31.12.2024, 10:30
Оқылды: 106

Дулат Жүсіпқалиев – бастамашыл жастардың «көсемі»

Жыл аяғы тәмамдала, Орал қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Дулат Жүсіпқалиев «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Ол бұл марапатты облыстағы көшбасшы жастардың жеңісі деп біледі. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ қоғамдық жұмыстармен шұғылдана бастаған ол, бүгінде бастамашыл жастардың басын қосатын мекемеде басшылық қызметте.

IMG_6953

Дулат Нұрбергенұлы – Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылындағы орта мектептің түлегі. Мектеп қабырғасында-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, биология пәнінен өткен облыстық, республикалық байқауларда жүлделі болған. 2013 жылы білім ұясынан түлеп, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың биология пәні мұғалімі мамандығына ақылы негізде оқуға түседі. Университеттегі «Студенттік парламент» ұйымына мүше болады. Алғаш оқуға түскен жылы, ә дегеннен оқу ордасының ішіндегі сан-салалы шараларға, қалалық, облыстық деңгейдегі жобаларға қатысады. Көшбасшылық қабілетін жетілдіріп, білім алушылардың алды болып шыға келеді. Оның бұл талантын оқытушылар елеп-ескеріп, жаратылыстану факультетінің студенттік деканы болуға лайық деп таниды. Облыстағы бірегей білім ордасының жұмысына жауапкершілікпен қарап, артылған сенім мен үмітті ақтайды. Келер жылы студенттік ректор лауазымына дейін көтеріліп, білім грантының иегері болады.

IMG_6951

– М. Өтемісов атындағы БҚМУ-ды тәмамдап, қызмет жайына қарайлап жүргенімде университет басшылығы мені жұмысқа алғысы келетіндігі туралы хабар берді. Өзімнің төрт жыл білім алған, шығармашылық қабілетімді шыңдаған оқу ордамның бұл ұсынысын қуана қабылдадым. Онда кеңесші маман ретінде екі жыл еңбек еттім. 2019 жылдың соңында Мемлекет басшысы 2020 жылды Жастар жылы деп атаған. Жастар жылы қарсаңында қаламызда «Орал жастары» еріктілер қозғалысы құрылған болатын. Қаладағы қоғамдық-мәдени, спорттық шараларда бас болып жүрген кезім еді. Осы бір еріктілер қозғалысына мені қызметке шақырып, жұмыс орнымды ауыстырдым. Әлі есімде, еріктілер қозғалысы-на қызметке кіргенімде қаламызда ауыз су мәселесі күрделеніп, бірқатар қиындыққа тап болған. 6-шағын­ауданда тұратын қала тұрғындарына құтымен су тасыған кезіміз болды. Одан бөлек, экологиялық бағыттағы, мәдени іс-шаралар мен қайырымдылық жұмыстарына да қатыстық. Тынымсыз еңбегімізге қала тұрғындары мен облыс әкімдігі басшылығы алғыс айтты. 2019 жылы «Орал жастары» еріктілер қозғалысы үздік деп танылып, маған «Үздік жас көшбасшы» аталымын берді. Содан бері  біз өз ісімізден шабыт алып, жұмысымыздың қарқыны үдей түсті. Мәселен, пандемия кезінде өзге қалалар мен шет елдерден келген гуманитарлық көмекті тасымалдау, жеткізу жұмыстарына белсене араластық. Індетке байланысты топ болып жүруге, бір жерде шоғырлануға тыйым салынды. Бұл кезде еріктілер қозғалысының мүшелері күндізгі және түнгі ауысымды жұмысқа көшті. Ол жылы дәрі-дәрмекті айтпағанда, қарапайым медициналық бетперделер де тапшы болған. Осындай қажетті заттарды тиісті орындарға уақтылы жеткізуге көмектестік. Төрт қабырғаға қамалған халықтың көңіл күйін көтеру мақсатында тұрғын үй аулаларында концерт ұйымдастырып, әлеуметтік желіде үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. 2020 жылы Орал қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы болып тағайындалдым, - дейді Дулат Жүсіпқалиев.

WhatsApp Image 2024-12-24 at 16.41.21

Елімізде, өңірімізде еріктілер­дің алатын орны ерекше. Көктемгі су тасқыны кезінде су басу қаупі бар қаламыздағы он беске жуық шағынауданда екі мыңға  тарта ерікті жұмылдырылды. Олар қапқа құм толтырып, бөгет тұрғызу жұмыстарына көмекте­сумен болды. Әр түрлі мекеме қызметкерлері, қала тұрғындары, әскерилер, еріктілер жұдырықтай жұмылып, тасқынға тосқын бола білді. Қауіп сейілгеннен кейін, ресурстық орталық «Таза Қазақ­стан» экологиялық акциясына ден қойды. Орал қаласындағы 20 арнаулы орта оқу орны мен 4 ЖОО арасында қоқыс жинаудан жарыс өтті. Студенттерді ынталандыру мақсатында бағалы сыйлықтар тапсырылды. Қазіргі таңда аталмыш ресурстық орталықта 20 қызметкер жұмыс істейді. Олар – әр түрлі мамандық иелерінен  құралған белсенді жастар.

– Еріктілер жылында «Жыл волонтеры» атты республикалық конкурста облысымыздан 8 бірдей ерікті жеңімпаз атанды. Бұл өңір еріктілерінің алған алғашқы марапаты еді. Жастар дегенде әуелі үш мәселе ойға келеді. Оларды тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз ету қажет. Бос уақыттарын тиімді өткізу де өзекті мәселе болып тұрды. Бүгінде осынау шаруалар біртіндеп шешімін тауып келе жатыр. Биыл облыс әкімінің қолдауымен белсенді ерікті жастарға 40 үй берілді. Үй иелерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Келер жылы да бұл үйлердің саны артпақ. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың аясы кеңейді. Оған мысал, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары жүзеге асуда. Президентіміз өңірлердегі экологиялық акциялардың көптеп өтуін тапсырған. Біз де өз тарапымыздан «Таза аула автобусы» атты жобаны жүзеге асырдық. Еріктілер қоқыс көп жиналып қалған жерлерге арнайы автобуспен қатынап, қала тұрғындарын тазалықты сақтауға шақырды. Бұл жобаға ұлттық телеарна қызығушылық білдіріп, арнайы бейнематериал түсірді. Оған қоса қаламыздағы оқу орындарына жылына екі рет әр түрлі сала мамандарымен кездесу ұйымдастырамыз. Еріктілік қызметі адам бойындағы туған жерге деген махаббатты оятып, жанашырлық сезімін арттыра­ды, - деді Дулат Жүсіпқалиев.

IMG_6952

Жастардың басын қосып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жолында көшбасшылық етіп жүрген Дулат Нұрбергенұлы «Дарын» сыйлығы хақында «Бұл – сыйлық баршамыздың жеңісіміз» дейді. Бүгінде облысымызда аталмыш мемлекеттік сыйлықтың 5 иегері бар.

Нұрым Ғұмар

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале