28.11.2020, 13:54
Оқылды: 178

Елбасының көшбасшылық жолымен

IMG-20201128-WA0004
- Ұлы мақсаттарды өзінің алдына ұлы халық қана қоя алады!

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев

1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Алғашқы бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дауыс берушілердің 98,7% дауысына ие болып, тәуелсіз еліміздің алғашқы Президенті атанған болатын. Сонау 1991 жылдан бері өзінің етек-жеңін жиып, шекарасын қатайтып үлгермеген еліміздің басын құрап, қанатын қатайтқан Елбасының ерең еңбегін елі ұмытпайды, әрдайым жас ұрпаққа ұлықтайды.

2020 жылдың 27 қараша күні ZOOM платформасында Батыс Қазақстан облыстық «Jas Otan» жастар қанатының ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент күніне орай, «Елбасының көшбасшылық жолы» тақырыбында онлайн кездесу өтті. Аталмыш кездесуге «Jas Otan» жастар қанатының аумақтық бөлімшелерінің төрағалары мен өңірдің белсенді жас көшбасшылары қатысты.

Жастардың онлайн кездесуінің алғы сөзін Батыс Қазақстан облыстық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы – Жолдасқалиев Нұрғали бастап, жиынға қатысушы жас көшбасшы мамандарға өзінің құттықтау тілегін арнады. Облыстық штабтың төрағасы – Нұрғали Қаршығаұлы, бүгінгі күні еліміздің басқару тетіктерінде жастардың қарасы артып, үндері естіліп, жұмыстары көрініп жатқандығын тілге тиек етіп, кездесуге қатысушы - «Жас саясаткерлер» мектебінен білім алушы жастарға кеңестерін айтты.

«Еске сала кетсек, Батыс Қазақстан облыстық «Jas Otan» жастар қанаты жанынан 2009 жылдың 14 ақпанынан бері «Жас саясаткерлер» мектебі құрылып, бірнеше жас саясаткерлерді оқытып келеді. Өздерінің көшбасшылық қабілеттерін шыңдау үшін, өңірімізде және елімізде жүргізіліп жатқан жастар саясатының жүзеге асырылу жолында үлестерін қосуы үшін келген жалынды жастардың легі жыл өткен сайын артуда. Мұның өзі – еліміздің басқару тетіктеріне көшбасшылық қабілеттері шыңдалған, тәжірибелі жастардың келуіне түрткі болуда. Сондай толқулар нәтижесінде «Жастардың кадрлық резерві» ұғымы дүниеге келді. Жыл өткен сайын жастар үшін жасалып жатырған мүмкіндік саны артуда. Өз кезегінде еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, 2019 жылды "Жастар жылы" деп жариялай отырып, өз сөзінде: "Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмдеріңізге байланысты. Біз қазір жасап жатқанның бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз үшін, сіздер өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық мәнде жүзеге асыра алуларыңыз үшін жасалып жатыр" деген болатын. Нәтижесінде, бүгінгі жастардың көші өзінің сапалық және сандық құрамын арттырды. Қызық қуып, бос жүрген жастардың бүгінгі имиджі – білім іздеп, еңбек қуып жүрген жастарға ауысты» - деді, Батыс Қазақстан облыстық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы – Нұрғали Қаршығаұлы.

«Жастар» деген ұғымды естігенде Елбасының бірнеше өсиет сөздері еріксіз еске оралады. Бұл туралы аталмыш жастар кездесуінде де айтылды. Жиынға қатысушы волонтер жастар, соңғы 5 жылда еліміздің жасару және жаңару процесінің байқалғанын және Елбасының жастарға арналған нақыл сөздері мен өсиеттерін әрдайым есте ұстап келгендерін жеткізді.

Бүгінгі таңда, ел аумағында, жалпы, әлем сахнасында орын алып жатқан пандемиялық ахуал кезінде, Батыс Қазақстан облыстық «Jas Otan» жастар қанатының ерікті жастары елдің алғысын өздерінің қайырымдылық әрекеттері нәтижесінде ала білді. Бұл туралы облыстық штабтың үйлестіруші маманы өз сөзінде былай деп жалғады:

- Дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын «Ардагерлерді ардақтайық», «Еркін алаң», «Жас көшбасшы», «Мен ерікті» секілді жобалары арқылы бүгінгі қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтардың арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға бірден-бірі себепші бірлестік екендігімізді айта аламын.

Биыл тұғырлы тәуелсіздігімізге - 30 жыл. Осы уақыт аралығында Елбасымыз, жастарға үнемі білімді ұрпақ болу керек екендігін, ғылыммен айналысу арқылы ел болашағын жарқын етуге болатындығын, жаһандық бәсекеге қабілетті ұлт бола алатындығымызды айтып келген болатын. Ол туралы Елбасы өзінің Жастар жылында айтылған алғы сөзінде: «Жас тұрғындардың Сауаттылық индексінде Қазақстан 155 елдің ішінде 15-ші орын алады. Жастардың білім деңгейі бойынша еліміз Швейцария, АҚШ, Норвегия және Финляндияны басып озып, 9-шы орында тұр. Қазақстан «жаңа интеллектуалды держава» бола алады. Еліміздің аса ілгерінді технологиялық және цифрлы болашаққа дайындалуда екенін ескере келгенде, бізге білім саласындағы жетекші үрдістерден қалып қоймау ерекше маңызды. Қазақстан баршаға табыс пен өсіп-өркендеуді қамтамасыз ететін өзінің жастарына қажетті білім мен машықтар беруі тиіс», – деген еді.

IMG-20201128-WA0003

Жасотандық жастардың онлайн кездесуінде білім мен ғылымдағы, инновация мен цифрлы жүйеде жетістікке жетіп жатқан Ақжайық жастары да айтылды. Жастардың өзара еркін диалогтық алаңында өткен кездесуде Елбасының көшбасшылық қағидаттары мен батыл қадамдары, жастарға деп арналып айтылған өсиет-жолдаулары талқыланды. Шараға Jas Otan бірлестігінің қатарына енді қосылып жатқан жас мамандар мен студенттер де қатысты. Қызметтегі тұрақтылық және жан-жақтылық қасиеттері мен көшбасшылық мінез-құлық дағдылары жөнінде жастар арасында талқылаулар болып, сұрақтар қойылды. Бұл орайда, аумақтық штаб жетекшілері жас мамандарға Елбасының еңбек жолындағы жан-жақты қызметтері туралы айтып, өзара сұқбаттар жүргізді. Жалпы, Елбасының қызметтік жолдарына қысқаша тоқталар болсақ: 1960 жылы Днепродзержинск техникалық училищесін, 1967 жылы Қарағанды металлургия комбинатына қарасты жоғары техникалық оқу орынын, 1976 жылы Кеңес Одағы коммунистік партиясы Орталық комитетіне қарасты Жоғары партия мектебін бітірген. Еңбек жолын 1960 жылы Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургия комбинатында қатардағы жұмысшы болып бастап, домна пешінің аға газдаушылығына дейінгі жолдардан өткен. 1973-77 жж. - Қарметкомбинаттың партком хатшысы, 1977-79 жж. - Қарағанды облыстық партия комитетiнiң хатшысы, 1979-84 жж. - Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы, 1984-89 жж. - Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы, 1989-91 жж. - Қазақстан КП ОК бiрiншi хатшысы, 1990 ж. ақпан-сәуір аралығында Қазақ КСР Жоғары Кеңесiнiң төрағасы болды. 1990 ж. сәуірінен - Қазақ КСР президенті болса, 1991 ж. 1 желтоқсан күні - тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтіп, сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басым дауыспен (98,78 %) жеңіске жетті. 1995 ж. 29 сәуір күні жалпыхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігі 2000 ж. дейін ұзартылды. 1999 ж. қаңтардың 10-ы күні өткен жалпыхалықтық сайлаудың нәтижесiнде 79,78 %, 2005 ж. желтоқсанның төртінде сайлаушылардың 91,5 %, 2011 ж. сәуірдің үшінде сайлаушылардың 95,5 %, 2015 ж. сәуірдің жиырма алтысы күні сайлаушылардың 97,7 % дауысын алып, Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланды. Жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасының – дамуы, барлық атрибуттары – ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және биліктің бүкіл тармақтарының өзара әрекет ету жүйесі – бар ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуы Назарбаев есімімен тығыз байланысты. Назарбаев басшылығымен конституциялық құрылыс процесі жүзеге асты, ол 1995 жылдың тамызында еліміздің Негізгі Заңын қабылдаған бүкілхалықтық референдуммен аяқталды. Қазақстанда демократиялық институттарды құру Елбасының аса зор еңбегі болып табылады. Сөз бен баспасөз бостандығы, сайлау және сайлану құқығы, партиялар мен қоғамдық бірлестіктер құру құқығы, дін бостандығы сияқты азаматтық қоғамның мызғымас құндылықтары нақ соның тұсында ғана конституциялық нормаларға айналды. Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен кеңестік өкімшіл-жоспарлы әкімшілік жүйе бұзылғаннан және бірегей халық шаруашылық кешені күйрегеннен кейін алапат дағдарысқа тап болған қазақстандық экономиканы өзгертуге бағытталған аса ауқымды шаралар әзірленіп, іске асырылды. Экономикалық саясатты және демократиялық өзгерістерді ойдағыдай жүзеге асыруға мемлекеттік құрылымның президенттік республика ретіндегі халық таңдаған үлгісі көп септігін тигізді. Түбегейлі экономикалық ырықтандыру мен саяси реформалар белгіленген өзгертулерді пәрменді жүргізуге асыруға көмектесті.

Әлемдік аренада экономист және саясаткер ретіндегі жеке беделі елде қолайлы инвестициялық ахуалдың қалыптасуына, көптеген мемлекеттермен және халықаралық қаржы институттарымен қарқынды экономикалық ынтымақтасуға игі ықпал етті. Республикада ауылды дамытуға, кедейлікпен күресуге, тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған ірі-ірі әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру басталды. Назарбаев индустриалды-инновациялық даму стратегиясын әзірледі, инвестициялық және инновациялық қорлар құрылды. Дүниежүзілік сарапшылар арасында «қазақстандық үлгі» термині пайда болды. Қысқа мерзім ішінде халықаралық ынтымақтастық тұжырымдамасын қалыптастырды. Оның көптеген бастамалары кең халықаралық жаңғырық тапты әрі мойындалды. Мәселен, Семей ядролық полигонын жабу, ядролық держава мәртебесінен бас тарту, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі әрекеттерін тілге тиек етсек болады. Елбасы - ТМД, ОАО, Кеден одағы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ), Еуразия одағы сияқты халықаралық құрылымдарды дүниеге әкелудің бастамашысы. Ол БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында құруды ұсынған Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) іс жүзінде жұмыс істей бастады. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мәдениеттердің, діндердің, өркениеттердің жүйелі сұхбаттасуын жолға қоюға көп көңіл бөледі. Оған 2003, 2006 жылдары Астанада өткен әлемдік діндер көшбасшыларының табысты өткен съездері дәлел бола алады.

Елбасы өзінің жастармен кездесу форумында: "Жастардың бойында әлеуметтік жауапкершілік пен қоршаған ортаны аялау сезімін қалыптастыру негізгі міндет саналады. Әсіресе үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірудің, мейірімділік пен адамгершілік қасиеттерін дарытудың маңызы зор. Кез келген адам жасы ұлғайған шағында жастар тарапынан жанашырлық пен қамқорлық күтетінін ұмытпаған жөн. Еліміздегі жарты миллионға жуық студент жастар үкіметтік емес ұйымдармен бірге мұқтаж жандарға елеулі көмек көрсете алады. Алға қойылған міндеттерді ауқымдандыруда Nur Otan партиясына ерекше міндет жүктеледі. Қолданыстағы жобаларды жүзеге асыруға бақылау орната отырып, партия жастар саясатының драйверіне айналуы тиіс. Қазақстан халқы Ассамблеясынан да жұмысын жастар саясатына екпін түсіре отырып, қайта құру талап етіледі. Біздің басты формуламыз – халық бірлігі мен этносаралық келісім. Ассамблея егемен Қазақстанның құндылықтарын, ұрпақтар сабақтастығын, бірлік пен патриотизмді нығайту ісін ілгерілету бойынша нақты бағдарлама түзуі тиіс. Біздің Отанымыз біреу, Тәуелсіздігіміз – біздің басты байлығымыз, оны әрбір азамат көзінің қарашығындай сақтауы тиіс", - деген болатын.

IMG-20201128-WA0002

Аталмыш онлайн кездесуге қатыcқан волонтер жастарға Елбасының жастар жылында айтқан үндеу сөздері тағы да бір айтылып, насихатталды. «Жастар жылы» форумында Елбасы өз сөзінде:

- Қазір дүние жүзінде жастар туризмін дамытудың өзектілігі артып келеді. Бұл сала олардың өз еліне деген патриоттық сезімдерін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады.

Әлемдік ішкі жалпы өнімдегі туризмнің үлесі – 10 процент. Жастар туризмі халқымыздың бірлігін сақтап, төл мәдениетімізді дамыту мәселелерін қамтиды. Сондай-ақ ішкі өңірлік байланыстарды нығайтуға, халықаралық серіктестікті кеңейтуге септігін тигізеді.

Экологиялық, спорттық-сауықтыру және экстремалды туризм орталықтары болуға лайықты жерлер көп. Осы айтылған бағыттарды дамыту үшін тиісті инфрақұрылымды жетілдіріп, жастардың туристік клубтарын жаңғырту керек.

Білім және ғылым министрлігіне жоғары оқу орындарында волонтерлердің арнайы курстарын ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын, - деді.

Нәтижесінде 2020 жыл - "Еріктілер жылы" болып жарияланып, волонтерлік мектептер бой көтерді.

Сонымен қатар, онлайн кездесу соңында 2021 жылдың 10 қаңтар күні өтетін сайлау науқаны туралы айтылды. Жастардың сайлау жүйесіндегі сауаттылықтарын арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, сайлау үрдісінде жастарды белсенді үлес қосуға шақырды.

«Еске сала кетсек, биыл еліміздің жетекші саяси партиясының ішкі сайлау үрдісінде алғаш рет ұйымдастырылған - праймериз нәтижесінде партиялық тізімдегі жастардың үлесі 19,8 %-ға артқандығын көруге болады. 2020 жылдың 17 қараша күні «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен өткен партияның кезектен тыс ХХ съезінде Мәжілістік тізім бекітілді. Нәтижесінде, Мәжілістің тізімге енген жастардың үлесі бұған дейінгі жасақталған тізімге қарағанда екі есе көп екендігін тағы да байқауға болады. Бұл дегеніміз – Қазақстан Республикасы Парламентінің жасаруы, жастардың сауатты көшіне ілесушілердің артқандығының белгісі деп білемін» - деді облыстың белсенді жасы, облыстық филиал төрағасы – Нұрғали Жолдасқалиев.

Елінің ертеңі, ұлт болашағы – жастар. Еліміздің жастар көші өз кезегінде дұрыс бағдар алып, нақты қадамдар жасап келеді. «Біздің жастарымыздың нарық ахуалын шынайы бағалайтыны, бос кеңістіктерді іздейтіні және мейлінше бәсекеге қабілетті өнім ұсынуға тырысатыны мақтанарлық жайт. Мұндай қадамның ең басты артықшылығы сол, сіздер өз сұраныстарыңызды өздеріңіз анықтайсыздар» - деп ұлт көшбасшысы, Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, біз – жастарға сенеміз!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале