29.04.2025, 11:00
Оқылды: 262

Донор болуға дайынсыз ба?

Қазақстанда донор жоқтықтан жылына 300-ден астам адам көз жұмады.  Ал 4 199 адам өлім мен өмір арасында  арпалысып,  ағза ауыстыруды  күтіп  жатыр.  

DSC09834

Бұл туралы Астанадағы Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Айдар Ситказинов өңірге келген сапарында айтты. Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасында медицина ұйымдарының басшыларымен кездесіп, ағза донорлығын дамыту мәселелерін талқылады. Оның айтуынша, жыл сайын транспланттауға мұқтаж адамдардың саны артып келеді.

– Елімізде марқұм болған адамның ағзаларын алуға қатысты, яғни «келісім презумпциясына» қатысты дау көп. Бұл адам қайтыс болардан бұрын ішкі ағзаларын донорлыққа алуға қарсы екенін білдірмеген болса, донорлыққа келісті деген сөз. Алайда біздің елде науқас донор болуға келіскен жағдайда да, туыстарынан рұқсат сұралады. Олар келісім бермесе, транспланттау жүргізілмейді. «Келісім презумпциясы» әдісі  Испания, Франция, Хорватия, Белоруссия, Ресейде қолданылады. Мысалы, Испанияда 2023 жылы бір миллион адамға 48,9 донор тіркелген. АҚШ-та 18 жасқа толған азаматтар көз жұмған соң донор болатыны жөнінде жазбаша келісім береді. Ал мұсылман мемлекеттері арасында Иранда мәйіт донорлығы  жақсы  дамыған.

Бүгінде елімізде донорды күту парағында 4 199 науқас тіркеуде тұр. Осынша адам ағза ауыстыруға тәуелді деген сөз. Бұл тізімдегілердің көпшілігі, яғни 3 800-і – бүйрек ауруымен ауыратындар. Жыл сайын 300-ден астам науқас транспланттауға жетпей, яғни ағза жетіспеушілігінен қайтыс болады. Ағзасын алмастыруды қажет ететін науқастар азаймай тұр. Керісінше, олардың қатары жыл сайын 500 науқасқа көбейеді. Бұл елдегі транспланттау саласын дамыту қажеттігін көрсетеді, – деді Айдар Кенжетайұлы.

Ағзаны транспланттаудың екі түрі бар.

Ол – науқастың туыстарының донор болуы және мәйіт донорлығы. Орталық директорының айтуынша, тұрғындарға мәйіт донорлығының маңыздылығын көбірек түсіндірген жөн.  Себебі мәйіт донорлығы арқылы 4-5 адамның өмірін құтқаруға болады.

Ал туысына ағзасын берген адамның өзі де донорлыққа тәуелді болып қалуы мүмкін.

Сондықтан туыстық донор болудың да белгілі бір тәуекелдері бар. Осы мәселені медицина ұйымдары да ескеруі керек. Маман тұрғындардың да мәйіт донорлығына түсіністікпен  қарағандары  жөн  дейді.

DSC09838

– Қазір әр адам мәйіт донорлығына келісім беруді немесе қарсы болуды көзі тірісінде таңдай алады. Ол үшін Egov порталында тиісті деректерді толтырып, цифрлық қолтаңбамен өтінішке қол қояды. Онда барлық ағзаны немесе кейбір ағзаны ғана пайдалануға рұқсат береді немесе келіспейді. Бұл шешімді кез келген уақытта өзгерте алады. Жалпы өлер алдында ешқандай таңдау жасамаған немесе донор болуға келісімін берген марқұмдардың туыстарының рұқсаты сұралады. Егер туыстары келісім бермесе, донорлық жүзеге аспайды. Былтыр Қазақстанда 86 мәйіт донорлығы болды.

Алайда тек 10 отбасы ағзаны транспланттауға рұқсат берді. Яғни 90%-ы донорлықтан бас тартып отыр. Олар туыстарының денесі тілгіленіп, пышаққа түскеніне қарсы. Десе де, марқұм көзі тірісінде донор болуға рұқсатын беріп кеткен болса, туыстары ойланулары қажет. 2024 жылы алты адам мәйіт доноры болуға келісім беріп, 23 адамның ағзасы алмастырылды. Қалған 237 транспланттау туыстарының донор болуымен жасалды.

Қазақстанда транспланттау бойынша ота жүргізуге лицензиясы бар тоғыз  орталық қызмет етеді. Транспланттау қызметін үйлестіретін өкілдіктер Астана мен Алматыда, Шымкент, Қызылорда және Ақтөбе қалаларында құрылған. Облыстарда да ағзаларды транспланттауды қолға алу мәселесі талқыланып жүр. Ол үшін материалдық-техникалық база, арнайы мамандар қажет. Бұл ретте денсаулық сақтау басқармасы   жергілікті жерде транспланттауды дамытқысы келсе, қарқынды жұмыс істеуі керек. Батыс Қазақстан облысында соңғы бес жылда екі мәйіт донорлығы жүзеге асты. Былтыр 13 ықтимал донор болған еді. Бірақ бұл науқастардың бәрінің туыстары ағзаларды алуға рұқсат берген жоқ. Сондықтан тұрғындардың мәйіт донорлығының маңызы жөнінде оң пікірін қалыптастыру бағытында жұмысты күшейту қажет. Қазақстанда жүрек, өкпе, екі бүйрек пен бауыр алмастырылады. Биыл қаңтарда туыстарының келісімі арқылы қасаң қабық (роговица) трансплантталды.

Көзі ауыратын екі науқастың ағзасы алмастырылды, – деді орталық директоры Айдар Ситказинов.

Қазақстандағы транспланттаудың тарихы 1979 жылдан басталады. Ал транспланттау оталары 2012 жылдан бастап қарқынды жүргізіле бастаған.

DSC09847

«Содан бері Батыс Қазақстан облысында туыстарының донор болуымен 86 адам бүйрек, 12 адам бауыр алмастырды.

Мәйіт донорлығымен екі науқасқа жүрек алмастырылды. Бүгінде өңірде 164 науқас бүйрек, бес адам жүрек және екі адам бауыр транспланттауға мұқтаж.  Қазіргі мәселе – мәйіт донорлығының дамымай отырғаны. Себебі туысына бір ағзасын берген адамның өзінің денсаулығы нашарлап кетуі мүмкін. Сондықтан мәйіт донорлығын арттыру қажет. Ықтимал донор дегеніміз – миы өлген науқастар. Ми өлсе, ол адам өлдіге саналады. Олар тек жасанды тыныс салу аппаратына қосылып тұрады. Десе де, миы өлгеннің бәрін донор жасамайды. Егер ми бір тәуліктен астам өмір сүру белгісін білдірмесе, арнайы комиссия мидың өлгені туралы шешім қабылдайды. Содан кейін ғана марқұмның донор болатыны немесе болмайтыны туралы өтінішінің бар-жоғы қаралады. Марқұмның туыстарынан рұқсат сұралады. Туыстары бас тартса, марқұм донор болмайды. Өйткені донорлық марқұмның туыстарының келісімімен ғана жасалады. Сондай-ақ марқұмның ағзалары донорлыққа жарамды не жарамсыз екені анықталады», – деді БҚО бойынша трансплант-үйлестіруші  Индира  Семенова.

Қандай адамдарға донор болуға рұқсат етілмейді? Жіті инфекциялық және жұқпалы аурулары бар, ЖИТС-пен ауыратындар және АИТВ-инфекциясын тасымалдаушылар, В, С гепатиті донор болмайды. Туыстары жоқ және жеке басы анықталмаған адамдар, шетелдік азаматтар  донорлыққа жарамайды. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР кодексінің 209-бабы 4-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабiлетсiз адамдардың ағзасын алуға тыйым салынады. Жоғарыда аталған кодекстің 210-бабы 1-тармағында және  212-бабының 1-тармағында кімдердің донор бола алатыны көрсетілген. Донордың ағзаларында инфекциялық аурулар, қант диабеті және кейбір басқа аурулар болмауы тиіс. Аталған кодекстің 209-бабы 4-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, адамның ағзаларын немесе белгілі бір бөлiгін, тiндерін сатып  алуға-сатуға  тыйым  салынады.

Ясипа Рахимқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале