4.07.2023, 9:45
Оқылды: 64

Деркөл кенті: Көлік қозғалысына кедергі көп

Деркөл кенттік округінің әкімі Ж. Жұмағалиевтің назарына!

Көлік қозғалысына кедергі көп

Деркөл кенттік округіне қарасты «Көкжиек» шағынауданында Майқы би атында көше бар. Үшбу көшеден қалаға қарай шығатын қосымша жолға  түсу үшін тура оңға бұрылар тұста қасқайып қара ағаш өсіп тұр. Осы ағаш қала жақтан солға бұрылып «Көкжиекке» кіретін көлік атаулыны көруге кәдімгідей кедергі.

ef84e1a2-779e-42e7-949a-e95d2859251e

Ал қосымша жолмен келіп, қаланың орталығына жеткізетін күрежолға түсетін бұрылыстың оң жағы қаптаған балапан ағаш, шөже тоғай. Балапан ағаш, шөже тоғай дегенмен, солардың өзі адам бойына жетеғабыл. Яғни күрежолмен оң жақтан келе жатқан көліктерді көрсетпейді. Бұл аз десеңіз, қала жақтан үлкен  жолмен келе жатып, «Көкжиекке» бұрыларда асфальт толыққанды төселмегендіктен, бұрылу аумағы күрт тарылады. Дәл сол маңда, тек жолдың арғы бетінде жол-көлік оқиғасының салдарынан опат болған марқұмға белгітас қойылған. Тағы бір айтпағымыз, «Көкжиекке» кірершығар жол ақ сызықпен екіге бөлінбеген және осы жол қосылатын басты жолдың қарама-қарсы екі бағытта екендігін ескертетін белгі орнатылмаған. Осы жайттардың өзі-ақ аталмыш жол қиылысында автокөлік қозғалысының қауіпсіздігі жеткілікті дәрежеде  ұйымдастырылмағанын  айғақтап  тұр.

36a928b6-279d-40f9-8c16-887f246e5548

Деркөл кенттік округінің әкімі Жұбан Жұмағалиев биыл «Жылдың үздік ауыл әкімі» атты республикалық байқауда жеңімпаз атанды. Бұл байқаудың басты шартының бірі жергілікті жұрттың талап-тілегіне сергек қарап, уақтылы тиісті шешім қабылдау. Ендеше, «Жүйрік атқа қамшы ауыр» дегендей, бүгін біз көтеріп отырған мәселені Деркөлдің дуанбасы  қала  һәм облыс басшылығының деңгейіне дейін ушықтырмай реттер  деген  үміттеміз.

b1822a6b-a24d-4ec8-b6ad-892754726df6

Бауыржан Әлжан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале