28.03.2023, 9:15
Оқылды: 34

«Егер Бөкей болмаса ...»

Бөкей ордасы ауданының құрылғанына – 222 жыл. Соған орай жақында Орал  қаласындағы  Х. Есенжанов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында  іс-шара  өтті. Жиында Бөкей ордасы туралы кітаптар, мұрағат  құжаттары мен музей жәдігерлері  қойылған көрме таныстырылып, «Егер Бөкей болмаса...» деректі фильмі көрсетілді. 

бокей орда

Деректі фильм тарихи деректер негізінде Бөкей хан туралы, оның елдікті сақтаудағы ерлігі жайлы, сол кездегі өңірдегі саяси ахуал туралы түсірілген.

Шарада М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева Бөкей даласындағы 1921-1922 жылдардағы ашаршылық туралы баяндаса, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров Бөкей хан басқарып тұрған кездегі ордалықтардың хал-ахуалына тоқталды.

– Ғасырлар бойы құпия болып сақталған мұрағат құжаттары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін тарихшылардың қолына тиіп, тарихымыз қайта жазылуда. Өткенге көз жүгіртсек, Бөкей даласы аз қасірет шеккен жоқ. 1916 жылдары Нарын құмында да ұлт-азаттық қозғалыстар болды. 1918-1920 жылдары Азамат соғысы, «ақтар» мен «қызылдардың» қырғыны қазақ ауылдарына да қасірет алып келді. Кейін 1921-1923 жылдардағы алапат ашаршылық халықтың тоз-тозын шығарды. Жалпы елімізде ашаршылық 1921 жылы басталса, Бөкей даласында 1918 жылы басталған еді. Оның негізгі себебі – Азамат соғысы басталған кезде патша өкіметі-нің Ішкі ордадағы дәулетті адамдардың алдындағы ірі қара малын тартып алып, халыққа жиі салық салуы. Осылайша Бөкей губерниясындағы ашаршылықтың салдарынан халықтың жаппай қатерлі жұқпалы ауруларға шалдығуы, дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі, адам өлімінің тым жиілеуі бөкейліктердің демографиялық құлдырауына әкеліп соқты. Кеңес өкіметінің солақай саясаты мұнымен тоқтамады.

Тәркілеу, колхоздастыру, ұжымдастыру саясаттары қазақ халқына зардабын тигізді. 1941-1945 жылдары болған Ұлы Отан соғысындағы жеңіске Бөкей халқы да өз үлесін қосты. Ордадан Мәншүк Мәметова, Темір Масин, Ахмедияр Құсайынов секілді батырлар шықты. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Бөкей даласын тағы бір қасірет күтіп тұр еді.

Ол – Нарын жерінің Капустин яр полигон аймағына айналуы. Полигонның Бөкей даласының табиғатына, жалпы экологиясына, тұрғындарының денсаулығына тигізген зардабы орасан болды. Ұлтқа жасалған осындай геноцид саясат туралы ақиқат енді ашылуда. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 24 қарашада саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлық құпия болып сақталған мұрағат құжаттарын алуға, тарихтың жаңадан жазылуына, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға үлкен септігін тигізді. Солардың бірі – «Орал, Бөкей губернияларындағы 1921-1922 жылдардағы ашаршылық. Батыс Қазақстан облысының архив құжаттары» деген құжат еді. 100 жыл бойы құпия сақталған мұрағат деректерін алғаш рет қолымызға алып, былтыр жарыққа шығардық. Құжатта ашаршылық жөніндегі жарлықтар, баяндамалар, дәрігерлердің тұрғындар өлімі бойынша нақты есептері, аштықтан өлген балалардың саны жазылған, – деді Бақтылы  Боранбаева.

Жиын барысында бірқатар бөкейлік азамат шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтып, өткенді ұлықтау, тарихты ұмытпау қажеттігін жеткізді. Айта кетсек, іс-шараны «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының директоры, тарих магистрі, өлкетанушы Айболат Құрымбаев  ұйымдастырды.

 

Гүлсезім  Бияшева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале