3.06.2023, 22:30
Оқылды: 83

Экология түйіткілдері сарапқа салынды

Бұған дейін Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында ҮІ халықаралық «Орал Green Forum» атты экологиялық форумының өткендігін хабарлаған болатынбыз.

IMG-20230603-WA0105

Дәстүрлі басқосудың бастамашылары — «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы мен облыс әкімдігі. Экологиялық форум қоршаған ортаны қорғаудың өзекті мәселелерін мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы диалог сипатында талқылады.

Форумға 120-дан астам оффлайн қатысушы жиналды. Оның ішінде Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің, экологиялық бірлестіктердің, республикалық және облыстық БАҚ, компаниялардың өкілдері, студент жастар, табиғат пайдаланушылар, экология және жасыл трансформация саласының сарапшылары мен мамандары қатысты.
Жиынды ашқан «ҚПО б. в.» компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев экологиялық форумның 5 маусымдағы Қазақстанда экологтар және Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында өткізіліп отырғанын атап өтті.

- Соңғы жылдары жаһандық экологиялық мәселе бірінші орынға шықты. ESG, яғни «экология, әлеуметтік саясат және корпоративтік басқару» іскер ортада, қоғам өкілдері мен мемлекеттік құрылымдар арасында жиі талқылана бастады. Бүгінде бұл бағыттағы оң динамиканы байқап, сол арқылы табысты арттыру үшін барлық алғышарттың бар екенін көруге болады. Бұрындары көпшілік компания, ұйымдар тек салық төлеуі керек, қалғаны мемлекеттің жауапкершілігінде деп түйсінетін. Қазіргі кезде әлеуметке бағыт-бағдар ұстайтын басшылар көбейіп келеді.
— Өткен жылдың қорытындылары бойынша облыс атмосферасына 34 мың тонна ластайтын заттар шығарылды. Бұл — республикадағы жалпы көрсеткіштің 1,5%-ы және өңірлер арасындағы ең жақсы көрсеткіштің бірі. Сондай-ақ су ресурстарын басқару арқылы қоршаған ортаны жақсарту бағытында бірқатар жобаны жүзеге асырудамыз. 2019 жылдан бері көрші Ресейден өңірдің су тапшылығы бар оңтүстік және батыс аудандарына жеткізілетін су көлемі 2 есеге артты. Сонымен қатар жергілікті су айдындарын «қоректендіретін» Киров — Шежін арнасының 178 шақырымын қайта құрудың соңғы кезеңі аяқталды. Біз жаңа технологияларды енгізу арқылы су ресурстарын тиімді басқарып, ұқыпты пайдалануымыз керек. Жер асты суларын пайдалануға өту бойынша жұмыстар атқарылуда. Бүгінде облыс орталығын сумен қамтамасыз ету үшін жоспарланған 6 ұңғыманың 4-еуі бұрғыланды. Мұндай шаруалар республикалық бюджет есебінен атқарылуда. Жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялар су үнемдеу технологияларын енгізуге мән-маңыз берулері тиіс. Осы мақсатқа сай кәсіпорындар техникалық қажеттіліктеріне сарқынды суды қайта тазалап, пайдалануды жүзеге асырулары керек. «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасы аясында өңіріміздегі қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 15-тен 18%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы облыста экологияны жақсарту бағытында кешенді жұмыс атқарылуда. Көміртекті залалсыздандыру және қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жобаларын дайындау, жандандыруға барлық алғышарт бар, — деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев форумда сөйлеген сөзінде.

IMG-20230603-WA0109

Жиында «ҚПО б. в» компаниясының бас директоры Джанкарло Рую және компания өкілдері кен орнында табиғат ресурстарын тиімді пайдалануда қолданылатын жаңа технологиялар мен әдістер туралы әңгімеледі.

- Форум аясында «жасыл» энергетикаға көшу жағдайындағы жоспарларды, бастамаларды және кәсіпкерлікті дамыту жайын талқылауға диалог алаңы құрылды.

IMG-20230603-WA0114

Оған ҚПО, мемлекеттік құрылымдар, БҚО әкімдігі, шағын орта бизнес өкілдері және азаматтар қатысты.

Жалпы «жасыл» энергетикаға көшу мәселелерін бизнесті дамыту мәселелерінен бөлек алып қарау мүмкін емес. Бұл өзі — біз шешуге тырысып жатқан күрделі мәселе. Елде, өңірде тұрақты жұмысты, өркендеуді қамтамасыз ете отырып, дамуымыз қажет. Сонымен бірге бизнесті «жасыл» тұжырымдама аясында алға бастауымыз керек. Өңірде 4000 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған ірі өндіріс орны болғандықтан, көш басында болудың маңызы зор. Біз бизнестің «жасыл», тұрақты энергетикаға қалай көшетіні туралы пікірталастарды ұйымдастырушылардың біріміз. Сонымен қатар энергетикаға өту идеясына бастамашы боламыз, - деді Джанкарло Руиу.
Басқосуда экология ғылымдарының кандидаты, тұрақты даму жөніндегі халықаралық кеңесші Ерлік Қаражан судың балама көзі ретінде сарқынды суды тазарту әдістері туралы сөз етті.
— Экологиялық қауіпсіздік мәселелері өзінің шарықтау шегіне жетті. Жасыратыны жоқ,
экологиялық түйткілді мәселенің көпшілігі жер бетіндегі болашақ өмірге төнетін қауіп-қатерден көрінеді. Көптеген табиғат жүйесінің табиғи айналымы айтарлықтай бұзылды. Адамзат ресурстарды неғұрлым көбірек тұтынса, соғұрлым тәуекел күшейе түседі. Жыл сайын тәуекел артып келеді. Қаржымен айтар болсақ, шығындар көлемі жылына триллион долларды құрайды. Күніне мыңдаған гектар — жер өнімділігі төмендеп, тақырға айналуда, — деді мониторинг деректерімен бөліскені ҚР Парламенті Мәжілісінің қоғамдық палатасының эколог-сарапшысы Айжан Сқақова. Эколог-сарапшының айтуынша, еліміздегі қолданыстағы Су кодексіне сәйкес барлық өндіріс нысаны өз жұмысында суды орынды тұтыну қағидаттарын қолдануы тиіс. Бірақ іс жүзінде олай бола бермейді. Көп ұзамай жаңа Су кодексі қабылданып, қолданысқа енгізілмек. Жаңа Кодекстің жобасы Экология министрлігінде әзірленуде. Онда суды пайдаланушыларға және жалпы өнеркәсіп кәсіпорындарына суды үнемдеу тұрғысынан ерекше талаптар қойылады. Сондай-ақ суды үнемдеу шараларына қатаң мән берілмек.

«Форум барысында «ҚПО б.в.» өздерінің өндірістік нысандарында суды үнемдеу бағдарламасын әзірлегенін мәлімдеді. Ал облыста су ресурстарын үнемдеуге бағытталған нақты бағдарлама жоқ. Бірақ бұл жағдай БҚО-ға ғана тән емес, жалпы Қазақстандағы кез келген өңір әкімдігі су үнемдеу жобаларын жүзеге асыруға енжар қарайды. Қазақстан Республикасының жаңа кодексі жағдайды өзгертеді деп сенеміз», - деді Айжан Сқақова.

Форумда суды, жерді және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану, жергілікті кәсіпорындардың қалдықтарды буып-түю, өңдеу бойынша жобалары назарға ұсынылды.

IMG-20230603-WA0113

Жиында БҚО-да төмен көміртекті дамыту және әлеуеттік офсеттік жобаларды жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы келісімге облыс әкімі Нариман Төреғалиев және «ҚПО б. в.» компаниясының бас директоры Джанкарло Рую қол қойды.

Сонымен қатар қайта өңделген өнеркәсіп қалдықтарын қайталама шикізат ретінде пайдалану мүмкіндігі саласындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы келісім экология департаментімен, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасымен және М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетімен жасалды.

IMG-20230603-WA0106

Жалпы Қазақстанның 2030 жылға қарай «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес, еліміздегі барлық қатты тұрмыстық қалдық полигондары экологиялық талаптарға сай болуы керек. Осы уақытқа дейін қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 40%-ды құрайды.

Жиында Экология министрлігі әкімдіктермен бірлесе отырып, қалдықтарды кәдеге жарату әдістемесін әзірлеуі, қалдықтарды өңдеумен айналысатын инвесторларды тартуы қажеттігі де сөз болды.
Экология форумы «жасыл» экономикаға қадам жасау бағытындағы жолдарды көрсеткен тиісті қарар қабылдады.

Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале