26.10.2021, 14:50
Оқылды: 30

Депутаттар тұрғындармен кездесті

Бүгін “Nur Otan” партиясы қалалық мәслихатының депутаттары тұрғындармен кездесті.

Кездесу мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, Орал қаласында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жобасы аясында оздырылды. Ұйымдастырушылары - Орал қалалық мәслихаты, “Медет/Опора” ҚҚ, “QAZAQSTAN JASTARY” ҚҚ, “Партиялық емес бақылау орталығы” РҚБ БҚФ. Депутаттар атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Сондай-ақ халық қалаулылары шаһар тұрғындарын мазалаған мәселелермен танысып, ұсыныстарын тыңдады.

WhatsApp Image 2021-10-26 at 14.18.34

Жиналыста сөз алған Чагано-Набережная 82 мекенжайының тұрғыны Ануар Нұрғалиев алдымен №5 округтың депутаты Светлана Бахишеваға жарықтандыру мәселесін шешіп бергені үшін алғысын білдірді. Одан кейін дәл үйінің артында орналасқан Покатилов және Досмұхамедов көшелерінің қиылысындағы қоқыстың көше жиегіне шашылып жатуын, екіншіден оны таситын машина қоқысты күнделікті тып-тықыр етіп жинауы салдарынан қоқыс салатын жәшіктердің маңы ойық шұңқырға айналғанын айтты. Шұңқырға қоқыс толып, ендігі жерде оны жинау мүмкін еместігіне қынжылды. Тұрғындар қоқыс салатын жәшіктердің астына, сондай-ақ жанына асфальт төсеуді сұрады.

Қоқыс мәселесі қаланың қақ ортасында тұрған Абай даңғылы 108-ші үйдің тұрғындарын да толғандырады. Үш жыл қатарынан жергілікті органдарға хат жазып жүрген аталмыш үй тұрғындары әлі ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмағандарына ашынулы. Мәселен, ондағы қоқыс жәшіктеріне тұрғындармен қатар "Орал Таза Сервис" мекемесімен келісімшартқа отырмаған сол маңайдағы дүкен, киоск, кафе, сұлулық салондары да қоқыс лақтырады. Сол себепті күніне екі мәрте жинап кетсе де, таутөбе боп жиналған тұрмыстық қалдықтар мен қораптар қоқыс таситын көліктерге сыймайды. Мәселені шешу ушін тұрғындар сол аумаққа қоқыс жәшіктерін қоятын қосымша орын қарастыруды ұсынды.

WhatsApp Image 2021-10-26 at 14.18.35

Ал Скоробогатова 67 мекенжайының тұрғыны үй маңындағы жолда бордюрлардың, сондай-ақ тротуар мен жолдың арасында шекара жоқтығына шағымданды. Тұрғындар сол жолдың не тек жаяу жүргіншілерге арналған, не біржақты жол болғанын қалайды.

Кездесу соңында қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Жандос Дүйсенғалиев жоғарыда айтылған Чагано-Набережная 82, Абай даңғылы 108, Скоробогатова 67 мекенжайларына аяқтай барып, рейд жасайтынын айтты. Сонымен қатар кездесу барысында айтылған басқа да мәселелерді шешу үшін халық қалаулылары тиісті орындарға депутаттық сауал жолдайтынын жеткізді. Жиын соңында жиналған тұрғындар депутаттарға, жергілікті атқарушы орган мүшелеріне ризашылығын білдірді.

Назгүл Қожанбаева,

“Nur Otan” партиясы БҚО филиалының баспасөз хатшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале