«Дипломмен - ауылға!» жобасы биылғы 1 мамырдан бастап цифрлық жүйеге ауыстырылды. Енді ауыл-аймаққа барған мамандар аталмыш бағдарламамен үй алу үшін өтінімдерін otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн сипатта рәсімдейді.
«Дипломмен - ауылға!» бағдарламасының тиімділігі қандай? Ауылдағы жылжымайтын мүлікке берілетін несиенің ең жоғарғы көлемі қанша? Аталмыш бағдарламамен баспана және бірреттік көтерме жәрдемақы алу үшін қандай талаптар қойылады? Қандай құжаттар керек? Бұл туралы өткен аптада өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында айтылды.
«Отбасы банктен» шот ашу міндетті
Алдымен, «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы бойынша соңғы өзгеріске тоқталсақ. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес, биылғы 1 сәуірден бастап «Дипломмен ауылға» жобасының сенімді агенті болып, Отбасы банк («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) тағайындалды. Соған орай елді мекендегі мамандардың уақытын үнемдеу үшін «Дипломмен – ауылға!» жобасы цифрлық сипатқа ауыстырылды. Өтінімдер otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында қабылданады. Өтінім беру үшін қатысушы otbasybank.kz порталында тіркеліп, шот ашып, ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қоюы қажет. Жобаға қатысатындар міндетті түрде банктің тұтынушысы болуы керек. Содан кейін кез келген екінші деңгейлі банктен ағымдағы шотты толтырып, несиесін өтей алады. Бұл туралы жиында «Отбасы банк» АҚ БҚОФ директорының орынбасары Нұржан Калишанов айтты. Оның мәліметінше, бағдарламаға ауылдық жерлерге енді ғана барған немесе бұрыннан тұрып жатқан және онда белгілі бір кәсіптер бойынша қызмет атқаратын, нақтырақ айтсақ, жобаға денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен мамандары мен ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері (әкімдер мен әкімдердің орынбасарларын қоспағанда) қатыса алады. Мамандардың жас мөлшеріне шектеу жоқ. Аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жыл сайын өз елді мекендерінде жоғарыда аталған мамандықтар бойынша талап етілетін қызметкерлердің тізбесін қалыптастырады. Бос жұмыс орындары туралы тізім аудан әкімдігінің ресми сайтында жарияланады. Дәл сол тізім аясында жеңілдетілген несиелер беріледі.
Банктің тұтынушысы болудың бірнеше тәсілі бар. Біріншісі, Otbasy bank мобильді қолданбасын жүктеп, оның көмегімен ағымдағы шот пен депозит ашу. Екіншісі, ұялы телефоннан «300» байланыс нөміріне тегін қоңырау шалу. Ал үшінші тәсіл бойынша жақын жердегі банк бөлімшесіне бару немесе кеңес беру орталығына хабарласу қажет.
15 жылға дейін 0,01%-бен
Жалпы «Дипломмен ауылға» бағдарламасының негізгі мақсаты – жастарды әлеуметтік қолдау, ауылдық жердегі қызметке ынталандыру үшін мемлекет тарапынан көтермеақы мен баспана алуға жеңілдетілген несие ұсыну. Жоба 2009 жылдан бері жүзеге асып келеді. Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаеваның айтуынша, аталмыш бағдарлама бойынша ауылға барған мамандар 100 АЕК мөлшерінде, яғни 345000 теңге бірреттік көтерме жәрдемақы алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ тұрғын үйді сатып алу немесе салу үшін 15 жылға дейін 0,01%-бен 1500 АЕК (2023 жылы 5 175 000 теңге) мөлшерінде несие беріледі. Қарыз өтініш иесі жұмыс істейтін елді мекенде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға беріледі. Әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылған маман ауылдық елді мекенде кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндетті.
– Биыл республикалық бюджеттен облыстағы 509 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 2634,0 млн теңге қаражат бөлінді. Ал жергілікті бюджет қаражаты есебінен ауылдық жерге барған 900 маманға әлеуметтік қолдау көрсетуге 737,8 млн теңге, оның ішінде 310,5 млн теңге көтерме жәрдемақы беру қарастырылып отыр. 1 сәуірге дейін 242 маман көтерме жәрдемақы алды. Жалпы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге асқалы 2009-2023 жылдар аралығында ауылға – 8551 маман барды, оның 5775-і – мұғалім, 1598-і денсаулық сақтау, 127-сі – әлеуметтік қамсыздандыру маманы, 534-і – мәдениет қызметкері. Сондай-ақ спорт саласы бойынша 228, агроөнеркәсіп кешенінде 263 және мемқызметке 26 маман орналасты. Осы аралықта әлеуметтік қолдау шараларына жалпы 3 221,9 млн теңге бөлінді. Әлеуметтік сала мен агроөнеркәсіп кешенінің 4513 маманы 14 633,0 млн теңге бюджеттік несие алды. Айта кететін тағы бір мәселе, келісімшарт талаптарын бұзып, бюджеттік несие мен көтерме жәрдемақыны қайтармай жүрген мамандар да көп. Биыл 802 маман тұрғылықты жерін ауыстырып, өз еркімен жұмыстан шыққан. Аталмыш бағдарламаның шарт талаптары орындалмаған және орындаудан бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес, маманға берілген несие заң аясында өндіріліп алынады.
Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігі бюджеттік несиенің мөлшерін аудан орталықтары үшін 2 500 АЕК-ке дейін және қалған ауылдық елді мекендер үшін 2 000 АЕК-ке дейін, сондай-ақ көтерме жәрдемақы мөлшерін шалғайдағы және шекара маңындағы ауылдардағы мамандар үшін 200 АЕК-ке (бүгінде 100 АЕК) дейін арттыру мәселесін пысықтауда, – деді Бибігүл Тишанқызы.
Қандай құжаттар қажет?
«Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы бойынша көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға бөлінетін бюджеттік несиені алу үшін төмендегідей құжаттарды тапсырады:
– өтiнiш;
– жеке куәліктің көшiрмесi;
– жаңа жұмыс орны (ауылдағы) бойынша еңбек кiтапшасының көшiрмесi;
– бiлiмi туралы дипломның көшiрмесi;
– көші-қон қызметінен алдыңғы тіркелген жері туралы мәліметтер, тиісті елді мекенде тұратынын растайтын мекенжай анықтамасы;
– сатып алынатын жылжымайтын мүлікті бағалау актісі;
– неке туралы куәлік көшірмесі (некеде тұрған мамандар үшін);
– аталған ауылдық елді мекенде маманның, оның жұбайының және балаларының жылжымайтын мүлкінің болмауы (болуы) туралы анықтама.
Көтерме жәрдемақыны және тұрғын үй салуға бюджеттік несие алған кезде жоғарыда аталған құжаттарға қосымша маманның атына тұрғын үй салу үшін берілген жер учаскесін пайдалану құқығына акт, кепілге қойылған мүлікті бағалау актісі, кепілге қойылған мүлікті сақтандыру шарты керек. Аталмыш құжаттарды жинақтаған соң аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) уәкілетті құрылым комиссиясына ұсыну қажет. Сондай-ақ құжаттар түпнұсқалармен бірге беріледі және оны көшірмемен салыстырғаннан кейін олар иесіне қайтарылады.
Уәкілетті құрылым мамандардың құжаттарын қабылдайды, тіркейді, олардың растығын тексереді, қаржы мөлшерін есептейді және бес күн ішінде комиссия қарауына жібереді. Ал комиссия құжат түскеннен бастап, он күн ішінде ұсынылған құжаттарды қарап, аудан әкімдігіне әлеуметтік қолдау тетігін қарастыруды ұсынады. Ал аудан әкімдігі комиссия ұсынысы келіп түскеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде әлеуметтік қолдау шараларын көрсету туралы қаулы қабылдайды.
Қаулы қабылданғаннан кейін 7 күнтізбелік күн ішінде үшжақты, яғни аудан әкімдігі, маман және банк арасында әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну келісімшарты жасалады. Егер маман жалған құжаттар берген болса, өтініші қабылданбайды.
Гүлсезім Ерболатқызы,
«Орал өңірі»