26.01.2023, 10:30
Оқылды: 59

Екі күнде 19 көлік заңдастырылды

Қаңтардың 23-і күні шетелде тіркеуде тұрған автокөліктерді заңдастыру басталды. Бірінші шілдеге дейін созылатын бұл науқан басталған күні Орал қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып, көптен бері автоарғымағын заңдастыра алмай келген жүргізушілерменжүздестік. Сала мамандары заңдастырудың қалай іске асатыны, көліктердің қалай тексерілетіні туралы айтты. Тіпті бірнеше жылдан бері шетелдік нөмірмен жүріп, жаңа низамға сәйкес автосына қазақ елінің нөмірін орнатып үлгерген азаматтарды сөзге тарттық.

38a4ff98-3475-40e0-8577-d0e3fa2b7226

Машинасына мемлекеттік нөмір алсақ деген жерлестеріміз көп екен. Тіпті арнайы автотұрақтан орын табу қиынға түсті. Ақыры көлігімізді қойып, діттеген жері-мізге беттей бергенде, машинасына қазақстандық нөмір қондырып жатқан азаматқа көзіміз түсті. Жақынырақ барып, сөзге тартқанымызда есімі Арслан Давлеткалиев екенін білдік. Ол 2020 жылдан бері көлігін заңдастыра алмай жүрген. Мемлекет ұсынған мүмкіндіктің арқасында жаңа нөмір алыпты. Енді алаңсыз жүремін деп қуанышын жасырмады.

– 2020 жылы көлігімді Орынбор қаласынан алып келдім. Ең бастысы, жаңа нөмір алдым. Қуантарлығы, сақтандыруына төленетін құн азайды. Бұрын жылына 62 мың төлеп келгенмін. Биылдан бастап оның құны 8000 теңге болады, - дейді  қала тұрғыны Арслан Давлеткалиев.

7d94f1e8-9ba7-4848-9ce8-444530d212ae

Арслан өзінің шетелде тіркеуде тұрған көлігін толық заңдастырып, қазақстандық нөмір алуға бір сағат уақытын жұмсапты.

Заңдастырудың жолы қандай?

Көлікті заңдастыру үш кезеңнен тұрады. Алдымен көлігі шетелде тіркеуде тұрған азамат е-gov.kz электронды үкімет порталы арқылы көлігін заңдастыруға өтініш береді. Бұл процедураның тағы бір ыңғайлы тұсы: өтінішті екінші деңгейлі банктердің қосымшалары және ХҚО-ның «Өз-өзіне қызмет көрсету секторы» арқылы беруге де болады. Ол жерде автокөлік иесі жеке басын куәландыратын құжатты, көлік құралының паспортын және көлік құралын тіркеу туралы куәлігін, көлік құралына меншік құқығын растайтын қағазы секілді  4  құжатты ұсынады.

– Бірінші кезеңде көлік, ең алдымен, кедендік тазалаудан өтеді. Одан бөлек ол көліктің қылмыстық іздеуде және төленбеген салығының бар-жоғы қаралады. Бұл рәсім 2-5 минутқа созылады. Егер машина барлық жағынан таза болса, заңдастырудың екінші кезеңіне жіберіледі, – дейді мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Ақылбек Омарғалиев.

Өтініш берген азаматтардың барлығының көлігі бірінші кезеңнің тексерісінен оңай өтеді деуге тағы болмайды. Оның да өзіндік себептері бар. Ең бастысы, көліктің басқа елде есептен шығарылуы керек.

Сондай-ақ төленбеген салығы бар және қылмыстық іздеуде тұрған машина тексерістен өтпейді. Ондай жағдайға тап болған азаматтар  мемлекеттік кірістер департаментіне барып, өтініш жазып, көлігін заңдастыруға не кедергі болып тұрғанын біле алады. Анықтаған соң қажетті процедураларын жасап, төлейтінін төлеп, есепте тұрған болса, оны шығарып, заңдастыруды қайтадан бірінші кезеңнен бастайды.

Ақылбек Омарғалиевтің айтуынша, екінші кезеңде көлік тексеріледі. Оны ішкі істер департаментінің арнайы криминалистері жүргізеді. Негізінен, екінші кезеңде көліктің VIN коды мен техникалық құжаттамасындағы нөмірдің сәйкестігі қаралады. Бұл үдеріс те 5-10 минутқа  созылады.

– Заңдастырудың бірінші кезеңінен өткен азаматтар туралы ақпарат біздің арнайы базаға түсіп тұрады. Біз тіркеуге өтініш берген азаматтың ЖСН-ы мен көліктің VIN кодын, машинаның шанағын және құжаттардың дұрыс толтырылуын тексереміз. Бәрі ойдағыдай болса, көліктің тексерістен өткені туралы ақпарат аутоматты түрде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орнына түседі. Одан соң заңдастырудың үшінші кезеңі басталады, – деді облыстық полиция департаменті жедел криминалистік басқармасының криминалисі, полиция майоры Қосым Жүсіпов.

Криминалист заңдастыру басталған күні таңғы сағат 9.00-ден түскі 12.00-ге дейін 30 көлік тексерістен өткенін айтты. Барлығының құжаты талаптарға  сай  келген.

Талабына сай келетінін анықтау мақсатында келген тұрғынмен тілдесудің де сәті түсті. Өзін Бауыржан деп таныстырған азамат көлігін 2018 жылы Армениядан алып келіпті.

– ХҚО-ның «Өз-өзіне қызмет көрсету секторы» арқылы көлігімді тексертіп, криминалистердің алдына келгенше бір сағат уақытым кетті. Заңдастыруды онлайн жасаған жағдайда әлдеқайда жылдам өтуге болады екен. Десе де, көлігімді заңдастырып жатырмын. Барынша жағдай жасалған. Енді салықты өз еліме төлеймін, – деді сол күні жаңа нөмір мен техпаспорт алуға  асыққан жерлесіміз. Одан кейін Бауыржан заңдастырудың үшінші кезеңінен де сәтті өтті. ХҚО-да алғашқы тіркеу үшін – 200 000, техпаспорт алу үшін – 4 313, мемлекеттік БАЖ салығы мен мемлекеттік нөмір үшін  9 660 теңге төледі.

Тағы бір айта кететін жайт, алғашқы тіркеуге төленетін 200 000 теңге барлық көлікке бірдей. Мейлі сенің машинаң ғасыр басында шыққан «ВАЗ»  болса да, жаңа үлгідегі «Крассовер» болса да төленетін  құн  барлығына бірдей.

P.S. Газет қатталып жатқанда, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының баспасөз қызметі екі күн ішінде 179 азамат көлігін заңдастыру туралы өтініш бергені туралы ақпарат берді. Оның 56-сы екі кезеңді өткерген болса, 19 азамат мемлекеттік нөмір алып үлгеріпті. Заңдастыру осы қарқынмен жүрер болса, елімізде шетелдік нөмірлі көліктердің азаятыны сөзсіз.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале