1.07.2021, 23:35
Оқылды: 50

Домбыра – намыс

Күн жанып тұр. Бір шаруалармен көшеге шыға қойып ем... Сырым батыр алаңындағы су бұрқаққа жеткенше асықтым. Кенет, бұрынғы «Қазкоммерцбанк», қазіргі «Жусанбанктің» алдындағы қисайған «Домбыра ескерткішіне» көзім түсіп, оқыс тоқтай қалдым. Жүрегім шаншып кетті... 

5c020b85-5bf2-4fe4-82b2-3ea26854f66e

Өше бастаған жазуын әдейі суретке түсіріп алып, үлкейтіп әзер оқыдым. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына қалаға және тұрғындарға жасаған сыйы екен банктің. Өткен он жыл ішінде ішектері шырматылып, шанағы шытынап, мойыны бұратыла майысып кеткен. Жалпы мынау ескерткіш домбыраға көрсетілген құрмет емес, мазақ сияқты болып тұр.

Алдына шүңкитіп гүл еккендей қылып екі-үш шұқанақ жасап қойыпты.

Банк деген аттарына ұят болды-ау...

Бірақ, ақша бар жерде ұятқа, намысқа орын жоқ шығар…

Сынық домбыра үнсіз жылап тұр, шатынаған шанақта қаталап отырған торғай сияқты...

8e528a33-443c-43d6-8eb5-c587591af08b

Быт-шыты шыққан «Домбыра ескерткішінен» көңілім құлазуымен қоғамдық көлікке отырдым. Қарсы орындыққа 5-6 жасар қызы бар жас келіншек жайғасты. Қабақты керіп тастаған, жұқалтаң өңді ақсұр келіншек жолақысын бермекке ыңғайланып жатқанда қызы бірдеңелерді айтып, шағын салонды басына көтерді. Өз ойыммен отырған мені қара қыздың қазақтың исі де шықпайтын  «шіп-шикі» орысшасы әнтек шошытты ма, «қазақша сөйле» деп қалдым еріксіз, барынша жұмсақ дауыспен. «Сен қазақсың ғой, анаң да қазақ» деп қосып қойдым сосын күлімсіреген түрмен, үзілген ішектің ызыңы құлағыма келіп. Сол бойда «Она по-казахский хорошо понимает» деп  келіншек жауап қатты. Манағы мойны майысқан домбыра құсап, күңгірлей сөйлеп кеп берейін сол жерде.

«Хорошо понимать мало, хорошо знать надо...»

«Не ваше дело!»

«Как раз мое дело! Потому что, это дело моей и твоей нации! Казахи мы! Из-за таких матерей как вы, теряется будущее моего народа. Даже русские вон сколько стараются изучать казахский язык, а вы что делаете?»

«Ой, қойшы!» деп қазақшалап кетті әлгі келіншек мұрны қусырылып, ерні жымқырылып.

«Қойсаң, қой! Есіл анаңның ақ сүті...Есіл сөзім... Қазақтың жаманы орыс болам дейді... Қызыңа қазақ екенін ұмыттыр біржола...» деп бұрқырап барып басылдым.

Сұр келіншек желбезегі дірілдеп, салондағы екі орыс әйел өзіне жақтасар ма екен дегендей, қарағыштап еді, олар үндеген жоқ. Қара көзілдіріктің астынан қарап отырмын, әрі-бері кекірейіп отырды да, құлағы қызарды. Ой түскендей ме, ұялғандай ма, жуастау кейіпке түсті. Қызына аяй қарап, терін сүрткіштеп, айыпты болған баладай тыпыр қақты. Тағы біраздан кейін менің жүзіме «байқатпай» барлап қарай бастады. Көзілдірігімді көтеріп назарымды тіктеп ем, жалма-жан көзін алып қашты. Оған да шүкір. Бір келіншектің де болса  намысына от бердім.

Ал мені тұтандырған манағы домбыраның адам аяғандай халі еді...

 

Дариға Ғазезқызы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале