7.10.2020, 14:49
Оқылды: 44

Депутаттар БҚО-дағы екі ауданға «Әскери даңқ аудандары» мәртебесін беруді сұрады

«Nur Otan» партиясының бір топ депутаты Сталинград шайқасында жеңіске жетуге ерекше үлкен қосқан екі ауданға «Әскери даңқ аудандары» мәртебесін беруді сұрап, Үкіметке сауал жолдады. Бұл туралы Қазақпараттың БҚО-дағы тілшісі жазды.

5354fc578d46f0a8317f2afebf5fee60-700x395
«Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдауымызға БҚО-ның Бөкей орда мен Жәнібек аудандарының ардагерлер ұйымының өтініші себеп болды. Биыл Жеңіске 75 жыл толды. Аталған аудандардың тұрғындарының жүрегіне соғыс жара қалдырған. Сталинград соғысы үшін майданның жанындағы шепте тұрған олар талай рет бомбаның астында қалған», – дейді Шавхат Өтемісов Үкімет басшысына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, СССР Қорғаныс Халық Комиссары И.Сталиннің 1941 жылғы 26 қарашадағы №0444 бұйрығына сәйкес, Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Орда, Қазталов, Фурманов аудандарының аумақтары Сталинград әскери округінің құрамына енген. «Еділдің жағалауына жақын орналасуы - Жәнібек пен Орда ауданының ауылдарын да әскери әрекеттер қайшыласқан аумақтарға айналдырып жіберді. Тарих ғылымдарының кандидаты П.Р.Букаткиннің мәліметтері бойынша фашистік авиацияның бомбалауының ауқымы мынадай: 1942 жылдың қазан және қараша айларында ғана фашистік неміс авиациясы Сайхин және Шунгай станцияларының төбесінде 22 топтық және 12 рет жалғыз ұшып, оған жаудың 138 авиациясы қатысқан. Мұндай ұшу жағдайлары үнемі өткізіліп тұратын. Жергілікті тұрғындармен қатар Сталинградтан эвакуацияланған адамдарды қосқанда мыңдаған адам қаза тапты. Бұған ауылдағы Жәнібек және Сайхин ауылдарындағы бейіттер мен қаза тапқандардың ескерткіштері дәлел», – дейді ол.

Депутат сол кезде жергілікті халық қатты қиналғанын, сонымен бірге олар бомбалаудан қорғанатын орындарды салуға белсене атсалысып, жаумен бір кісідей күрескенін айтады. «Осы жайларды атай келе Сталинград шайқасындағы жеңіске БҚО-ның Жәнібек пен Бөкей Ордасы ауданының қосқан үлесін зерттеу бойынша арнайы комиссия құруды сұраймыз. Сонымен бірге Үкімет шешімімен осы аудандарға «Әскери даңқ аудандары» мәртебесін беру мәселесін қарастыруды өтінеміз», – деді ол.

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале