9.07.2025, 15:00
Оқылды: 145

Ел-жұрты ұмытпайтын азамат

Оралдағы Достық  үйінде қоғам  қайраткері, тарих  ғылымдарының кандидаты Рахметолла Сүйербаевты  еске  алуға арналған «Ер  есімі  –  ел есінде» атты іс-шара өтті. 

WhatsApp Image 2025-07-09 at 15.52.37

Аталмыш басқосуға еңбек ардагерлері Табылғали Сапаров, Абат Есенғалиев, Бәтес Исмағұлова, профессор Тұяқбай Рысбеков қатысты. Сондай-ақ бұл жиында қайраткер тұлғаның көзін көрген азаматтар, қызметтес болған әріптестері мен ұрпақтары, туыстары болды. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов іс-шараны жүргізіп отырды. Медхат Мұсаұлы алғашқы сөз кезегін Рахметолла Хамитұлының туған інісі Роберт Сүйербаевқа ұсынды. Ол іс-шара ұйымдастырушыларына алғыс айтып, ағасы туралы естеліктерін ортаға салды.

Рахметолла Хамитұлы 1938 жылдың 10 қазанында Ресейдің Орынбор облысында дүниеге келген. А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын тәмамдаған. Сонымен қатар ол РФ-ның Свердлов қаласы жоғарғы партия мектебінде және КОКП Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында оқып, тарих ғылымдарының кандитаты атағын қорғады. Еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастап, кейін Отан алдындағы азаматтық борышын өтейді. Содан соң мектеп директорының орынбасары, кейін мектеп директоры болып қызмет атқарған. 1968-1970 жылдары жоғарғы партия мектебінде саяси сауатын жетілдіріп, Приурал аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, ауатком төрағаның орынбасары, кейін аудандық партия комитетінің 2-хатшысы болған. 1984-1988 жылдарда Казталов аудандық партия комитетінің 1-хатшысы қызметін атқарды. Соңынан облыстық партия комитетінің хатшысы, ал 1991 жылы «Казахгазпром» мемлекеттік концерні төрағасының орынбасары болды.

Еңбек ардагері Абат Қадимұлы Сүйербаевты жақсы біліп, араласқан қырық жылға созылған таныстығынан естелік айтты.

– Менің Рахаңмен таныстығым 1983 жылы басталды. Сол жылдарда мен «Бостандық» кеңшарында директор болып қызмет атқардым. Егін орағы қызған шақта обком партиядан бір топ уәкіл келді. Осы топтың арасында Рахметолла Хамитұлы да болды. Олар атқарылып жатқан шаруаны көру мақсатында қызу жұмыс жүріп жатқан егістікке барды. Жолшыбай танысып-білісіп, кейін мұнымыз арқа-жарқа әңгімеге ұласты. Міне, осы таныстықтан соң дос-жолдас болып, арамыздан қыл өтпес сенімді серік болдық. Рахаң араға ұзақ уақыт салмай, Казталов ауданына бірінші хатшы болып келді. Бұл жылдары ауданның хал-ахуалы мүшкіл еді. Өзінің тың бастамаларының нәтижесінде Казталовтың болашағына жол ашты. Елеулі еңбегін ел басындағылар аңғарып, оны облысқа алдыртты. Талай жерде қызметтес болып, үзеңгі қағыстырдық. Рахаң – адамгершілік қасиетінің арқасында көптің алғысына бөленген азамат. Алдына көмек сұрай келген әр тұрғынның өтінішін жерге тастамай, мәселенің оң шешімі болмайынша дамыл таппайтын, – деді еңбек ардагері.

Медхат Мұсаұлы: «Марқұм Рахметолла ағамыз – мемлекеттік қызмет пен ғылымды ұштастыра білген азамат. Осы басқосуда ғылым саласында талай пікірлес, сырлас болған ардагерлер бар», – деп сөз кезегін Тұяқбай Зейітұлына берді.

– Сүйербаевтар әулетінің ұстаздық жалпы еңбек өтілі 350 жылдан асады. Сол себептен де Рахметолла Хамитұлының түпкі сана-сезімінен ұстаздық қызмет ешқашан шықпаушы еді. Рахаң 1984 жылы Казталов ауданында партия комитетін басқарды.

Мемлекеттік қызметте болғанда аталмыш аудан жан-жақты бағытта дамыды. Осы ауданның әлеуметтік жетістіктерге жетуіне, ілгерілеуіне ықпал етті. Атап айтсақ, мәдениет үйі мен мектептер салынып, маңызды нысандар бой көтерді. Рахаңның өңір үшін сіңірген еңбегі орасан болғанымен, оның есімімен аталатын бірде-бір көше жоқ. Көзін көріп, тәлімін алған, абыройлы қызметіне куә болған азамат ретінде есіміне көше берілсе деймін, – деді Тұяқбай Рысбеков. Сондай-ақ осы еске алу шарасында қоғам қайраткері, еңбек ардагері Табылғали Сапаров сөз сөйлеп, талай тағылымды естеліктерін ортаға салды.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале