12.10.2023, 9:30
Оқылды: 79

Елдің шетіндегі, желдің өтіндегі ауылдар...

Тәуелсіздіктің арқасында еліміздің шекарасын шегендеп, халықаралық заңдарға сәйкес бекітіп  алдық. Десе де, ел шетіндегі елді мекендердерде өзге мәселенің құлағы қылтиды. Ол – шекараға таяу ауылдардағы тұрғындардың күрт азаюы. Ресейдің бес облысымен шектесетін біздің өңірдің 121 елді мекені шекара маңында орналасқан. Жуырда сол ауылдардың бірнешеуіне барып, жағдайларын көрдік.

Ел шетіндегі ауылда қандай мәселе бар? Бір кездері дүркіреп тұрған ауылдардан ел неге үдере көшті? Енді ол елді мекендер бір кездегідей көркейіп, мектептері балаға тола ма? Шекарадағы ауылдарда қандай жұмыс бар? Жол мен ұялы байланыс, ауыз су мен электр жарығы мәселесі қалай шешілуде? Қаладан шеттегі ауылға көшіп келгендерге қандай жағдай жасалады? Осы және басқа да сауалдардарға мақалада жауап іздеп көреміз.

Шекарадағы ауылдармен танысуды Бәйтерек ауданынан бастадық. Бірінші болып ат басын Чиров ауылдық округіне бұрдық. Балабанов және Чиров атты екі елді мекеннен құралған аталмыш округте 500-ден астам тұрғын тіркелгенімен, округте тұратын нақты халық саны 400-ден сәл асады. Жастардың көбі ауылда тұрғысы келмейді. Студенттер, жоғары сынып оқушылары қалада не болмаса басқа ауылда оқиды.

– Мектепте бар болғаны 16 оқушы бар. Мектеп жасына дейінгі бала саны - 12. Бір кездері бір сыныпта 40 бала оқитын еді, - дейді  округ әкімі Николай Штык.

12db89e8-bb8b-44c7-9f79-f0f237572637

Чиров балалар ойын алаңы

Ауылдағы ағайын өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары көше бастаған. Өйткені ауыл шаруашылығы құлдырап, жұмыссыздық белең алды. Содан кейін жыл сайын мектеп оқушылары азайды. Жастар жағы қалаға ағылды. Ауылда үлкендер мен шаруа қожалықтарында еңбек ететін жандар ғана қалды. Чировта басқа ауылдардағыдай мектеп, әкімдік, клуб және балабақшада ғана жұмыс орны сақталды. Одан бөлек қоғамдық жұмыс істеу және жылыту маусымы басталған шақта оператор болу ұсынылатын. Округ әкімі Николай Штык та Чировта жұмыс табу қиынға соғатынын жасырмады.

Жұмыстың жоқтығынан Чировқа көшіп келем деушілер кідіріп тұр. Ауылбасы ел шетіне келіп тұрамын дегендерге жағдай жасауға дайын. Чировта 4-5 бөлмелі үйлер жетерлік. Кел де, тұра бер. Бірақ 400-ден астам тұрғыны бар ауыл тұрақты жұмыспен әрі кетсе, 40 адамды ғана қамти алады. Әрине, басқа аймақта вахталық әдіспен жұмыс істеуге болады, шаруа қожалықтарында да жұмыс жетеді. Бірақ жастар ауылда еңбек еткісі келмейді.          Бұған қоса мектепте қазақ тілінде оқытатын мұғалімнің жоқтығынан қоныс аударамын дегендер райынан қайтып жатады. Десе де, бұл жерге көшіп келушілер мүлдем жоқ деуге тағы болмайды. Қаладағы үйін тастап, Еркін мен Айнұр Төреғалиевтер Чиров ауылына көшіп келіпті.

– Қалада бір бөлмелі жатақханада тұрдық. Бес баламен аядай бөлмені паналау тарлық етті. Содан аудандық мәслихат депутаты (атын атамауын сұрапты) Чировтан үй алып беретінін айтты. Біз келістік. Ауыл ұнайды. Жолдасым әзірге қалада жұмыс істейді. Мен балаларды қарап, өзіміз еккен бақшаны баптап ауылда қалдым, – дейді Айнұр Төреғалиева (суретте).

d0590f77-d82c-4ab5-9e12-27cefe5a1449

Ерлі-зайыпты Төреғалиев­тердің бес перзентінің алды 7-сыныпта оқиды. Одан ке­йінгісі 4-сынып оқушысы. Қалғандары әлі кішірек. Айнұрдың қаладағы достары да ауылға қоныс аударуға қарсы емес екен. Тек қазақ сыныбының жоқтығы мәселе болып отыр.

– Шыны керек, ауыл тамаша. Азын-шоғын мал ұстап, құс өсіріп, бақша егіп те күн көруге болады. Үйлердің жағдайы да керемет. Тек мектептің жайы қиын болып тұр, - дейді Айнұр.

Иә, расымен де қазақ сыныптарын ашу қиынға соғады. Бірінші мәселе – мұғалімнің жоқтығы, екінші мәселе ашылған сыныптарды толықтыру. Тіпті тағы екі отбасы көшіп келген күннің өзінде толыққанды сынып ашып, мектепті сақтап қалу жағы қиын. Өйткені жоқ дегенде бір сыныпта үш оқушы болуы керек. Дәл осы стандартты шекарадағы ауылдарға қолдану қаншалықты дұрыс? Ел үкіметі осы жайтты біржақты етсе, тамаша болар еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың биыл Түркістан шаһарында өткен алқалы жиынында шекараға жақын елді мекендерді дамыту керек екенін айтқан еді.  Ол өз сөзінде: «Қоғамда жиі айтылып жүрген тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту. Соңғы кезде шекара бойындағы елді мекендерде халық саны азайып бара жатқаны жасырын емес. Мұның өзіндік себептері бар. Бірақ шекара маңын бос қалдыруға болмайды. Бұл ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мәселе. Оны жүйелі түрде шешу қажет. Қомақты қаражат керек болады. Үкіметке мұны жан-жақты қарастырып, шекаралас аймақтарды дамыту жөніндегі ұсыныс енгізуді тапсырамын», - деді.

Чиров сияқты шекарадағы ауылды елсіз қалдырмаудың бір жолы толыққанды сынып ашу үшін жоқ дегенде үш бала болуы керек деген стандартты шекарадағы ауылдарға қолданбаса, Чиров мектебі жабылмас еді. Қалай болғанда да, бұл мәселе өз шешімін күтуде. Округ әкімі де ауылды сақтап, мектепті жоймаудың жайын қарастыруда. Әрине, одан бөлек жол мәселесі де бар. Бірақ биыл басталған жөндеу жұмысы жақын арада аяқталады. Ал қаладан ауылға келіп, мал ұстаймын дегендер болса, оларға жайылым табу жайы Чировта көлденең тұр. Неге десеңіз, ауыл егін егу бағытын ұстанады. Бірақ округ әкімі елге келіп, мал ұстаймын дегеннің мәселесін де шешуге дайын.

Шекара маңында орналасқан барлық ауыл Чировтың күйін кешуде деуге тағы болмайды. Ресей шекарасынан не бары  үш шақырым жерде орналасқан Раздольный ауылының жағдайы жоғарыда сөз болған елді мекеннен әлдеқайда жақсы. 600-ге жуық тұрғыны бар округ әкімі Болат Ерболатовтың айтуынша, ауыл мектебінде 83 бала білім алады екен.

– Биыл 1-сыныпқа бес, мектепалды даярлық тобына 10 бала келді. Қазақ сыныптары да ашылып жатыр. Көшіп келем дегендер де хабарласады, - дейді ауыл әкімі Б. Ерболатов.

Раздольныйда да негізгі жұмыс берушілер – әкімдік, мектеп, «Қазпошта» бөлімшесі, дәрігерлік амбулатория, клуб пен кітапхана. Бірақ Чировтан тағы бір артықшылығы – бұл ауылда Шевчук Владимир Васильевич басқаратын ірі шаруа қожалығы бар. Раздольныйлықтардың көбі сол қожалықта жұмыс істейді.

– Ауыл мектебі қысқартылады деген қорқыныш жоқ. Кейінгі кезде демографиялық өсім байқалмайды. Десе де, ауылдық елді мекенде тұруға ынталыларды Раздольныйға шақырып, мектепті ұстап қалу жайымен мықтап айналысудамыз, - деді жергілікті әкім.

23e74137-dd4e-4c55-834c-5549465181ba

Жөндеуге жабылған Раздольный мектебі

Тағы бір айтып өтетін жайт ауылға тасжол жеткен. Бір кездегідей көктем мен күз мезгілінде облыс орталығымен қатынаушылар жол азабын тартпайды. Көгілдір отын ғасыр басында тартылған. Су құбыры  жүргізіліп жатыр.

– Осы күні ауылішілік жолды жөндеуге қамданудамыз. Оның жобалық-сметалық құ­жаттамасы дайын. Алдағы уақытта ол жұмысты бір жақты етеміз, - дейді Болат Ерболатов.

Жалпы Раздольныйда ешкім қол қусырып, алақан жайып отырған жоқ. Округке қарасты Ақбидай ауылының тұрғындары негізінен мал бордақылаумен айналысса, раздольныйлықтар сүт өнімдерін сатады. Жайылым және мал азығын дайындау мәселесі де шешімін тапқан. Соның арқасы болар, ауылда атаулы әлеуметтік көмек алатын адам жоқ. Былтыр бір отбасы алған екен, биыл олар жұмысқа орналасып, жағдайын барынша реттеп алған.

– Егер ауылға көшіп келемін дейтін болса, Раздольныйдан жұмыс табылады. Шаруа қожалықтарына, тракторшы, комбайншылар қажет, мал өсіріп отырған қожалықтар сауыншы іздейді. Оның үстіне мектеп ғимараты күрделі жөнделуде. Тұрғындарды жөндеу жұмысына тартамыз, - дейді ауыл әкімі.

Чировқа қарағанда Раздольныйдың жағдайы әлдеқайда жақсы. Тек ұялы байланыс жайы Раздольныйда ақсап тұр. Оның нашарлауына ауыл тұрғындарының қосымша күшейткіш алуынан болыпты. Әкімдік осы күні күшейткіштерді алып тастау керектігін түсіндіруде.

Раздольный – жайлы ауыл. Бір кездері ауылдың басты мәселесі болған жол мен су жайы реттелуде. Тұрғындар күшейткіштерді алып тастаса, байланыс мәселесі де шешіледі. Ауыл мектебі де оқушылармен толыққанды қамтылған. Соңғы жылдары қазақ сыныптарының саны да артты. Жұмыс орны да жеткілікті, мал ұстап шағын шаруашылық жүргіземін дегендерге де жол ашық. Бір сөзбен айтқанда, болашағы бар ауыл.

Сұлукөл десе, Сұлукөл!

Ресей шекарасынан 10 шақырым жерде орналасқан Сұлукөл ауылы осыдан 7-8 жыл бұрын жоғарыда сөз болған Чировтың күйін кешетіндей көрінді. Өйткені мектептегі бала саны азайып, тұрғындар да көше бастады. Бір кездері ауылда 220 үй, мыңнан астам тұрғын болған. Жұрт көшіп, ауыл тұрғындары азая бастағаннан бері үйлер саны 100-ге дейін кеміген. Ауыл маңына егін егіп, іс бастаған «Агросервис батыс» ЖШС көптеген жұмыс орындарын ашты.

– Соңғы бір-екі жылда ауыл ажарлана түсті деп сеніммен айта аламыз. Осы жерде егін егіп, шаруасын ширатып отырған «Агросервис батыс» ЖШС-ның басшысы Армат Бисенов барынша қолдау танытып келеді. Мектеп алдына өрнектас төседі. Ауыл балаларына да көмек қолын созады, - дейді ауыл әкімі Жасұлан Қойшыбаев.

байтерек (3)

Сұлукөл ауылындағы мектеп

Шыны керек, бір кездері дүркіреп, соңғы уақыттағы тоқырау салдарынан Сұлукөл ғана емес, өзге де ауылдар қаңырап босай бастағанды. Сол кездегі тұрақсыздық салдарынан тұрғындардың барлығы көшіп кетіп, қаңырап қалған ауыл қанша? Қала іргесіндегі елді мекендер болмаса, алыс ауылдарда үй тұрғызылмағалы 30 жылдан асты. Бірақ Сұлукөлде бір емес, үш жаңа үй бой көтерді. Сылағы түсіп, төбесін жапқан шатырының өңі кеткен ескі үйлерден ерекшеленген, қызыл кірпішпен өрілген үй ескі ауылдың сәнін кіргізіп тұр. Ол үйлерді ауыл меценаты Армат Бисенов тұрғызыпты.

– Шыны керек, осы кезге дейін ауылдағы үйлер бұзылмаса, тұрғызылған жоқ. Жаңа бой көтерген баспаналар қаладағы үйлерден еш кем емес. Осы күні бір үйге серіктестік меңгерушісі кірді. Қалған екі үй басқа жұмысшыларға беріледі, – деді ауыл әкімі.

байтерек (1)

Сұлукөлдегі жаңа үйлер

Ауыл әкімдігі серіктестік жұмысшыларының босаған үйлерін Сұлукөлге көшіп келем деген ниеті бар азаматтарға бермекші.

– Ауылға келіп тұрам деушілерді құшақ жая қарсы алуға дайынбыз. Былтыр ағылшын тілі пәнінің мұғалімі көшіп келді. Биыл ауылға фельдшер келеді. Одан бөлек қаладан бір отбасы келді. Тіпті үй салып, осы жерде тұрақтап қалғысы келетін жандар да хабарласып жатыр, – дейді ауыл әкімі Жасұлан Қойшыбаев.

Ауыл мектебі – тұрғындардың  денін тұрақты жұмыспен қамтып отырған мекемелердің бірі. Сонымен қатар мәдениет үйі, әкімшілік, фельдшерлік пункт және «Агросервис батыс» ЖШС сұлукөлдіктерді тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ауыл сәні кіріп, көш тоқтағанымен, мектептегі оқушы өте аз екені қынжылтады. Кезінде 11 жылдық мектеп болған білім ұясында бүгіндері бар болғаны 42 оқушы оқиды.

байтерек (4)

Табиғаты тамаша, айналасын егістік пен өзен-көл көмкерген ауылда туризмді дамыту ісі де шешімін тапқандай. Осы күні ауыл маңында демалыс орны бой көтерген. Балық шаруашылығын дамытуды да қолға алыпты шаруалар. Жаз басталғалы Сұлукөлдің сұлу табиғатына тамсанып, қала тірлігінен демалғысы келген азаматтарға ауыл маңындағы демалыс орнына ағылады екен. Ол жерге келгендерге демалыс орнының иелері үйшіктен бастап, қармақ тіпті, қайыққа дейін береді. Ауыл туризмін дамыту ісін де «Агросервис батыс» ЖШС қолға алған.

Округ әкімі Жасұлан Қойшыбаевтың айтуынша, аталған серіктестіктің Сұлукөл үшін жасаған жақсылығы көп екен. Серіктестік пен әкімдік бірлесіп арнайы кеңес құрған. Меценат жыл сайын ауыл қажеттілігі үшін 10 миллион теңге бөледі. Ол ақшаның қайда жұмсалатыны арнайы кеңестің отырысында шешіледі. Бөлінген қаржының бір бөлігі жолдың қаржылық-сметалық құжаттамасын жасауға жұмсалса, қалған ақшаға мектепке су кіргізілген. Сондай-ақ ауыл балабақшасына баратын балдырғандардың жарты ақшасы серіктестік бөлген қаржыдан төленеді. Ауыл мектебін жөндеуге қажетті сметалық құжаттама да меценат бөлген ақшаға жасалыпты. Ауылда өтетін азды-көпті мерекелік іс-шараларға да қаржы қарастырылады.

– «Агросервис батыс» ЖШСның ауыл үшін жасаған жақсылығы жетерлік. Биыл олар қайырымдылыққа бөлінетін қаражатты 20 миллионға көбейтті, - деді округ әкімі Жасұлан Қойшыбаев.

Жалпы ауыл тұрғындары «Алма піс, аузыма түс» деуден аулақ. Меценат бар, қажетті жағдайды жасап отыр» деген ойдан да аулақ. Жұмыстан бөлек, бірнеше сиыр ұстап сүт сатумен де айналысады. Осы жұмысты бірізге қойған округ күнде таңмен Дарияннан келетін арнайы сүт тасушыларға өнім сатып табыс табады. Басқа жақтағыдай жайылым тарлығы да жоқ.

Ауылда бір ғана мәселе бар. Ол – жалпы оқушылар құрамының, оның ішінде қазақ сыныптарының аздығы. Былтыр негізгі білім беретін мектепте 37 оқушы болса, биыл бала саны сәл-пәл артқан. 42 оқушы болыпты. Бірінші сыныпқа 6 бала келсе, жалпы қазақ сыныбының саны – 2. Мектепалды даярлық тобында 5 оқушы бар.

– 320 оқушыға шақталған мектепте 42 оқушы білім алып жатқаны жанымызға батады.

Бірақ заман солай болып тұр. Былтыр бір отбасы көшіп келді. Биыл екі отбасы келеді деп күтіп отырмыз. Ауылға көшіп келетіндер көбейіп, 10-11 сыныптарды қайта ашу мүмкін болса, ол жұмысты да атқаруға дайынбыз, - дейді мектеп мұғалімі Лейля Камисьянова.

Өз көзімізбен көргеніміздей Сұлукөл өз­ге ауылдардай емес, көркейіп келеді. Басқа ауылдардың жағдайы да жаман емес. Бірақ  дәл осы жердегідей деуге ауыз бармайды. Қалай болғанда да, шекара шетіне ел қондырып, оларды жұмыспен қамтудың жайы шешілгені жөн. Біз барған үш ауылдың біреуінің халі мүшкіл. Екеуіне сол ауыл-аймақтағы ірі серіктестіктер мен шаруашылықтар аялы қамқорлық танытуда. Ел шетін ел-жұртсыз қалдыруға болмайды. Дегенмен шекарада отырамын дегендерге қандай жағдай, қандай мүмкіндік жасай аламыз? Көкейкесті сұрақ осы...

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале