Астанадағы V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары этноауылындағы Бөкей ордасының боз үйіне келген шетелдіктер осындай тұжырымға келіпті.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей қорығы дербес орда тігіп, жәдігерлерін жұрт назарына ұсынып отыр.
Ішкі ордадағы саяси реформалардың қазақ қоғамы үшін тың болғаны рас. Жәңгір – қазақ даласындағы тұңғыш мектептің есігін ашушы. Ыбырай Алтынсарин дүниеге келген уақта, яғни 1841 жылы 6 қазанда Жәңгір ордада мектеп ашып жатқан. Ханның табиғи ресурстарды сақтаудағы саяси шешімдері, қазақ жастарынан мамандар даярлау ісінің маңызы әлі күнге жойылған жоқ.
Жәңгір бүгін «Болашақ» бағдарламасының негізін өз заманында қолданған.
Білімге құштар, ынталы жеті бозбаланы Ресейге оқуға аттандырды. Бозбалаларды ауылдан 7 шақырымға дейін өзі ұзатып, қалталарына күміс ақша салып шығарып салған. Хан ордасы ауылы – ашық аспан астындағы музей.
1828 жылы 9 сәуірде Жәңгірханға берілген үйді, яғни хан резиденциясын, қазынашылық, дәріхана мекемелерін, мешітті, жәрмеңкені көрем десеңіздер, мархабат.
– Шетелдіктер Нарын құмы мен түйелерді көріп, Дубайдан бұрын, Ордаға бару керек деген ойларын айтуда, - дейді музей-қорықтың директоры Ғайса Махимов.
Бөкейдің үйінен қазы, тархан Жәбір Хамадовтың Құран кітабы, өлшегенде келі мен футты қатар көрсететін айтаразы секілді ерекше жәдігерлерді көруге болады.
Бауыржан Ширмединұлы
zhaikpress.kz