8.06.2017, 19:31
Оқылды: 68

«ЭКСПО-2017» көрмесінің кеңсесі ашылды

Kormenin kensesi ashildi    Бүгін Орал қаласында «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі туралы өңір тұрғындарына қызмет көрсету және жан-жақты түсінік беру мақсатында ашылған кеңсе жұмысы таныстырылды.


      -Бүгінгі танысып отырған «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған кеңсе жергілікті әкімдіктің ұйғарымымен ашылған болатын. Бұл кеңсенің ашылуы уақытылы қолға алынған маңызды шешім болып табылады. Кеңсенің жұмысына облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы тікелей жауапты. Осы жерге келген әрбір қала және аудан-ауыл тұрғындары елімізде өтіп жатырған маңызды шара туралы барлық сауалдарға мол мағлұмат ала алады. Мұндағы мамандар Астана қаласына баруға билетті қай жерден, қанша теңгеге алатындығы, барғаннан соң қай қонақ үйге тоқтауға болатындығы, оларда бос орынның болуы, айтулы көрмеге орай өткізілетін мерекелік шаралардың кестелері секілді барлық сауалдарына жауап береді. Тек біздің елімізде ғана емес, ТМД мемлекеттері арасында алғаш рет өткізілгелі отырған «ЭКСПО-2017» көрмесіне барғысы келетіндер үшін бұл кеңсенің маңызы зор,-дейді кеңсенің жұмысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов.

      Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Әнуар Ниетқалиевтің айтуынша, кеңсеге келушілерге Астана қаласына қатынайтын ұшақтар рейстері, поездардың жүру кестесі, билеттер құны, орналасатын пәтері немесе қонақүйлері, көрменің өткізілу кестесі секілді түрлі мәліметтер ұсынылады.

       -Астана қаласына қатынайтын поездар тәулігіне 500-600 жолаушыны қамти алады. Олардың ішінде тек көрмені тамашалауға баратын жолаушылар ғана емес өз жеке жұмысымен де барғысы келетін тұрғындар бар. Жақында ғана іске қосылған, айдың тақ күндері жүретін поездарға маусым айына билеттер сатылуда. Жақын күндері шілде айына да билеттер саттыққа шығарылады. Сонымен қатар күн сайын екі жолаушылар ұшағы Астана қаласына қатынайтын болады.  Бұл ұшақтардағы жолаушылар сыйымдылығы 200 адамды құрайды. Көрмеге қатысушылар өздеріне қажет билеттерді біздің кеңседен алса бірнеше жеңілдіктер қарастырылған. Астанаға барып, сол жақтан билет алған адамдар үшін көрме алаңына жету көптеген қиындықтар тудырады. Оларды апарған көлік кем дегенде бір шақырым жерге тоқтайды. Сол қашықтықты жаяу жүріп келген адам кіреберісте кезекке тұруға мәжбүр. Ал біздің кеңседен алынған билетпен «ЭКСПО-2017» көрмесі алаңының дәл алдына дейін бара аласыздар. Сондықтан көрмені көзімен көргісі келетін жерлестерге Орал қаласы, Есенжанов көшесі 42/4, «Парасат» сауда үйі жанында орналасқан біздің кеңсеге келуге кеңес беремін, -дейді Әнуар Берікұлы.

Нұрбек ОРАЗАЕВ

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале