Агроөнеркәсіптік кешен — еліміздің азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігін қалыптастыратын негізгі бағыттардың бірі. Бәйтерек ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Аудан негізінен астық, ет, сүт өнімдерін шығарып, қайта өңдеу, тамшылатып және тұрақты суару жүйелерін іске қосуды мықтап қолға алған. Сонымен қатар жеміс-көкөніс дақылдарын өсіру, жылыжайлар мен көкөніс қоймаларын, құс фабрикаларын құру бағытында жұмыстанады. Осынша ауқымды істі оңынан шешіп, межеленген мақсатқа жету үшін аудан ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін құру, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып, айналымға қосу бағытында үлкен жұмыс атқарып келеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде соңғы төрт жылда егіс көлемі 224 000 гектардан 254 000 гектарға дейін өсті.
Биыл аудан шаруалары күздік бидайды 48 300 гектарға ексе, жаздық дақыл себілген егіс көлемі 108 457 гектарға жетті. Ал майлы дақылдар – 55 180 га, мал азықтық дақылдар – 39 118 га, картоп – 1 680 га, көкөніс – 1 610 га, бау-бақша 290 гектарды құрап отыр. Егістік көлемінің осынша ұлғаюы ол жерлерге қызмет ететін техниканың да жаңаруын қажет етеді. Сол себепті бәйтеректік шаруалар жаңа техникалар мен технологияларды пайдалану арқылы ылғал үнемдеу, жұмыс үдерісін оңтайландыру, егіс жұмыстарын тиімді жүргізудің жолдарын іздеуде. Соңғы жылдары аудан шаруалары машина-трактор паркін жаңартуды қолға алды. «Қаз-АгроҚаржы» АҚ сияқты лизингтік компаниялардың қолдауының нәтижесінде диқандар өздерінің машина-трактор паркін біраз жаңартқан. Жалпы 2020 жылдан бері аудан шаруалары жалпы сомасы 10,4 млрд теңгеге 516 ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алған. Былтырдың өзінде 255 жаңа техника иеленгендер 850 млн теңге субсидия алыпты.
Соңғы жылдардағы қымбатшылық егіншілерге де оңай соғып жатқан жоқ. Сол себепті егіс жұмыстарының алаңсыз жүргізілуіне үкімет тарапы барынша қолдау көрсетіп келеді. Оның бір түрі – арзандатылған жанар-жағармай бөлу. Бүгінгі таңда арнайы конкурс қорытындысы шығып, ауданға «Нефтэк» ЖШС жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай беретін болды. Соның арқасында шаруалар қажетті жанар-жағармайды 212 теңгеге сатып алуда. Диқандардың көктемгі-далалық жұмыстарды жүргізуіне 4969 тонна жанар-жағармай бөлінген болса, егін ору жұмыстарына – 4000 тонна, шөп шабу жұмыстарына 600 тонна қарастырылған.
Одан бөлек шаруаларды қолдаудың тағы бір шарасы – субсидиялау. 2020 жылдан бастап өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамытуға барлығы 4292,0 млн теңге субсидия төленген. Оның 1225,9 млн теңгесін өсімдік шаруашылығын, 941,1 млн теңгесін мал шаруашылығын дамытушылар алған. Одан бөлек 2125,0 млн теңге субсидия ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға төленген.
Соңғы жылдары ауданда картоп және көкөніс шаруашылығының даму қарқыны да жоғары. Бәйтеректегі 83 ауыл шаруашылығы құрылымы картоп, көкөніс және бақша дақылдарын өсірумен айналысады. Биыл көкөніс-бақша дақылдары мен картоптың көлемі 3580 гектарды құраған. Бөліп айтар болсақ, картоп – 1680 га, көкөністер - 1610 га, бақша – 290 га.
Жыл сайын ауданның көкөніс өсірушілері ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне қатысып, халықты делдалсыз төмен бағадағы өнімдермен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бәйтеректік шаруалар өнімдерін Астана қаласында өткізілетін облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне жеткізіп, елорда тұрғындарына да ұсынады.
Жылыжай ісі ілгерілеп, қоймалар көбеюде
Ауданда жылыжайларды дамыту, халықты экологиялық таза қияр, қызанақпен қамтамасыз ету, маусымаралық кезеңде көкөніс бағасының өсуіне жол бермеу ісі де біртіндеп шешіліп келеді. Күні бүгін Бәйтеректе жалпы көлемі 127 928 м2 болатын 4 жылыжай жұмыс істейді. Олардың ең ірісі – «World green company» ЖШС-ның жылыжай кешені. Мичурин ауылдық округі аумағында орналасқан жылыжайдың аумағы – 106 000 шаршы метр. Махамбет ауылындағы «Алтын Болашақ» ШҚ жылыжайының отырғызу алаңы 9928 шаршы метр болса, Щаповтағы «Жайна» ШҚ 10 000 шаршы метрге көкөніс егуде. Сондай-ақ Трекин ауылдық округінде «Аширметов» ШҚ-ның жылыжайы бар. Оның көлемі 2000 шаршы метрді құрайды. Былтыр жылыжайлар 1 мың тоннадан астам қияр мен қызанақ жинады.
Негізінен ауыл шаруашылығы бағытында жұмыстанатын аудан өнімді көбейту және сақтау, бағаның тұрақты болуын басты назарда ұстайды. Сол себепті қоймалар салып, олардың көлемін ұлғайтуға да үлкен мән береді. Мәселен, 2020 жылы аудандағы астық қоймаларының сыйымдылығы – 69 050 тонна болса, 2021 жылы 30 000 тоннаға өскен. Былтыр тағы сыйымдылығы 15 227 тонна болатын қоймалар салынды. Соның арқасында қазір ауданда 114 277 тонна астық сақтайтын қойма бар.
Жыл сайын көкөніс қоймалары да көбейіп келеді. 2020 жылы ауданда сыйымдылығы 15 745 тоннаға арналған уақытша және тұрақты көкөніс сақтау қоймалары болған болса, былтыр соңғы үлгіде-гі желдету жабдықтарымен қамтылған 9 700 тонна көкөніс қабылдай алатын қоймалар іске қосылды. Қазіргі уақытта ауданда 25 445 тонна көкөніске арналған қоймалар жұмыс жасайды. Бұл – соңғы үш жылда 45 227 тонналық астық қоймасы мен 9700 тонна көкөніс қоймасы іске қосылғанына дәлел.
Суармалы жерлерді іске қосу, мал басын асылдандыру
Бәйтерек ауданында суармалы жерлерді көбейту мақсатында жұмыс қарқынды жүруде. Аудандағы суармалы жер көлемі 5125 гектарды құрайды. Алдағы 5 жылда суармалы егістік алқаптарын 12 000 гектарға жеткізу жоспары бекітілді. 2021 жылы ауданда «Жайық Ет» ЖШС 215 гектар жерді суармалы етіп игерсе, «Гурсаев» шаруа қожалығындағы суармалы жер көлемі 120 га болды. Сол жылы «Арыстанов» ШҚ 30 га игерсе, «Рысжан» ШҚ 365 га жерді суармалы етіп игерді. Былтыр «Рубежинский» АШӨК – 94 га, «Baystone» ЖШС – 70 га, «Жайық Ет» ЖШС – 458 га, «Ливкино» ЖШС – 50 га, «Рысжан» ШҚ – 180 га, «Плотников» ШҚ 80 га жерді игеріп, 932 га жерге суландыру жұмыстарын жүргізді. Бұл іс биыл да жалғасуда. Суландыру әдісіне «Перспектива Кан» ЖШС, «Жайық Ет» ЖШС, «Baystone» ЖШС, «Centrall Feedlot» ЖШС, «Рубежинский» АШӨК, «Айдос» ШҚ, «Гепард Агро» ЖШС, «Арыстанов» ШҚ көшкен. Бірі бұл әдіспен игерілетін жерін кеңейтсе, енді бірі суландыру әдісін жаңа бастап жатыр. Соның арқасында 1493 гектар жерде суландыру жұмыстары жүргізілуде.
Аудан негізінен өсімдік шаруашылығына бағытталғанына қарамастан, асыл тұқымды мал шаруашылығының дамуына да жағдай жасалуда. Күні бүгін ауданда асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын 43 шаруашылық бар. Оның 34-і етті бағыттағы мал өсірсе, 5 шаруашылық сүтті бағытындағы мал өсіруді қолға алған. Одан бөлек 1 жылқы және 3 асыл тұқымды қой өсіретін шаруашылық бар. Қазіргі таңда ауданда асыл тұқымды ірі қара саны 5 071 басты құраса, сүйегі асыл жылқы саны – 37, асыл тұқымды қой саны 1429 басты құрап отыр. Ірі қара бағушылар негізінен герефорд, гольштейн, қазақтың ақбас сиыры, симментал, әулиекөл және абердин ангус сияқты малға басымдық беруде. Бәйтерек ауданы – облысымыздың сүт белдеуі аймағында орналасқан аудан. Есептік кездесулерде де тұрғындар асыл тұқымды сүтті бағыттағы бұқалардың жетіспейтінін жиі айтады. Сол себепті аудандық бюджеттен 6 556 000 теңге бөлініп, оған «Дьюара» ыдысы алынды. Ол барлық 22 округке таратылды. Соның арқасында әр ауылдық округте құрылған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне арнайы белгіленген дистрибьюторлық компаниялар асыл тұқымды сүтті бағыттағы мал ұрығын тегін таратуды қолға алды.
Сүт белдеуін құру
Қалаға жақын орналасқандықтан, аудан сүт белдеуінің негізін құрайтын аймақ саналады. Бәйтеректе 20 562 бас аналық мал тіркелген болса, оның 9246 басы сауылып, тәулігіне 50 213 литр сүт өндіреді. Сүт сатып алу және сатуды кәсіп еткен 3 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тіркелген. Сонымен қатар 8 тауарлы сүт фермасы жұмыс жасап тұр. «Батыс сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрамында 374 құрылтайшы бар. Ол ауданның 8 округінде жұмыс жасайды.
Былтыр бұл кооперативтер сатқан сүтіне 25 333 180 теңге субсидия алған. Егер 2021 жылы «Керемет Био» серіктестігі 30 бас сүтті бағыттағы асыл тұқымды малды Белоруссиядан әкелген болса, 2022 жылы 254 асыл тұқымды сүтті мал сатып алынды. Осы кезге дейін «Ayla Enviro» ЖШС Чехиядан – 96 бас, «Керемет Био» ЖШС Белоруссиядан – 30 бас, «Жәрдем» ШҚ – 70 бас, «Алина» ШҚ – 42 бас, «Алиев» ШҚ 16 бас сүтті мал алды. Алдағы уақытта «Ayla Enviro», «Авангард», «Хайруллин Н», «Утебалиев С.Ж.» шаруашылықтары сүт фермаларын құруға ниетті.
Атап өтетін тағы бір жайт, Кеңес одағы тараған кезден бастап 30 жыл ішінде ауданға тек 185 бас асыл тұқымды сүтті мал алынған болса, соңғы екі жылда 284 бас асыл тұқымды сүтті мал жеткізілген.
Облыс көлемінде ең ірі сүт өнімдерін өңдеуші және халықтан сүт қабылдап, тұрғындардың қажетін өтеп отырған ЖК «Каверин» кәсіпорны да Бәйтерек ауданында.
Құс һәм балық шаруашылығы
Құс шаруашылығын дамыту – өңірдің азық-түлік қауіп-сіздігін қамтамасыз етудегі экономикалық негізделген, әлеуметтік тиімді және болашағы зор бағыт. Өйткені құс тез өседі. Өнімі жоғары сұранысқа ие. Ауданда екі құс фабрикасы бар, олар – тауық етін өндіретін «Жайық Ет» ЖШС және жұмыртқа бағытындағы «Ақас» ЖШС. Бұл кәсіпорындарда жыл сайын 11 мың тоннадан астам тауық еті және 50 млн данадан астам жұмыртқа өндіріледі, аудан және ішінара облыс халқының қажеттілігін өтейді. Балық өсіру кәсібі тиімді екеніне көптің көзі жетті. Ауданда «Ливкино» ЖШС тұқы, ақ амур және күміс тұқы өсірумен айналысады. Шабақтарымен біздің облыстың барлық балық өсіру шаруашылығын, сонымен бірге Ақтөбе және Атырау облыстарының бір бөлігін қамтамасыз етеді. Жыл сайын 400 мыңға дейін шабақ сатады.
Тоқетерін айтқанда, Бәйтерек ауданы бойынша 14 шаруашылық балық өсірумен айналысады.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша аудандағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 74,5 млрд теңгені құраған. Соңғы 3 жылда ауыл шаруашылығынан 172,5 млрд теңгеге өнім өндірген. Атап айтар болсақ, өсімдік шаруашылығының өндірілген өнімі – 92,6 млрд теңге, мал шаруашылығының өндірген өнімі – 79,9 млрд теңге.
Бәйтерек ауданы бойынша агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инновациялық шешімдерге тоқталатын болсақ, аудан бойынша егін орағына пайдаланылатын «John Deere», «Case», «New Holland» маркалы тракторлардың 77-сі GPS-навигацияларымен қамтылған. Асыл тұқымды жануарларға арналған GPS-трекерлер, сондай-ақ әуе дрондары қолданылады, ауданда 20 шаруа қожалығы электр шопандарын пайдаланады.
Шалғайдағы қостарды электрлендіру және жайылымдарды суландыру үшін шаруа қожалықтар 16 дана күн батарея қондырғысын орнатқан. Сонымен қатар жануарларға арналған автоматтандырылған су ішетін ыдыстарды қойып жатқандар жетерлік. Ауданға қарасты Трекин ауылдық округінде «Ирменов» шаруа қожалығы «Гидропоника» құралдарын сатып алып, бүгінде күніне 2 тонна өнім алып отыр. Алынған өнімін мал азығына қосып, өз малын асырап, артылған 400 келі өнімін сатуға шығаруда.
Жалпы Бәйтерек ауданында ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыс жетерлік. Экономикалық әлеуеті мен мүмкіндігі мол аудан облыс экономикасының дамуына сүбелі үлесін қосуда. Ауыл халқының тұрмыстық жағдайын арттыруда әлі де талай шаруа атқарылатынына сенім мол.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы