com
Пандемияның алдын алу туралы келісімді дайындаумен айналысатын үкіметаралық келіссөз органының ХІІІ сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Гебрейесус пандемия "20 жылдан соң, тіпті ертең де болуы мүмкіндігін" ескертті.
Сондай-ақ ол әлемдегі СOVID-19-дың ауыр салдары мен "келесі пандемияның кезек күтпейтінін" алға тартты.
Айтуынша, пандемияның басталуы – "бұл теориялық қатер емес, эпидемиологиялық айқындық".
ДДСҰ басшысы бұған дейін де айтып жүрген жаңа пандемияның басталу ықтималдылығы туралы айтқанын тағы қайталады.
- Пандемия 20 жылдан соң немесе тіпті, ертең де басталып кетуі ғажап емес. Оның болары анық, біз кез келген жағдайға дайын болуға тиіспіз, - деді Гебрейесус.
Сондай-ақ ресми деректерге сәйкес, COVID-19 пандемиясы кезінде 7 млн-нан астам адамның көз жұмғанын ұмытпау қажеттігін атады.
- Біз ол пандемиядан қайтыс болғандардың саны негізі 20 млн адам деп санаймыз. Сонымен қоса, адами шығындардың дерегінен бөлек, пандемия әлемдік экономикаға 10 трлн доллардан астам шығын келтірді, - деп атап өтті ДДСҰ басшысы.
Еске салайық, COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай 2020 жылғы қаңтардың аяғынан 2023 жылғы 5 мамырға дейін әлемдік денсаулық сақтау саласын дүр сілкіндірді.
ДДСҰ таратқан дерекке сәйкес, 2025 жылғы 23 наурыздағы статистикада коронавирус жұқтырудың 777 684 506 жағдайы тіркеліп, 7 092 720 адам қаза тапқан.